115 ОТБАСЫҒА АӘК ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

Бүгінгі таңда, мемлекет бірінші кезекте балаларға және көпбалалы отбасыларға көмектесуде. Бұл мақсаттағы кешенді шаралардың үш бағыты бар.
Біріншісі – көпбалалы отбасыларды жеке санатқа шығару және оларға кепілдендірілген жәрдемақы төлеу. Сондықтан көпбалалы отбасылар үшін республикалық бюджет есебінен мемлекеттік жәрдемақы енгізіледі. Бұл мемлекеттік жәрдемақыны төлеу отбасының табысына тәуелді болмайды және барлық көпбалалы, яғни, 4 және одан да көп, кәмелет жасына толмаған баласы бар отбасыларға төленеді. Бұл жәрдемақының мөлшері отбасындағы бала санына байланысты дифференциалды болады және орта есеппен әр балаға шаққанда 10-11 мың теңгені құрайды. Айта кету керек, жаңа төлем көлемі 2018 жылдан бастап тағайындалуы тоқтатылған жәрдемақының мөлшерінен 4-7 есе артық. Бұл көпбалалы отбасыларға қосымша қолдау болары сөзсіз.
Екінші бағыт – аз қамтылған санаттағы азаматтарды қолдау және оларды еңбекке ынталандыру. АӘК аз қамтамасыз етілген отбасыға, бұрынғыдай жан басына шаққандағы орташа табыс пен ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70% арасындағы айырма ретінде төленетін болады. Бұл ретте табысы жоқ отбасылар биылғы мөлшермен бірдей жәрдемақы алады. Бұл жәрдемақыны алудың ең басты шарттарының бірі – отбасының еңбекке қабілетті мүшелері жұмыс істеуі керек және отбасы үшін жауапкершілікті сезінуі тиіс. Біз ол үшін АӘК-ті шартты ақшалай көмек түрінде көрсетеміз және бірінші кезекте аз қамтылған отбасылардағы жұмыссыз азаматтарға бағытталатын «Еңбек» жұмыспен қамту бағдарламасының әлеуетін барынша қолданамыз. Ескере кететін тұс – отбасының еңбекке қабілетті мүшесі ұсынылған жұмыстан бас тартса, АӘК тек сол азаматқа ғана емес, отбасына да төленбейді. Бұдан бөлек, еңбекке қабілетті азаматтарға бос жұмыс орындарына, мемлекеттен субсидия бөлінетін жұмыс орындарына орналасу, өз кәсібін ашу үшін жеңілдікпен микрокредит және қайтарымсыз гранттар алу ұсынылады.
Ал, үшінші бағыт – барлық АӘК алушы отбасылардағы балаларды заттай қолдауды қамтитын кепілдендірілген пакетті ұсыну. Оның ішінде, мектеп жасына дейінгі балалар үшін тамақ, гигиеналық құралдар, білім беру қызметтері, мектеп жасындағы балалар үшін – мектепте ыстық тамақ, мектеп құрал-жабдықтары мен киім-кешектері, жол ақысын өтеу. Сонымен бірге кепілдендірілген пакетте медициналық көмек, оның ішінде стоматологиялық көмек көрсету тағайындалмақ.
2021 жылдан бастап Бурыл ауылдық округі бойынша 87 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Оның ішінде, шартсыз ақшалай көмек 9 отбасыға 43 адамға, шартты ақшалай көмек 78 отбасыға 429 адамға, жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатыса отырып, 13 отбасыға тағайындалды.
Атап айтқанда, Бурыл ауылдық округіне ақылы қоғамдық жұмысқа 8 отбасы, халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы тұрақты жұмыс орнына 3 отбасы (2 бірлік «Бағлан — 2018» ЖШС-і балабақшасына аспазшы, 1 бірлік «Бәйтерек» балабақшасына тәрбиешінің көмекшісі) орналасты. Сондай-ақ, екі отбасы мүшелері, Бурыл ауылдық округі тұрғыны, көпбалалы отбасы Жансая Аязбаева сиыр шаруашылығы, Ақсезім Қуатбекова кіші құс фермасы бойынша қайтарымсыз грантқа қол жеткізді.
Ағымдағы жылдан бастап Көктал ауылы бойынша 28 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Оның ішінде, шартсыз ақшалай көмек 3 отбасыға 8 адам, шартты ақшалай көмек 25 отбасыға 169 адам, жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатыса отырып, 12 отбасыға тағайындалған болатын. Атап айтар болсақ, ақылы қоғамдық жұмысқа 5 отбасы жіберілсе, халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы тұрақты жұмыс орнына орналасқандар 2 отбасыны құрап, ЖК « Шажиров» 2 бірлік жұмысшы ретінде жолданды. Ал, әлеуметтік жұмыс орнымен 5 отбасы қамтылып, «Жібек жолы» шаруа қожалығына 3 бірлік әртүрлі жұмысшы ретінде жолданса, «Береке» шаруа қожалығына 2 бірлік жолдама алды.

 

Әлия САҚҚҰЛОВА,
жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы.