БАБАСЫ ЕККЕН ШЫНАРДЫ, БАЛАСЫ САЯЛАЙДЫ
Иә, ағаш егу – әрбір азаматтың парызы. Атам қазақ «Бабасы еккен шынарды, баласы саялайды». Расында да экологиялық ахуалды оңалтудың жалғыз жолы – ағаш егу.
Жыл өткен сайын көктемгі және күзгі көріктендіру, көгалдандыру және тазалықтың екі айлығында «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» ұлағатты сөзін ұстанып, тал-дарақтар егу науқаны қыза түседі.
Міне, бүгінгі Наурыз мерекесі Сарысу ауданында тал отырғызу рәсімінен бастау алды.
Биыл Тәуелсіздігіміздің 30 жылымен тұспа-тұс келіп отырған Наурыз мерекесі Сарысу ауданында да сақтық шараларын ұстана отырып өз жалғасын табуда.
Үш сауаптың бірі-тал отырғызу дегендей Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев бастаған мекеме, ауыл ақсақалдары бірігіп, көшеттер отырғызылды.
Осындай шаралар барлық округ, бөлімдерде жалғасын тапты. Толық егілген тал-дарақ санын іс-шара аяқталған соң жазып, көрсететін боламыз.
1. Жанат Жұмаділдаев – Сарысу аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.
— Санитарлық шараларды ұстана отырып, үлкен мейрамды қызықтап жатқан жәйіміз бар. Еліміздің, халықтардың достығы бірлігі арта берсін! Дендеріміз сау болсын! Еліміз аман болсын!
2. Омаровтар отбасы
— Бүгінгі тамаша Қазақ елінің көктем мейрамы, Наурыз құтты болсын! Көкпен жерге тіршілік бітетін мереке, төрт түліктің төлдейтін мезгілі барша алаш елін құттықтаймыз!
3. Мөлдір Ербол – көпбалалы ана
— Бүгін ұлыстың ұлы күні! Күн мен түннің теңескен, адам аузы ағарғанға мал тұяғы көкке тиген наурыз мейрамы. Бүл күні мал төлдеп, жер көктеп, дүние жаңара бастаған шақ. Қыстан қысылып шыққан жұрт, барша өкпе ренішін ұмытып, кінәсін кешіп, бір-біріне тек жақсылық тілеседі.
Көңілдің жаңаруы деген осы болса керек. Бұл күні наурыз көжемен қатар мал сойылып, қазан төңкеріледі.
Әрине наурыз мерекесін биыл жылдағыдай тойлай алмаймыз. Десек те бала-шағамызбен тал егіп, індеттің алдын алу мақсатында шараларға құлақ асудамыз.
4. Айбарша Қызыр – кәсіпкер
— Бүгінгі Наурыз мерекесі құтты болсын! Еліміз тыныш болсын! Әрқайсымыз наурыз көже беріп, бауырсағымызбен үйді-үйлерге апарып беріп, таратып жатырмыз! Ағымыз мол болсын! Еліміз тыныш болсын! Нәсібеміз мол болғай.
5. Талғат Түсіпбеков-депутат
— Мына ұлыстың ұлы күні өрлей берейік. Халқым елім аман болсын! Жасөспірімдер, жас жеткіншекетер үлкен азамат болып, білім алып, саналы сапалы жағынан көріне берсін! Қазағымның, халқымның ырысы мол болсын! Ауыз бірлігі бір болсын! Тек тыныштық болсын!
Бүгінде әз Наурыз барша Қазақ жұртының сүйікті мерекесіне айналды. Еңбектеген баладан еңкиген кәріге дейін Ұлыстың ұлылығын дархан халқымыздың гүлдене беруін айтып, жаңарумен жанданудың ән бесігін тербеген наурыз мейрамын көңілді күйде қарсы алып жатыр.
• Адам ауасыз өмір сүре алмайтын болса, ауаны жасайтын, тазалайтын, сүзгіден өткізетін, яғни ауадағы газдарды, түрлі газдарды өзіне тартып, орнына оттегі бөлетін ағаш. Адамзат өз тарихында осы күнге дейін әлі ағаштан артық ауаны тазартатын бірде-бір қондырғы ойлап таба алмапты.
Адамға ұрпақ өсіріп, үй салумен бірге, ағаш отырғызу – парыз. Ағаш отырғызу – сауапты іс. Сондықтан, көп шығынды қажет етпейтін тал-дарақтар егу шарасына аудан тұрғындарын біркісідей атсалысуға шақырамыз.
Дариха Үмбетиярова, Сарысу ауданы