Ислам және табиғатты аялау
Қазақ халқы ежелден табиғатты аялап келген. Қоршаған ортаға, табиғатқа деген құрметі ежелден ерекше болған. Ата-бабаларымыз жер мен суды тау мен тасты айырықша құрметтеген. Табиғатты аялап құрметтеуді және қорғауды өздерінің басты парызы санаған. Адам барлық қажеттіліктерін табиғаттан алатындығын халқымыз ежелден жақсы түсінген.
Табиғатты құрметтеп, қорғаудың маңызы зор екендігін бабаларымыз өздерінің ұрпақтарына өсиет етіп кеткен болатын.
Туған жер, отан деген қастерлі ұғымдар табиғатпен оны аялаумен, астасып жатыр. Халқымыз туған жерді ерекше ардақтаған. «Туған жердей жер болмас» деп туған жерін ерекше қасиетті деп бағалаған. Халқымызда табиғатқа байланысты көптеген аталы сөздер бар.
«Бабалар еккен шынарды балалары саялайды», «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын»,«Жері байдың — елі бай», «Туған жер — алтын бесік»,
«Жер — қазына, су — алтын, мал – байлық» дкп ұрпақтарына табиғатты аялауды өсиет етіп, тағылымды сөздер қалдырған.
Қазақ халқы өзінің туған жерін, өзен суын, тауын тасын бақ берекенің бастауы, алтын қазығы деп қастерлеген.
Адам табиғатпен егіз. Табиғаттың көркінен адам баласы қуат алады. Адам өміріне қажетті барлық игіліктер тек табиғатта.
Асыл дініміз имандылықтың қайнар бастауы-исламда табиғатты, айналаны, қоршаған ортаны қастерлеуге арналған көптеген тамаша хадистер бар.
Қасиетті Құранда «Қамар» сүресiнiң 49-шы аятында:
«Шын мәнiнде әр нәрсенi бiр өлшеумен жараттық», – дейдi
Мұнда табиғаттың сыры мен адам арасындағы нәзік байланыстар айтылған.
Пайғамбарымыздың(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадистерінде: «Бір адам бір ағаш отырғызса дәптеріне отырғызған ағаштың жемісіндей сауап жазылады» деп ұлағатты өсиет қалдырған. Осылайша ағаш отырғызудың аса сауапты іс екендігін айта келе, оның табиғатқа да пайдалы екендігін ескертіп өткен. Сонымен қатар отырғызылған ағаш айналаның көркіне көрік қосатын әсемдігі де бар.
Айнала табиғатты аялау , оны таза ұстау барлық адамзаттың міндетті. Айғамбарымыз өз хадистерінде «Тазалық иманның жартысы» деп бекер айтпаған.
Ардақты пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үш нәрсе көздiң нұрлануына себеп болады деп: «Жасыл желекке қарауды, ағып жатқан суға және жарқын жүздi адамның бетiне қарауды» айтқан.
Табиғаттың әсемдігі адам бойына нұр, шұғыла сыйлайды, ерекше уат беретіндігін Алла елшісі шынайы сезініп, табиғаттың қыр-сырын терең білгендіктен осындай ұлағатты хадис қалдырған.
Болашақ ұрпақ үшін, адамзат баласының салауатты өмірі үшін ортаны аялай білейік!
Дәулет Қабидолдин,