МАЛ БАҚҚАННЫҢ ЫРЫСЫ МОЛ

Бүгінгі күнде «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы арқылы кәсіптің көзін тауып, ісін өрге домалататын еңбекқор кәсіпкерлердің қатары қалың. Үкіметтің елге берген үлесін кәдеге жаратып, еңбектің тәтті дәмін татқан қызылжұлдыздық Бахтияр Сейтов — мал шаруашылығын қолға алған жеке кәсіпкерлердің бірі.
Көп балалы әке Бахтияр Әкімұлы- осыған дейін өзін түрлі салада сынап көрген азамат. Мамандығы қаржыгер болғанымен бірнеше жыл жеке компанияларда жүргізуші болып жұмыс жасай жүріп, өз нәсібін кәсіпкерліктен теруді ойлайды.
– Менің кәсіп бастауыма әкемнің септігі көп тиді. Отбасымызда алғашқы боп әкем «Еңбек» бағдарламасы арқылы төмен пайызды несие алып, мал шаруашылығын дамытуды қолға алған еді. Уақыт өте келе мал басы көбейіп, әкемнің кәсібі өрге басқанын көріп, мен де мемлекет тарапынан берілетін мүмкіндікті тиімді жүзеге асыруды ойладым. Сөйтіп, осы бағдарлама арқылы 4 пайыздық мөлшерлемемен жеңіл несиені өзімнің тұрғын үйімді кепілдікке қойып алдым. Мемлекеттің жәрдемі қолға тиген соң, 3 миллион 200 мың теңгеге 8 бас аналық жылқының әрқайсысын 400 мың теңгеден сатып алып, «Бахтияр» шаруа қожалығын аштым, — дейді кәсіпкер.
Негізі мал шарушылығымен айналысу табыс көзі ретінде өте қолайлы және малдың ішінде жылқы өсіру оңайырақ екені белгілі. Дегенмен жануар болған соң, оның да ауыратын кездері болады. Ондай кезде мал дәрігері келіп жағдайды бақылауда ұстап, қажетті екпесін егіп тұрады екен. Мал ауруларының алдын алу мақсатында қора-қопсыға дезинфекцияландыру шаралары ұдайы жасалынып тұрады екен. Қазір шаруа қожалық басында көлемі 8х20 ш.м. болатын бір қора бар.
Кез келген шаруа қожалығының иесі сияқты Бахтияр Сейтов та малға қысқы азықты тыңғылықты дайындауға тырысады.
– «Қыстың қамын жазда ойла» демекші, мал бағуды қолға алған соң, жем-шөпті ерте көктемнен бастап дайындай бастаймын. Ауылдық округ жанында 1,5 гектар суармалы жерім бар. Сол жерге көпжылдық жоңышқа егіп, қысқы азықты жинаймын. Жемді болса ақшаға сатып аламын. Шаруа қожалығы болған соң, жеке техникаң мен суармалы жерің болу керек. Себебі мал азығы- жемшөптің бағасы да күн санап өсуде. Мәселен, жоңышқаның бір түгінің құны 1200 теңге, — дейді қожалық иесі.
Несиені өтеу шарты бойынша кәсіпкер алғашқы төлемін 6 айдан соң жасайды. Алғашында 65 мың теңге төлеп, кейін әр жарты жыл сайын – 330 — 315 мың теңге аралығында несие бойынша берешекті өтейтін болады. Бұл дегеніміз, кәсіпкер 6 жыл ішінде несие бойынша қарызын толықтай өтеп шығады.
Әзірге жоспар бойынша Бахтияр Сейтов бір адамды жұмыспен қамтып отыр. Жас кәсіпкер келешекте мал басын көбейту арқылы мал бордақылаумен айналысып, етін сатумен айналыспақшы. Бұдан бөлек, төлдеген биелерді сауып, саумал мен қымызды сауда-саттыққа шығарсам дейді.
«Кәсіптің өзін тапқан байлықтың көзін табады» деген қазақ тәмсілі тегін айтылмаса керек-ті. Біздің кейіпкеріміз сол аталы сөздің астарын аңдап, нағыз білекті түргізіп, маңдайды сүрткізіп, еңбектен адал нанын табуда.