ЖЕР ТУРАЛЫ ҰСТАНЫМ НЕМЕСЕ ЕВРЕЙЛЕР ГИТЛЕРДІҢ ҚАЙ САЯСАТЫН ҚОЛДАЙДЫ?

Он жылдан артық агроөнеркәсіп жайлы телебағдарламаның шығарушы редакторы, жүргізушісі болдым. Аграрлық саланың проблемасымен етене таныспын. Жә, айтайын дегенім бұл емес еді.
Әлемде аграрлық саласы алға кеткен елдің бірі — Израиль. Тамшылатып суғару, жылыжайдың израильдік үлгісі деген жаңалықты дүниеге әкелген мемлекет. Төңірегіндегі араб елдеріне жеміс пен көкөніс сатады. Жыл он екі ай өнім алады. Әлемдегі ең ірі өзеннің бірі — Нілдің жағасына жайғасқан Мысырдың өзі шөл даладағы Израильден жеміс пен көкөніс импорттайды. Сол Израильде жер тек мемлекеттің меншігінде. Оны меншіктеудің жалғыз жолы — 49 жылға жалға алу. Бітті.
Сосын бұл елдің үкіметі фермерлеріне кез келген ауылшаруашылығы техникасы мен технологиясын тегін жалға береді. Бар талабы — техниканы ұқсатып, ұқыпты ұстау. Болды. Әр бес жыл сайын арнайы комиссия тексереді. Ұқсата алмасаң, ренжіме, басқа фермерге алып береді.
«Неге олай?» деген сұрағыма бір израильдік фермердің берген жауабы ерекше есімде қалыпты: — Гитлер дүниежүзін жаулап алу үшін не істеді? Ол солдаттары мен офицерлеріне қару-жарақ, танк, ұшақты тегін берді емес пе?,- деген еді қарт еврей фермері.
Ауылшаруашылығын дамыту саясаты осындай болса, игерілмеген жерлер, ауыл халқының үдере қалаға көшуі, азық-түлік бағасының қымбаттауы, аграрлық өнім экспорты мен импортындағы теңсіздік деген секілді талай мәселе күн тәртібінен түсетінін көпшілік жақсы түсініп отыр.
Жерді жекеменшікке бермеудің біз үшін дәл қазір екі басты маңызды себебі бар:
Біріншіден, мемлекет құраушы ұлт — қазақтың саны аз, әрі сол қазақтың көпшілігінің әлеуметтік жағдайы төмен.
Екіншіден, дәл қазіргі жағдайда жерді жекешелендіру іс жүзінде шұрайлы ауылшаруашылық жерлерін күмәнді жолмен әлдеқашан иемденіп кеткен латифундистердің әрекетін заңдастыру ғана болып шықпақ.
Жер мен оның қойнауындағы байлық — бабалардың бізге қалдырған мұрасы емес, ол — біздің болашақ ұрпақтан алған қарызымыз! Жер туралы осындай ұстаным ғана маңызды!
фейсбук парақшасынан