БАТЫРҒА ҚҰРМЕТ ОРТАЙМАЙДЫ

«Ерлігі – елге мұра, ұрпаққа – ұран» болған батыр ағамыз Ғазиз Байтасов қызметтік бабында жүріп, қырық жасында өмірімен қоштасамын деп ойламады. Бірақ, батыр өз жолынан таймай, тура келген ажалды қаймықпай қарсы алды.

Бейбіт елдің тыныштығын бұзып, оқ атқан лаңкесті құрықтау кезінде ерлікпен қаза тапқан бейбіт күннің батырына деген құрмет Түймекент ауылдық округінде өз жалғасын тапты. Үшінші сәуір күні елу жасқа толатын «Халық қаһарманының» құрметіне орай, өзі білім нәрімен сусындаған Түймекент орта мектебінде іс-шара ұйымдастырылды.

Шара қатысушыларын мектеп инспекторынан құралған топтың топбасшысы: «Халық қаһарманы» Байтасов Ғазиз Әбдібекұлының 50 жылдығына арналған іс-шараға, өзі оқыған мектебіне қош келдіңіздер», — деген жалынды сөздермен қарсы алудан басталды. Мектеп фойесінде батырға арналған тақтаны көріп, теледидардан Ғазиз Әбдібекұлы туралы бейнероликті тамашалаған қонақтар екінші қабатқа көтерілді. Онда осы ауылдық округте өмірге келіп, аталмыш білім беру мекемесінде оқып, кейіннен аудан, облыс, республика көлемінде танымал болған азаматтарға арналған «Түлектер тақтасы» туралы 9-сынып оқушысы Сабина Сиязбай таныстырылым жасады. Бұдан соң қонақтар төртінші қабатқа көтеріліп, Ғазиз Байтасов атындағы оқу бөлмесінің салтанатты ашылу рәсіміне куә болды. Салтанатты шарада ауылдық округ ардагерлері кеңесінің төрағасы Жомарт Мұхамеджанов сөз алып, өткен күндерден естеліктер айтты. Халық қаһарманы есімін иеленген оқу бөлмесінің алқызыл лентасын Жомарт Мұхамеджанов пен батырдың жары Гүлжамал Тәжиева қиды. 9-сынып оқушысы Гүлжарқын Оңғарбай оқу бөлмесіндегі Ғазиз Байтасовқа арналған бұрыш, альбоммен таныстырып, қысқаша батырдың өміріне шолу жасады. Шара қатысушылары балалық шақты еске алып, мектеп партасына отырды, естелікке суретке түсті.

Бұдан соң қонақтар мектеп оқушылары дайындаған концерттік бағдарламаны тамашалады. «Ұланбыз Отанды қорғайтын» әнімен ашылған бағдарламада 8-сынып оқушылары Күнтуған Ақназаровтың батырға арнаған шығармасын мәнеріне келтіре орындады. Сондай-ақ, шарада патриоттық мәндегі «Мақтанышым Қазақстан», «Қазақстаным – атамекенім», «Мен қазақпын», «Қазақстан» әндері шырқалып, көрермен тарапынан ыстық ықыласқа бөленді.

Ел тыныштығы үшін лаңкестің қолынан қаза тапқандардың ерлігі еш ұмытылмақ емес. Осы оқиғадан соң Ғазиз Байтасовқа «Халық қаһарманы» атағы берілсе, аудандағы туған ауылы Түймекенттегі мектеп пен шаһардағы бір көше батырдың есімімен аталады. Ал, Тараздағы Полиция департаментінің жанына Ғазиз Байтасовтың мүсіні қойылып, мұражайдан бұрыш ашылған. Сондай-ақ жыл сайын спорттық жарыстардан турнир өткізіледі. Бұл игі шаралардың барлығы – антына адал болған полицейдің даңқын дәріптеп, ерлігін ұлтқа ұран, ұрпаққа үлгі етудің бір айғағы.