Алтынайдың 257 миллион теңгесі желге ұшып кетті ме?..
Усенова Алтынай Көлбайқызы өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басында-ақ мұхит асып, ақылдылығы мен алғырлығының арқасында Америкада алты жыл білім алады. «Еліңе қызмет ет!» деген әке өсиетін жерге тастамай, 1996 жылы елге оралған ол, біздегі халықаралық компанияларда жиырма бес жылдай қызмет етеді. Әрине, жалақысы жақсы іскер маманның жағдайы да жаман болмаған. Мұны айтып отырған себебім, жуырда «31» және «Евразия» телеарналарында өзін 257 миллион теңгеге алдап соққан танысы жайлы айтқан Алтынайға сонша ақшаның аспаннан жаумағанын, оның көп жылғы табан ақы, маңдай терімен жиналғанын, сонымен қатар бір емес, үш бірдей баспанасын сатқаннан түскен қаражат та осы соманың ішінде екенін бірден ескерте кетейін дегенім болатын.
Сонымен, баспанасыз қалып, жатақханалардың бірінде төсек жалдап тұрып жатқан Алтынайдың айтуынша, оны жалпы сомасы 257 миллион теңгеге алдап соқты деген күдікті Сыдықов Олжас Серікұлы көшеде жүрген ұсақ-түйек, ұры-қары емес, әкесі Сенат аппаратында басшылық қызметте істеген, бүгінде Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Сыдықов Серік Сламжанұлының жалғыз баласы екен. Алтынайдың айтуы бойынша, сегіз жылдан бері аралас-құралас болған сері жігіт, әп дегенде әл-Фараби даңғылына жақын маңнан жер алып, үй салып беремін деп, 70 млн теңге алыпты. Алданған Алтынайдың алдында жатқан бірнеше қолхаттардың арасында, осы кезде, яғни 05.06.2019 жылы жазған қолхат та жатыр. Бірақ ештеңе істемеген. Жер телімін де алмаған. Бұл 70 миллионды жоғарыда айтқан 257 миллионнан бір шегеріп тастаңыз.
Енді қалған 180 млн теңгені үш жыл қатарынан, яғни 2018, 2019, 2020 жылдары бизнеске салып, баю үшін, яғни картоп пен өзге де көкөністер алып-сату мақсатында алған. Жоғарыда айтқандай, ақылды да алғыр Алтынай осы жолы алты жасар баладай алданғанын білмей қалыпты. Өзін ірі бизнесмен ретінде таныта білген Олжас, неше түрлі ірі компаниялармен арада жасалған жалған келісімшарттарын көрсете отырып, болашақ құрбандығын арбай түскен. Бір қарағанда түпнұсқа көрінген келісімшарттарға басылатын бес-алты мөр де, бұл өмірде жоқ компаниялардың қожайынның қолында болғаны тергеу барысында белгілі болды, – дейді Алтынай.
«Олжас жасалған ұзақмерзімді келісімшартқа сай, ай сайын 12 млн 700 мың теңге алып отырды. Кейіннен тергеу барысында ешқандай компанияның болмағаны белгілі болды. Таза алаяқтық. Оның өз қолымен жазған бір ғана қолхатының өзі нотариуспен расталған келісімшарттан күшті. «Мен мынадай компаниямен келісімшартқа отырдым, мұнша ақша құйсақ, қыруар ақшаның астында қаламыз», – деп мені алдап түсірген. Контракт бойынша бір айда 18 млн кейде 20 млн теңге алып отырды.
Ең үлкен сомаға алдаған кезі: «Прима» компаниясы – ең үлкен дистрибютор» деп 350 млн теңгеге (1 млн АҚШ доллары) контракт жасатқан кезі. Бұл контракт қатарынан үш жылға (2020, 2021, 2022жж.) жасалды, яғни 3 млн АҚШ долларына жасалды деген сөз. Осы контракт үшін, менен 70 млн теңге алды. Оны долларға шақсақ, 200 мың АҚШ доллары болады екен. Оның сендіруінше, осы контракт арқылы жылына 90 мың доллар пайда көруіміз тиіс болатын. Бірақ, уақыт өте берді, ал мен ақша да жоқ, басқа да жоқ, үміттеніп жүре бердім. Олжас болса түрлі сылтаулар айтып, уақытты соза түсті. Мен қайта-қайта сұрай берген соң, ақыр аяғында ақшаны қайтармайтынын ашық айтты. Мен оның артынан бір жыл жүрдім. Жалындым, жыладым, ұрсыстым. Құлағына да ілген жоқ. Қайта: «Менің әкемнің досы ІІМ-де істейді. Баратын жеріңе барып, жазатын жеріңе жаза бер, бәрі бір ештеңе шықпайды», – деп ашығын айтты.
Оның қолхаттарды өз қолымен жазғаны экспертиза арқылы дәлелденді. Менде Олжастың алаяқтығын айғақтайтын он аудиожазба да бар.
Менің арызым бойынша, 2020 жылдың 13 желтоқсанында Алматы қаласы, Алмалы аудандық ІІБ іс қозғалды. 18 желтоқсанда күдікті ұсталып, қамауға алынды.
Ақпарат көздерінде Олжастың әкесі баласы жасаған қылмыс жайлы білмейтінін айтты. Меніңше, ол жалған сөйлеген сияқты. Маған да хабарласқан жоқ.
Міне, төрт айдай уақыт өтті, бірақ тергеу ісі алға жылжымай қойды. Негізі, қылмыстық іс қозғала салысымен, олардың жылжымайтын мүліктері бұғатқа қойылуы керек еді, бірақ төртінші ай дегенде әрең бұғатқа қойылды. Енді міне, аяқ астынан сот болатын болып отыр. Меніңше, бұлар істі 257 млн теңгенің емес, о баста үй салып беремін деп алған 70 млн теңгенің айналасында ғана қарастыратын сияқты. Мәселен, сотқа қандай да бір үйдің жобасын әкеліп, міне үйдің жобасы, бірақ жүзеге асыруға үлгермей қалдым деп құтылып кетуі де мүмкін.
Осылайша, Олжас алған 257 миллион теңгенің құмда ізі табылмады. Олжастың алып, қайта сатқаны автокөлік қана. Сонда 257 миллион теңгені жер жұтып кетті ме, әлде желге ұшып кетті ме?», – дейді Алтынай Көлбайқызы.
Қалай десек те, ауылда баспанасыз қалған ауру анасы мен 1 топтағы мүгедек бауырын уайымдап, көзіне жас үйірілген Алтынай: «Өзімді тақырға отырғызып кеткен Олжас Сыдықовта қаншама есем кетсе де, оның сотталғанын қаламаймын, тек қана маған екі баспанамды қайтарса болды. Маған басқа ештеңе керек емес», – дегенді айтып қалды.
Осылай деген Алтынай Усенова Алматыда өзінің баспасөз конференциясын өткізіп, бүкіл БАҚ құралдарының алдында ақиқатты тағы да жария ететінін және бұл ақиқат жолында ҚР Президенті Қ.Тоқаевтан, ҚР Бас прокуратурасы мен ҚР Жоғарғы сотынан істің әділ қаралуын қадағалауларын сұрайтынын жеткізген болатын.
Ал біз Олжастың әкесі Серік Сламжанұлына хабарласып, пікірін білмек болдық. «Мен білмеймін. Сен тергеушіден сұра. Тергеу аяқталған жоқ әлі. Тергеу төртінші айға созылып барады. Қазір ешкім ештеңе айта алмайды. Тергеушіден сұраңыздар», –деген жауап алдық.
Жанбақыт Мерекеұлы