ҚОЙ ҚҰЛАҒЫН КІМ ЖЕЙДІ?
Жуырда оқыған-тоқығаны көп, аспай-саспай мәнермен сөйлейтін, жасы сексенге тақаған Әлихан деген қартпен табақтас болудың сәті түсті. Үлкен астын алдында әдеттегідей алдымызға бас келді. Бір құлағы шұнтиып кесілген, езіліп піскен басты мүжіп отырған қария: «Мұның екінші құлағының қайда кеткенін білесің бе?» деп төтеннен сұрақ қойды. «Далада жүгіріп жүрген ойын балаларының бірінің қолында жүрген шығар» дедім мен де қарияның нені меңзеп отырғанын шамалап. Қарт табаққа басты салып алып кірген жігітке сұраулы жүзбен қараған еді, ол: «Босағада жиен балаға кесіп берген едім» деп, бірдеңені бүлдіріп алдым ба дегендей мұңая қалды…
– Құлағын кесіп балаға бергенін дұрыс, бірақ осы үйдің баласына бергенін жөн болар еді, – деп қария бір әңгіменің құлағын қылтитты. – Ілгеріде бір жолаушы жолсоқты боп, қаталап шөлдеп, қарны ашып, түн ортасында «құдайы қонақпын» деп ауыл шетіндегі бір үйге тоқтайды. Үй иесі қазақы дәстүрмен жөн сұраспай, жолаушыға қазан көтеріп, барын алдына тосып, сыралғы құдасындай күтеді. Ас үстінде әңгіме тиегі ағытылып, екеуінің сөзі жарасып, таңның қалай атқаны да білінбей қалады. Отағасы мен қонақ бірін-бірі қимастай дос тұтып, қоштасар сәтте үй иесі құдайы қонағын құшағына қысып тұрып: «Қалауыңды ал!» дейді. Жолаушы: «Мана есіктің алдында жүгіріп жүрген бір күшікті көріп едім, соны бәсірелейінші» дейді. «Ойбай-ау, дұрыстау бір нәрсе сұрамадың ба? Мейлі, қонақтың қалауы мен үшін – заң. Ал, қалауыңды» дейді үй иесі. Сәлден соң, қонақ: «Жоқ, айныдым. Күшікті емес, ана есік алдында жатқан шиды алайын» дейді. «Мейлі» дейді үй иесі. Жолаушы бес-алты қадам жүріп барып: «Айып етпе, қожайын, тағы айныдым. Шиды емес, қара қозыны алатын болдым. Тек бауыздап, етін жақсылап асып, қоржыныма салып берсең болғаны» дейді. Үй иесі: «Қалауың білсін» деп, қаракөлді сойып, мылжалап пісіріп, бас-сирағымен қонақтың қоржынына сала бастағанда, құдайы қонақ: «Отағасы-ау, бастың бір құлағы қайда?» дейді. «Құлағын үйдегі мына бала жеп қойып еді» дейді мал иесі. «Ендеше, мұны да алмайтын болдым. Ырысы өздеріңізге бұйырсын!» деп жолаушы жолға жинала бастайды. Үй иесі: «Оу, мұның қалай? Күшікті алам дедің – алмадың, шиды алам дедің – оны да алмадың, қозы алайыншы деп едің – одан да бас тарттың. Мұның сыры неде?» деп сұрайды. «Басыңнан бағың арылмайтын жақсы бір жан екенсің, досым. Сенің берекелі ырысың маған да жұғысты болсыншы деп әдепкіде бәсіре етіп күшікті қалағаным рас. Кейін көзім шалып қалды, күшік жүгіріп жүріп есіктің алдында жатқан шиға шаптырып кетті. Е, ырыс шиға ауды ғой деп, шиды қаладым. Сөйтіп тұрғанымда қозы келіп шиды жалады. Ырыс қозыға ауды-ау деп қозыға құда түстім. Қозының еті піскенде оның құлағын үйіңіздегі балаңыз жеп қойды. Отбасыңыздағы ырыс пен бақ-береке жалғыз мұрагеріңіз – балаңызға ауды. Бұл Алланың ісі. Бақ сіздің үйден сыртқа кетпейтінін түсіндім» деп жолаушы ризалықпен қоштасып, әрі қарай жол жүріп кеткен екен. Міне, қойдың бір құлағын осы үйдің баласы жесін деуімнің мәнісі осы еді, – деп Әлихан қария сөзін аяқтады…
Ал, сіздің әулетте қалай? Қой құлағын кім жеуші еді?
Б. Сердәлі