ҚАНДАСТАРДЫ ЕЛГЕ КӨПТЕП ӘКЕЛУ, СОЛТҮСТІК ПЕН ШЫҒЫСЫҢА БІР-БІР ҚОРҒАН ТҰРҒЫЗҒАНМЕН ПАРА – ПАР БИЛІК!

https://web.facebook.com/story.php?story_fbid=2873238606234220&id=100006443259028&_rdc=1&_rdr

Депутат Қазыбек Иса Мәжіліс төрінен көші-қон мәселесін көтергенін көргенде қуаныштан көзіме жас келді. Дәл бүгінгідей қысылтаяң шақтарда, анталаған дұшпан жан-жақтан қыспаққа алғанда жалпиған даланың, аңқиған баланың халін ойламағаннан безіну керек. Елге берген антына адалдық танытқан Қазыбек бауырыма ризашылығым шексіз осы тұрғыда!
Сосын ана министрлікке бір, мына министрлікке бір жәутеңдетпей, көші-қон агентствасын құру керек деген ойын қос қолдап қолдаймын!.
Себебі бұл тақырып бізге етене таныс. Бір заманда бізде жабылып жазғанбыз. Өйткені 2013 жылдың желтоқсан айының 10-ы күні көпшілік талқысына түскен және әлеуметтің қатты наразылығына ұшыраған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек көші-қоны мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға мемлекет басшысы қол қойды. Бұл онсыз да қаңтарылып тұрған қазақ көшінің бұйдасы кері бұрылды дегенді білдіретін еді. Сонымен бұл кез, 22 жылға жалғасқан қазақ көшінің басынан бағы тайған тұс. Ел сенім артқан қос палаталы Парламенттің төрінде отырған халық қалаулылары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек көші-қоны мәселелері
бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына көп уақыт жібермей, талас-тартыс тудырмай, (бірді — екілі азаматтардың сөзін кім тыңдасын) «айдарынан» сипап, Елбасының алдына жіберуінің өзі ашудың түйінін тарқатқан еді.

1984673560

1864193206_compressed

«Қазақстан-ZAMAN» газетінде (№1 (972) 9 Қаңтар 2014) Елбасы, Тұңғыш Президент атына жазған «Заң жүзеге асса, 5 миллион қазақтан тірідей айырыламыз» атты ашық хатым әлеуметтік желіні кезіп жүр. Одан апта өткенде (2014 жылдың 15 қаңтар күні «Қазақстан заман» газетінде) «Ұлы көштің тоқтауы — кешірілмейтін қылмыс!» атты мақалам жарық көрді. Сол мақалада іштегі шемен шерді шығарып, тым болмаса бір депутат селт етпеді — ау деп өкінішімізді де білдіргенмін. Соның бәрі ойға оралып отыр.

Құдайға шүкір, мақаланы алыс-жақындағы ағайын қолдап кетті. Содан көп өтпей редакцияға ой мен қырдан хаттар ағылсын! Мақаланы қолдаған жұрттың қарасы көп еді. Марқұм ҚР Журналистер одағының мүшесі Бағдал Ақынұлы жазған «Көш тоқтамасыншы, қадірлі Нұрсұлтан балам!» — атты мақалада («Қазақстан ZAMAN» №3 (974) 23 қаңтар)

1984673560,

-1839001191

тоқсаннан асқан бір топ қарттарымызбен бірге жүздеген бауырларымыз ыстық сәлемі мен өтінішін жолдаған — тұғын.
Сәл кейін 6 ақпан күні ғаламтордағы оқырмандар пікірлерін топтастырып, әзірлеген марқұм Бағдал Ақынұлының («Қазақстан ZAMAN» №5 (976)

-1839001191 (3)

6 ақпан) күні «Көшті тоқтатпаңыз, жалғастырыңыз, Нұрсұлтан аға!» деген мақаласы тағы оқырманға жол тартты. Әттең, әттең…
Міне, бүгін депутат Қазыбек Иса қатарынан қара үзіп шықты. Барлық депутат жамырап қостай ма деп едім, ол үмітім ақталар емес. Олай болса ел болып, халық болып Қазыбекті демейтін кез келді. Алла Тағала жолын оңғарсын, атқа қонған азаматтың.
Қазақ қайтсе көбейеді? Бұл елім деген, жерім деген әр қазақтың асқақ арманы болып тұр ғой. Екі қолды аңырап жайғанмен жерден де, көктен де қазаққа көмек келмесі анық. Қазаққа көмек – ұлтым деген биліктегі азаматтардың ниеті мен пиғылына қарай берілмек. Өйткені олар иен байлықтың қазіргі қожайындары. Сол үшін де ар алдында да, Алла алдында да жауапты…
Жер көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орында тұрған далиған даламызбен мақтануға дайынбыз. Аңғал қазақ бөркін аспанға атқанымен, жерім бай, елім соған сай дей ала ма? Әй, қайдам.
Қойнаудағы байлықтың есебі белгісіз! Оралып та жатыр, тоналып та жатыр. Алып қашып жатыр, ерсіл-қарсыл шашып та жатыр. Тух, түгесілмейтін неткен байлық! Кешегі кеңестік билік 70 жыл бойы сүліктей сорғаны аздай, шетелдік алып инвесторлар да аяп жатқан жоқ. Қазақтың өзіндей – көнбіс кермиық далаға қарасаң көзің талады. Сұлық жатыр. Сұрланып жатыр. «Алтай мен Атыраудың арасындағы Ұланғайыр алқап, Көшпенді Қазақ жұртының бағзыдан бергі ірге тапкен ата қонысы. Ұланғайыр атырап, Ертіс пен Еділдің, Арқа мен Алатаудың арасы Қазақтың алтын бесік ата жұрты. Агәрәки, кім де кім осынау қасиетті Жерісізге көз алартып, шырқымызды бұзар болса, Өз қанына өзін тұншықтырарымызда біліп қойған абзал. Төсекте басымыз қосылмаса да төскейде малымыз қосылған, Қай көршімізге де айтарымыз осы. Дос болғанға құшағы ашық туыспыз, қас қылғанға, қиып түсер қылышпыз!» депті ғой Абылай хан бабамыз.
Бірақ бүгінгі ұрпағы аманатқа қаншалықты адал, қаншалықты әділ! Жер түгілі, тәуелсіздігімізге қауіп төндіріп тұрғандар қаншама. Бос жатқан жер жау шақырады депті бабалар. Ол да айна қатесіз келіп тұр. Қазақтың даласына көзін алартып, сұқтанып отырғандардың көксегені не?
Күні кеше халық саны 19 миллионға жетті деп кеудеміз көріктей болды. Бейресми деректерге жүгінсек, мұның 80 пайызы жергілікті ұлт. Демек 15200000 мыңы қазақ. Бұл әлем бойынша 64 – ші орын.
Ал шетелдегі қазақтардың нақты есебін кім біледі?
Мына қызықты қараңыз, шетелдердегі қазақтардың санын 2014 жылы Түркия үкіметі жариялапты. Ол есепке сүйенсек, бұдан 7 жыл бұрын жер бетінде Қазақстаннан тыс жерде 6 321 564 қазақ бар екен. Демек, қазіргі есеп бойынша жер жүзіндегі қазақтардың санын 20 миллионнан асып, 30 миллионға жетіп қалғаны байқалады. Алайда, ресми дерекпен шынайы дерек сай келе бермейді. Оған себеп те жоқ емес. Шын мәнінде әлемде қанша қазақ барын ешкім білмейді. Кеңес өкіметі құрылар кезде қаншама бауырымыз қуғынға ұшырап шекара асып кетті. ХХ ғасырдың басына дейін Қазақ жері болып келген біраз аймағымыз көршілес мемлекеттерге өтіп кетті. Мәселен, Ресейге алғашқы астанамыз болған Орынбор, Өзбекстанға Ташкент, ал, Қытайға бүтін бір Шығыс Түркістанның көлемді бөлігі берілді. Ол жерлерде өмір сүріп жатқан қазақтар байырғы атамекендерінде қалды. Сондықтан осындай тұтас алып аймақтардың байырғы халқының саны бұдан әлдеқайда көп болуы әбден мүмкін. Мысалы, Өзбекстанда төлқұжаты бойынша өзбек болып жүрген қандастарымыздың да бар екені белгілі. Осындай жағдайлар Қытай, Моңғолия, Қырғызстан секілді қазақтар көп шоғырланған аймақтарда да болмауына кім кепіл. Оның үстіне Түркия жүргізген есепте Қырғызстандағы қазақтар көрсетілмеген. Қырғызстандағы қазақтардың саны 2004 жылғы есеп бойынша 65 мың шамасында делінеді. Бейресми мәліметтерге сүйенсек, қазір әлемдегі қазақтардың саны 50 миллионға жуық көрінеді. Бәлкім өтірік, бәлкім шын!
Тағы айтамыз, жауға кеткен, дауға кеткен жерлерді қоспағанның өзінде ұлан-ғайыр даламыз бар. Оған да шүкір дейік. Бізден саны басым қаншама ұлттар бір тұтам жерге зәру болып жүр.
Олай болса қазақ даласының төскейі малға, қырқасы жанға қашан толады? «Көп қорқытып, терең батыратын заманда» тіршілік кешіп жатқанымызды неге ұмытып кете береміз?

 

 

ҰЛЫ КӨШ – ҰЛТТЫҚ РУХТЫ БІР КӨТЕРІП ТАСТАП ЕДІ-АУ!

Қазақ көші неге тоқырап қалды? Ол жайлы мақаланың басында айттық. Қазақтың шеттен ағылып келуінен кімдер қорқады? Бұған да жауап дайын: тілін сатқан, дінін жаққан намыссыз қазақтар ғана. Олардың түрі қазақ болғанымен іші мазақ пен азапқа толы. Оларға екі дүние бірдей. Қарны тоқ болса уайымдары да жоқ.
Көші — қонды біз жазғалы да талай көктем, талай қыс қарасын батырыпты. 2014 жылдың 15 қаңтар күні «Абай» кз порталы менің «Ұлы көштің тоқтауы — кешірілмейтін қылмыс!» атты мақаламды көшіріп басты. Онда көтерілген мәселелер әлі күнге өзекті. Сілтемесі: https://abai.kz/post/18530
Дәл сол уақытта осы мақаланы шетелдегі сайттар мен парталдардың егесі болған қандастар да қолдап, дүркін-дүркін жарыққа шығарып жатты.
Шыны керек, тарыдай шашылған қазақ көшінің мән мазмұнын, (Аллаға тәуба дейік), Тәуелсіздік алғаннан кейін біліп, оқып, санаға тоқи бастадық.
Соның көбі тарихи романдар… Қабдеш Жұмәділовтің екі томдық «Соңғы көш» романы алдыңғы лекте тұр. Содан «Тағдыр» романы. Бұлар — оқырмандарынан лайықты бағасын алған шығармалар.
Тарихта қаншама көш болды….Жазушы Жәди Шәкенұлы оқырман қауымға «Қытайдағы қазақтар», «Оспан батыр» секілді көлемді шығармаларымен таныс. Ал «Қаралы көш» романының жөні бір басқа – бір ғана адам, бір ғана ауыл емес, басы Қытайдың Баркөл аймағынан бастау алып, одан Гансу-Чинхай өлкелері арқылы Тибет пен Гималайды басып Үндістан, Пәкістанға барған, кейін Кіші Азия, одан Еуропаға жеткен қандастарымыздың тарихынан хабар беретін шынайы дерек. Бүгінде әлемнің қырықтан астам елінде қазақ мекендейтін болса, бүгінгі роман кейіпкерлері аталған мемлекеттердің жартысынан астамында тұрады екен. Бұл еңбекті қазақ тарихына, соның ішінде Қазақ диаспорологиясы саласына келіп қосылған тың деректік туындалардың қатарына жатқызуға болады. Бұған дейін Алтайдан Түрік еліне, одан Еуропаға дейінгі оң мың шақырымды құраған әлемдегі ең ұзақ көш туралы жазылған Халифа Алтайдың «Алтайдан ауған ел», Хасан Оралтайдың «Елімайлап өткен өмір» тарихи шығармалары осы «Қаралы көш» романымен толығып отыр. Тіпті, «Елімайлап өткен өмір» бұдан ертеректе (Стамбұлда 1999, Алматыда 2005 жылы) жарыққа шықса да, оны «Қаралы көштің» жалғасы деуге де болады. Хасан Оралтайдың әкесі Қалибек Хакім Райымбекұлы бастаған көш «Қаралы көштегі» Үндістан мен Пәкістанда отырған көшке он жылдан кейін барып, 1953 жылы ғана тұтас ел жарылып Түркияға жол тартады. Айта берсек, көш туралы жазылған шығармалар көз жасыңды парлатып, шыбын жаныңды шырқыратып жібереді. Жолай қырылған қазақ, шекарада атылған қазақ, ойда да, қырда да сүйегі шашылған қазақ. Олар ата-бабасының жерінен қашқанда, кеңестік озбыр саясаттың ызғарынан сескеніп, ұрпағымды аман сақтап қалайын, бұл алапат күнде басылар, маңайға шуақ шашырар деген ойда болғандары анық. Біздің бүгінгі билік, ұлы көшті тоқтатуға ерік берген лауазымды тұлғалар өткеннен сабақ алып, бүгінгі сары даланың қазақтарсыз, күңіреніп, боздап тұратынын естерінен шығармаса дегім келеді. Өйткені, бұл дала олардың да ата қонысы! Ұлы отаны!
Тәуелсіздікке қолымыз жете сала айдай әлемге жар салып, өз қандастарын туған отанына шақырған төрт мемлекеттің (Израиль, Германия, Ресей) бірі Қазақия болатын. Егемендік алып, тәй-тәй басқан баладай сүріне құлап жатса да, тұсауы жаңа кесілген еліміздің ол кездегі арманы да асқақ болатын. Бауырмал еді, намысшыл еді, ақкөңіл еді, жомарт еді… Ашқұрсақ жүрсе де жігері мұқалмаған берік еді… Алайда, әбден отарланған, тілі-мен ділі талауға түскен халықтың жүрегінде қаяу да бар еді. Далиған даласының ой-шұқыры мен өзен-көліне дейін мұңдылау көрінетін. Себебі шөптің шүйгінін, судың мөлдірін ішетін таза қанды жылқының мекеніне доңыздың тұмсығы тиіп, кез келген ит сарп кетуден тайынбайтын… Әбден езілген ұлттық рух, еңсесін әрең көтеріп келе жатқан-тұғын. Алла тағала сол кезде тарих сахнасына Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлын алып шыққан болатын. Осындай кездері бөрікті көкке атып қуанып тұрып та, тәуелсіздіктің ғұмырының қаншалықты ұзақ болатынына күдікпен қарағандар өте көп-тін. Жергілікті халық саны да 30 пайызға әрең жетіп, күздің суық желіне бүрсеңдеп зар қаққан қурайдай қалт-құлт етіп қоятын. Болашағымыз бұлыңғыр еді. Ертеңге деген сенім әлсіз еді… Керек десеңіз, қазақ даласына арып-ашып келіп, бүйірлері шыққандардың өзі, азат елдің ертеңіне сенбей үдіре көшіп жатқан. Сол кезде кім еді құлазыған далаға сән берген? Кім еді қиналған да қолтықтан демеген? Кім еді туған жерім деп еңіреп жеткен? Олар — алыстағы қандас бауырлар еді ғой. Соны неге ұмытамыз?! «Аштықта жеген құйқаның дәмі таңдай да қалмайтын ба еді». Осы кезеңде, тағдыр тәлкегімен тарыдай шашылған халықтың басындағы тұманды арылтып, тәуелсіздік таңының қайта атқанына шаттанған, алыста жатқан ағайынның қуанышы да ерекше болып еді-ау. Бауырларының сол қуанышына қанат бітірген ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Алыстағы ағайындарға ақ тілек» атты әйгілі хаты да осы тұста жарияланған болатын. Сол хаттан үзінді келтіре кеткенді жөн көріп отырмын. «Алыстағы ағайындарға ақ тілек! Қымбатты отандастар! Қандас бауырлар! Ағайындар! Халқымыздың тұрмыс-тіршілігіне, еліміздің ішкі, сыртқы саясатына ұлы өзгерістер алып келген, барлығымыз үшін үлкен сын болған 1991 қой жылы тарихта қалып, үміт пен күдігі мол жаңа – 1992 жыл келді. Тағдыр тәлкегіне ұшырап, жер бетіне тарыдай шашырап кеткен отандастар, қандас бауырлар, Сіздерді Жаңа жылдарыңызбен шын жүректен құттықтай отырып, әрқайсыңыздың отбастарыңызға мол бақыт, қуаныш тілеймін!Қымбатты отандастар! Ежелгі атамекенінен жырақтап қалған Сіздерді кешегі күнге дейін ата-баба жеріне қайтып келе аламыз ба деген сұрақтың алаңдатып келгенін мен жақсы білемін. «Туған жердің түтіні де ыстық» дейді халқымыз. Қандас бауырларымызды байырғы ата қонысына тарту мақсатында адам правосы туралы еларалық ережелерді басшылыққа ала отырып, Қазақстан Үкіметі «Басқа республикалардан және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақстанда қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» арнайы қаулы қабылдады. Сондықтан ата-мекенге келемін деуші ағайындарға жол ашық. Ата-баба әруағы алдарыңыздан жарылқасын!» деген ақ тілекпен басталған тарихи хаты, ағайын көшінің ағылуына алтын бұйда болды.

 

ЕЛБАСЫҒА ДАТ АЙТҚАН ЕДІК…

Онсыз да делебесі қозып, дегбірі қашқан халық тайлы-таяғымен атажұртқа ат басын бұрды. Ол да бір дәурен екен-ау. Осылай ағынан жарылып шетелдегі қандас бауырларын отанына шақырған елбасы ұлты үшін көп жұмыстар жасады. Оны келешек ұрпақ мақтана айтары һақ.
Енді келіп, етек-жеңімізді жиып, ел еңсесі тіктеле бастағанда, сырттағы бауырларымыздың туған жерге жетуі мұң болғалы тұр. Ұлы көш бастағалы олар не көрмеді? Оларға қарата айтылмаған ғайбат сөз аз ба еді? Бауырға басудың орнына дауылдың өтіне қалдырған кезіміздің болғанын несіне жасырамыз? Қаншама жылдан бері президентімізге өсек-аяңды қарша боратқан мысық тілеулі ағайындар ақыры армандарына жетіп отыр. Экономикасы қарыштап дамыған Қазақияның Ұлы көшті қақ ортада шөгеріп тастауына не себеп болғаны жалпы жұртқа әлі күнге түсініксіз. «Бұдан да жаманында тойға барған» қазаққа, бүгінгі толысқан, жарасқан, келіскен қалпындағы биліктің өрескел қылығы тосын, әрі жат. Үрім-бұтағымен қосқанда миллионнан аса қандасымыз Отан-анасының ыстық құшағына оралып, еліміздің демографиялық өсімі мен рухани кеңістігін толтыруға да айрықша үлес қосты. Мұны ерекше айтуға тиіспіз! Бар қазақ бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, әлемге әйгілі ел болдық.
Ашып та, ашық та айтайын: Көштің тоқтағаны белгілі дәрежеде Қазақтың өсімін тоқтату; Көштің тоқтаған — ашық түрде қазақ тілінің өркендеуін тоқтату; Көштің тоқтағаны — Қазақ еліндегі шағын бизнесті дамытуды тоқтату; Көшті тоқтату — Қазақ руханиятын тоқтату; Көшті тоқтату — Қазақтың менталитетінің бетіне түкірумен бірдей дүние!

Сонау жылдары «Қазақстан-ZAMAN» газетінің 2014 жылғы 9 қаңтарында Елбасы, Тұңғыш Президент атына жазған «Заң жүзеге асса, 5 миллион қазақтан тірідей айырыламыз» атты ашық хатым әлеуметтік желіні кезіп жүр. https://gu-gu.kz/21273-dat-taksyr-zan-zhuzege-assa-5-mln-kazakt/
http://www.elarna.ne t/m/koru_kk.php?tur=8&id=631600
https://vk.com/wall-26449296_6398
Ашық хаттың толық нұсқасын осы сайттардан оқып алуларыңызға әбден болады.
«Дат, тақсыр!
Қадірлі Нұрсұлтан аға!
Заң жүзеге асса,
5 млн. қазақтан тірідей айырыламыз
Бұл менің ғана емес, сырттағы, іштегі «әрбір қазақ — жалғызым» деп ұғынатын миллиондаған бауырларымыздың күдігі мен күйігі. «Құдай бетін әрмен қылсын!» — деп жақсылыққа жорығанмен, бұл — ақиқат. Ел анасы ретінде басымды иіп, райыңыздан қайтып, оралмандарға төрт жыл кешіктіріліп азаматтық берілетін заң жобасын қайта қарауыңызды өтінемін» деппін.
Бұл ашық хаттың жоғарыға қаншалықты әсер еткенін толық білмеймін. Бұл әрине тарих қатпарында қалған оқиға. Жылдар қойнауына сүңгіп нақтылап айтсам, 2014 жылы қаңтар айынан бастап, наурыз айына шейін газетімізге елдегі және шетелдегі ағайыннан хаттар легі толассыз ағылғаны есімде…
Көші-қон қалай төмендеп кетті, солай шетелдердегі бауырларымыздың жағдайы соңғы жылдары күннен-күнге күрделеніп барады. Мысалы, Ресей бірде-бір қазақ мектебін қалдырған жоқ, бәрін жапқан. Бұндай жағдай тек қана Ресейде емес, өзге елдерде солай болып жатыр. Бұған Қазақстан билігі де ештеңе істей алмайды. Себебі, олар сол тұрған елдерінің азаматы. Сол елдің заңына бағынады. Ал, анау Қытай қазақтарының адам айтса нанғысыз, жан түршігерлік жағдайларын теледидар мен интернеттен күнде естіп, көріп отырмыз. Демек, қазір қимылдамасақ, келешекте бәрі кеш болады. Тілі мен жазуынан айрылғасын-ақ «Елу жылда, ел жаңа» деп қазақ мақалында айтылғандай, олар сол тұрған елдеріне сіңіп кетеді.
17 наурыз күні ҚР Парламенті мәжіліс депутаты Қазыбек Иса Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі А.Ұ.Маминге жолдаған депутаттық сауалында «Көшіп келген қандастарға бірден азаматтық берілуі керектігін» ашық айтыпты. Бұл өте дұрыс ұсыныс. Өте дұрыс шешім! Қолдауға да, қорғауға да тұрарлық бастама!
Баяғыдай емес қазір қазақтың саны өсті, ойдағы — қырдағымызды қосқанда әжептәуір күшке айналдық. Енді ығууға да, бұғуға да болмайды.
Белгілі саясаттанушы Расул Жұмалы айтпақшы: «Мәселе санда емес рухта. Кезінде халқының саны 1 миллионға да жетпейтін Шешенстан 140-миллиондық «ұлы» Ресейді қатарынан екі соғыста тізе бүктірді. Соңғысы әлі күнге шейін шешендерге салық төлеп отыр. Ол аздай көп жағдайда Мәскеудің өзінде билік орыстың емес, шешендердің қолында. Иә болмаса Ресей мен алып Қытайдың арасындағы 3-миллиондық Моңғолияны алыңыз — ешкімге жалбарынбай даңқты Шыңғысхан ұрпағы өз мемлекетін жаңғыртуда. Екі ортада бақандай 19 миллион халқы бар біздің Қазақстан үшін қорыққанға қос көрініп отырған жоқ па? Бұға берсең сұға береді деген нақыл тағы бар. Тарих тек өр мінезділерге ғана жақ» депті. Ащы да болса шындық осы!
Депутат Қазыбек Иса бауырым «2012 жылдан бері миграцияның теріс айырма сальдосы 30 мыңның үстіне шықты, соның салдарынан сырт елдермен шекаралас солтүстік пен шығыс өңірлерде ауылдар босап қалуда.
«Отандастар» қоры мәліметінше шет елдерде 7 млн-ға жуық қазақ тұрады. Бұл Қазақ халқының 50% пайызға, яғни жартысына жуығы. Олардың алдағы уақыттарда ассимиляцияға ұшырау қауіпі өте жоғары. Демографиялық аспектіде қазақ ұлты үшін бұл үлкен әлеует болып табылады. Қазір Қазақстанға қоныс аударуға ынталы шетелдік қазақтардың саны 1,5 млн адамға жуықтайды. Осы адами ресурсты біз неге дұрыс пайдаланбаймыз? Кім кедергі?
Тұңғыш Президент – Елбасы жарлығымен басталған Ұлы көшке де биыл 30 жыл толады. Осы уақытта елімізге 1 миллионнан астам қандастармыз келді.
Алайда соңғы жылдары көші-қон тым баяулап, кедергі қатты көбейіп тұр. 1993-2021 жылдар аралығындағы бөлінген квота кестесіне қарасақ, адам саны 100 еседей азайып кеткен? 1993 жылы енді ел болып, есімізді жиып, етегімізді жауып жатқанда 60 мыңдай (10 мың отбасы), 2009 жылы 100 мыңнан аса адам (20 мың отбасы) қабылдаған Қазақстан ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығында 1426 адамға ғана квота бөлді. Осыншама, бұрынғы межеден 100 еседей азайып, анти-рекордқа жететіндей басымызға не күн туды?
Бұның бірден бір себебі, кезінде көші-қонды жандандырған Көші–қон агенттігінің жойылып, миграциямен айналысу әр министрлікке, квотаға ұсыныс беру әр облыс әкімшілігіне берілгенінен болып тұр. Әкімдер шетелдегі қандастарымызды шақыруға оларды орналастырудың қиындығынан қашып, елдің ырысын емес, жанның тынышын ойлап отырғандықтан, барлық облыстарда квота бөлу күрт төмендеп кеткен. Мысалы, Атырау мен Батыс Қазақстан облыстары 2017 -2021 жылдары бес жыл қатарынан квота бөлуге бір де бір адам ұсынбаған? Ол облыстарға еліміздің сртатегиялық мақсаты – халқымыздың санын қандастарымызбен көбейтудің қажеті болмағаны ма?

 

ТЕНТІРЕГЕН ХАЛҚЫН ЖИЫП, ЖОҒАЛҒАН ТІЛІН АСҚАҚТАТҚАН ЕВРЕЙДЕН НЕМІЗ КЕМ?

ТҮЙІН: Ал 2012-2017 жылдар арасында қатарынан 6 жыл бойы еліміз бойынша қандастардың келуіне бір де бір квота бөлінбеген?!.
Демек, бүгінгі таңдағы квота жүйесі мемлекеттің көші-қон және демографиялық саясатына ешқандай оң әсерін бермеуде.
Сондықтан бүгінде бірнеше министрлікке шашырап кеткен басқармаларды бір органға жинап, Демография және көші-қон жөніндегі Агенттікті қайта құру керек. Қандастарды қабылдау квоталарын жылына 20 мың отбасыға жеткізу керек. Әйтеуір депутаттар арасынан көші-қон проблемасын көтеретін бір жан шықты – ау деп халық қуануда.
Салт –дәстүрді ұмытпаған, ана тілін ұлықтаған сырттағы ағайын келіп жатса, қазақ тілінің мәртебесі де өзінен өзі шешілері анық емес пе.
Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса: «Екіншіден қандастарымыздың Азаматтық алу мәселесі әлі қиындықтан шыға алмай келеді.
Ресей, Израиль және тб мемлекеттерде Азаматтық алу үшін бір ғана құжат талап етіліп, мәселе бір күнде шешілсе, кең байтақ жерімен салыстырғанда халқы өте аз Қазақстанда 48 құжат жинау керек. Оның бәрін жинаймын дегенше, алдында алған құжаттардың мерзімі өтіп кетіп жарамсыз болады.
Бізде де ұлты қазақ қандастар үшін керек құжат санын барынша шектеп, бірден Азаматтық берілетін болуы тиіс.
Қазақстанның Азаматтығын алудағы басты талап – «Ақ жол» партиясы ұсынғандай, Қазақ тілін білуден емтихан тапсыруы керек.
Осы Азаматтық алуда жинайтын қаптаған құжат саны аздай, кейінгі кезде тағы бір қиын кедергі – шетелдегі Қазақтардың өздерінің Қазақ екенін дәлелдеу, оны құжат жүзінде рәсімдеу ең басты мәселенің бірі болып отыр» депті.
Бұл ең түйткілді проблема екенін кім жоққа шығарады? Егер билік қазақтың мүддесіне қызмет еткілері келсе, депутат ұсынып отырған жайттарды күн тәртібіне қоюы тиіс! Бізге шегінерге жер жоқ. Өйткені тарыдай шашылған қазақ, өзге елдерге ассимилизацияланып кетудің алдында тұр. Оларды қорғап қалу, тығырықтан алып шығу қазақ үкіметіне сын болмақ! Енді кешіксек, ата-баба аруағының алдында кешірілмес күнәға батуымыз бек мүмкін.
Бейресми мәліметтерге көз жүгіртсек Қытайда екі миллионға жуық қандасымыз қиналып жатыр. Олар жайлы аз айтылған жоқ. 2 миллион! Егер сонша қазақ елге оралса, көзтүрткі болған солтүстік пен шығысыңа бір – бір қорған тұрғызғанмен пара –пар емес пе! Осыны ойлауға да көп ми керек пе! Ұлтқа деген ұлы махабат пен ұлтты сүю ғана –үлкен жетістікке жетелемек. Басқасының бәрі бекер!
Иә, қазақта ештен кеш жақсы деген мақал бар. Ол дәл қазіргі біздің халден хабар беріп тұр. Қалай десек те, қазақ көші оңалмай, қазақ халқының ырысы мен берекесі де артпақ емес. Ұлан байтақ даламыз бар деп кеуде кере беру – құр мақтанға елтіген баланың ісі! Сайын даламыз қазағымен қуатты! Төрт түлігімен шуақты. Олай болса осы жазғаным билік басындағы азаматтардың құлағына алтын сырға болғай!
Мәжіліс депутаты Қазыбек Исаны халық болып қолдайық ағайын! «Ерім дейтін ел болмаса, елім деген ер қайдан шықсын?» депті қайран Ахаң, Ахмет Байтұрсынов. Дананың сөзін дархандықпен жүзеге асыру бізге сын, ұлт болып қаламыз десек!

 

Сәуле Мешітбайқызы, ҚР еңбегі сіңген қайраткері