Кесарь тілігі кесір боп жүрмесін
Кесарь тілігі – жүкті әйелдің айы-күні жетіп, өздігінен босана алмаса немесе өміріне қауіп төнгенде баланы хирургиялық ота арқылы іштен жарып алатын әдіс. Бірақ сол әдіс бүгінде оңды-солды қолданылып кеткен жоқ па? Ана мен баланың өмірін сақтап қалатын әдіс ананы алдағы ана болар қабілетінен айыруға жасаған бір қадам болып жүрмей ме? Табиғи жолмен босанудан гөрі он есе қауіпті саналатын осы әдістің қайтсек алдын аламыз?
Бүгінде алғашқы жүктілігінің өзінде пышаққа ілінетін бойжеткендеріміздің қарасы қалыңдай түскен. Бірінші отадан кейін табиғи жолмен босану да сирек кездеседі-міс. Осындай сан сауалдың жауабын алу мақсатында №1 облыстық перинаталдық орталықтың бас дәрігерінің орынбасары Ақмарал Елмұрзаевамен сөйлескен едік.
Өткен жылы елімізде 400 мыңдай бала өмірге келсе, соның 75 мыңнан астамы – Оңтүстіктің топырағында туған. Яғни, Оңтүстік бала туу көрсеткіші бойынша басқа облыстардан көш ілгері. Алайда, статистикалық мәліметтерге сенсек, әлемде ең көп жасалатын кесарь тілігінің біздің елге де бет бұрғанына біраз болыпты, бұрып қана қойған жоқ, жыл санап үдеп барады. Естеріңізде болса, өткен жылы 80 жылдығын атап өткен бұл орталық күні бүгінге дейін 300 мыңнан астам сәбиді өмірге әкелген. Аталмыш орталықта облысқа қарасты 12 ауданнан келген өздігінен босануы қауіпті және ауыр жағдайда босанған әйелдер, сондай-ақ аз салмақпен туылған нәрестелер ем қабылдайды. Үшінші деңгейдегі мекемеге жататындықтан мұндағы жүкті әйелдердің 22-24 пайызы ота жасау арқылы босанады екен.
Санэпидқадағалау саласының маманы Нұрлан Сәдір өзінің блогында: «Мен халықты кесарь тілігінен бас тартуға шақырып отырғаным жоқ. Ғасырлар бойы жасалып келе жатқан бұл тәсілдің, кейбір жағдайларда (!), ана мен баланың өмірі мен саулығы үшін жасалуы міндетті бірден-бір амал екендігіне мүлде күмән келтірмеймін. Тек маған кесар тілігі арқылы босанып жатқандардың, солай босануға тиістердің қатары жылдан-жылға қарқындап артып бара жатқандай болып көрінеді де тұрады. «Жоқ, олай емес, бұлай!» деген көрсеткіштермен көзімді шұқып тұрып дәлелдесе – қуанбасам, ренжімес едім»,-дейді. Шынында да солай сияқты, бүгінгі мақаланы жазуымызға танысымыздың перзентханада бір күнде он жеті әйелдің кесарь тілігімен туғанын айтқаны түрткі болған еді. Шынында да, айналамызға анықтап қарасақ, соңғы жылдары балалы болғандардың біразы отаны айналып өтпепті. Сұрастырсақ, бірі ауруы барын айтқанын, енді бірі «өлесің» деген соң амалсыз келіскенін баяндады. Әрине, ешкім де өз-өзін пышақтың астына тастамайтыны айдан анық қой.
«Сендер адамды бас салып тіле бересіңдер деген сөзді біз де жиі естиміз, – деп бастады сөзін Ақмарал Тасмырзақызы. – Бірақ ешқандай акушер-гинекологтың операция жасауға қолы қышып тұрған жоқ. Былайша әйел сап-сау сияқты жүре беруі мүмкін, ал ол екіқабат болғанда ісік пайда болады, қан қысымы көтеріледі. Бірақ біз солардың өзін туғызып алуға әрекет жасаймыз. Өйткені, ол өзі туатын болса дәрігерлерге де жеңіл», – деді. Оның айтуынша, кесарь тілігінің қажеттілігі әйел жатырының тарлығы, бала салмағының ірілігі мен жолдастың төмен орналасауы, жамбас қуысының анатомиялық тарлығы, не болмаса тар жамбас қуысының 1-2 дәрежесі, толғақтың әлсіздігі, іштегі нәрестенің тұншығуы сынды себептерге байланысты туындайды. «Қазіргі таңда, керісінше бала туу кезіндегі кесарь тілігі кеміп келеді. Өйткені бұрындары жатырда бір тыртық болатын болса да, баланы отамен туғызатынбыз. Қазір оларды табиғи жолмен босандыруға мүмкіндік туды. Одан соң бұрын суы кетіп қалғандарға да операция жасайтын едік. Қазір оларды бір күн күтіп, табиғи жолмен тудырып жатырмыз», – деді.
Шындығына келгенде, бала туып жүрген аналардың дені кесарь тілігінің кесірінен көп балалы ана бола алмайтындарын бес саусақтай біледі. Өйткені тәуекелге бел буу оңай емес. Сондай-ақ табиғи жолмен босанғаннан гөрі бұл анағұрлым қауіпті. Тыртықтың жазылуына да ұзақ жылдар керек. Десек те, мұның да өзіндік тиімді тұстары бар. Алдымен баланың бассүйегі ешбір деформацияға түспейді, жамбас сүйегі тар әйелдер мен гемморройдан зардап шегіп жүргендердің ажалына осы кесарь тілігі арқылы араша болуы бек мүмкін. Сондықтан дәрігерлер әйелдерге жүктілікке алты ай бұрын қамдануға кеңес береді. Сондай-ақ, жүктілік кезінде дұрыс тамақтанып, түрлі стресстерден аулақ болып, қан аздыққа жол бермеу қажет. Тоғыз ай көтерген балаңызды соңғы уақытқа дейін күтіп, толғақпен босанған әлдеқайда тиімдірегін де ескертеді. Ал кесарь тілігі арқылы өмірге бала әкелген аналар тыртығы толық жазылмайынша, яғни 3 жылдай уақыт күтінуі тиіс. Өйткені ол осылайша келесі сәбиін өз күшімен босана алуы мүмкін.
Кесар тілігінің тәсілдері екі түрге бөлінеді: интраперитониалды және экстраперитониалды. Қазір дүниежүзі бойынша интраперитониалды түрі (жатырдың төменгі бөлігін көлденең тілу) жиі қолданылады. Бұл операция 4 сатыдан тұрады. Алдымен құрсақ терісін кеседі. Теріні кесудің екі түрі бар: кіндік пен шат арасын тік кесу және шаттан 3 см жоғарғы көлденең кесу. Бір сөзбен сипаттассақ, қиын! Оңай емес! Кімді жазғырамыз? Өз-өзін күтіп, ана болуға алдын ала дайындық жасамаған әйел баласын ба, жоқ әлде ел-жұрт «қит етсе кесуге даяр тұрады» деп баға берген ақ халатты абзал жандарды ма? Біз не десек те, таяқтың екі ұшы болатыны әмбеге аян.
Мақпал ТӨРЕБЕК