Жерімізді сатуға да, жалға беруге де қарсымыз!

Жер реформасы жөніндегі комиссияның екінші отырысынан

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құрылған Жер реформасы жөніндегі комиссияның екінші отырысы 3 сәуір күні өтті. Санитарлық талаптарға сәйкес іс-шараға тек комиссия мүшелері қатысты. Комиссия құрамында ҚР Парламент депутаттары, облыстардың әкімдерінің агроөнеркәсіп кешені мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасарлары, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері, фермерлер, салалық бірлестіктер мен фермерлер одағының, «Атамекен» ҰКП-ның өкілдері, қоғам қайраткерлері, саясаттанушылар, журналистер мен блогерлер бар. Олардың көпшілігі отырысқа бейнеконференция байланысы арқылы қатысты.

Айта кеткен жөн, мұның алдында комиссия құрамы бекітілген болатын. Ал 25 наурызда бірінші отырысы өткен еді. Бұл жолғы жиында жұмыс топтарының басшылары мен орынбасарларын анықтау бойынша мәселе қаралды. Қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан комиссия төрағасы Ералы Тоғжановқа қоғамдық орынбасарды тағайындау туралы ұсыныс айтты. Бұл бастаманы көпшілік қолдады. Жиынға қатысушылардың кейбірі қоғамдық орынбасар ретінде Мұхтар Тайжанның өзін ұсынса, басқалары бұл орынға өзге үміткерлерді лайықты деп таныды. Комиссияның екінші отырысына дейін жер реформасы туралы 55 ұсыныс түскен болатын. Оның 15-сі құқықтық сипатқа ие. Енді соның нәтижесін халық күтіп отырғаны белгілі. Сөзбұйдаға салғаннан, бірден іске кіріскенді қалайтындар көп.
Өткен аптадағы бірінші отырысқа қарағанда бұл отырыста байыпты талқылау кеңінен болғандай көрінді. Алғашқы отырыста бірыңғай медмаска тағынып келгендер жалпылама ұсыныс пен ел көңіліне қонатын сөз айтысып, жалпы жұрттың «ішкі қыжылын» шығаруға тырысқандай еді. Ал бұл жолы жер кодексіндегі кемшіліктер мен оны түзетудің жолдарын ұсынып жатқандар қарасы мол. Мәселен, ауыл шаруашылығы жерін ашық цифрлы байқауға шығару, жер пайына өтім төлеуге қожалық иесін мәжбүрлеу, елді-мекен маңындағы қоғамдық жайылым көлемін заңда белгілеу, жер беруші комиссия құзыретін көтеру, латифундистерден жерді қайтару және оны тұрғындарға әділ бөлу, жер құжаттарын рәсімдеуді бірыңғайлап және оны жеңілдету дегендей нақты ұсыныстар айтылды.
Бір айта кетерлігі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге және шетелдік компанияларға, азаматтығы жоқ адамдарға, азаматтықты әлі алмаған қандастарға беруге толық тыйым салу заң жобасы парламент қоржынына 12 наурызда түскен болатын.
Алайда халық арасында «Жер сатылмайды, жалға берілмейді. Депутаттар заң жобасын дайындасын!» – деп Президент айтып жатса да, депутаттардың үндемей отырғаны алып-қашпа әңгімелерге арқау болып жатқанын жасырғымыз келмейді. Тіпті кей адамдар «Комиссия заңсыз. Таратылсын» деп ашуға мініп жатыр…
Ел қолайына жағатын саяси шешім қабылданып, нақты жұмыстар атқарылып жатса да Жер комиссиясының төрағасы, ҚР премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов, көпшілік арасында, әсіресе әлеуметтік желілерде әлі де жекелеген түсініспеушіліктер таралып жатқанын тілге тиек етті. «Заң жобасының бірінші оқылымы Мәжілісте 7 сәуірде өтті. Жалған қауесет таратушылар бар. Жердің шетелдіктерге берілмейтіндігі жөнінде нақты шешім қабылданды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы қоғам тарапынан көтеріліп отырған негізгі мәселелер бойынша түйінді шешімін айтты. Нүктесін қойды. Қазіргі таңда комиссия алдында ауыл шаруашылығы саласындағы жер қатынастарын дамыту мәселелері бойынша ұсынымдар әзірлеу міндеті тұр» деді.
Бірден айтайық, жерді жекеменшікке жалға беруді тоқтатпаса соңы халықтың наразылығына ұласатын түрі бар. Ауылдың халқы мал жаятын жер қалмады деп ашынып отыр. Қолы жеткен, құрығы ұзындар ауылдың жерін жалға алып, жергілікті жұрттың жеріне кірген малдарын қамап, мүйіздерін сындырып жатыр деген ақпарат көп. Сондықтан ауыл тұрғындары «Жер сатылмасын! Жалға да берілмесін!» деп ашық айтуда. Халықтың талабы мен тілегі қаншалықты іске асарын уақыт көрсетер.
Жер комиссиясының мүшесі, саясаттың түрлі жықпыл-жықпылын білетін Мұхтар Тайжан комиссия отырысынан кейін фб парақшасына былай деп жазба қалдырды: «Бүгінгі жиыннан кейін мен терең ойланып қалдым. Мына түрімен бұл Комиссияның шешімі не болмақ? Алаңдап отырмын… Әрі қарай дәл осылай кететін болса онда жағдайымыз мүшкіл. Бұл жол үлкен қақтығысқа апаруы мүмкін. Бірақ басқа амалы болмаса қайтеміз? Бұл вариантқа да дайын болуымыз керек.
Достар, түбі біз бәріміз жеңеміз, жерімізді сатуға жол бермейміз! Мен болсам артқа шегінбеймін, оған күмәндарыңыз болмасын. Ал менің артымда қалың халқымыз тұрғанын білем, бәрімізді Аллам қолдайды.
Олар ойын мен спектакльдерін қоя берсін, олар Комиссияда көпшілік деп ойлап жүрсін. Ал елде басым көпшілік бізбіз. Халықтың көзі ашық, сана сезімі жоғары. Түбі біз жеңеміз, көресіздер!
P.S. Комиссияда да мен жалғыз емеспін. Жерді сатуға қарсы болып тұрған біраз азаматтар бар, Құдайға шүкір! Біз бірігеміз!» дегенде не айтқысы келгені түсініксіз болып тұр…
Комиссия отырысына оралайық. Жиналған комиссия мүшелері бірінші отырыстың қорытындысы бойынша әзірленген ұсыныстарды қарады. 25 наурыздағы бірінші отырыста айтылған ұсыныстарға сәйкес, комиссия жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында екі жұмыс тобы құрылды. Экономикалық мәселелер жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі болып Парламент Сенатының депутаты Ақылбек Күрішбаев сайланды. Оған комиссияның 33 мүшесі кірді. Құқықтық мәселелер жөніндегі топты Мәжіліс депутаты Ерлан Барлыбаев басқарады. Оған 21 адам қосылды.
Модератор бұдан бөлек 25 наурыздағы отырыс қорытындысы бойынша барлығы 55 ұсыныс, оның ішінде 11 ұйымдастырушылық, сондай-ақ 29 экономикалық және 15 құқықтық сипаттағы ұсыныс келіп түскенін хабарлады. Олардың барлығы комиссия мүшелерінің, уәкілетті органдардың және фермерлік қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен жұмыс топтарында талқылануда. Ұсыныстарды қарау нәтижелері туралы жұмыс топтарының жетекшілері А. Күрішбаев пен Е. Барлыбаев хабарлады. Олардың айтуынша, көпшілік дауыспен шетелдіктерге және шетелдік компанияларға, шетелдік қатысу үлесі бар компанияларға, азаматтығы жоқ адамдарға, халықаралық қатысуы бар ғылыми орталықтарға, сондай-ақ қандастарға ауыл шаруашылығы жерлерін беруге тыйым салу жөніндегі заң жобасы қабылданғаннан кейін қазақстандықтарға жалға берілетін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдерінің шекті ең жоғары мөлшерлерін бекіту туралы Үкімет қаулысын қабылдау туралы ұсыныс қолдау тапты. Екінші жұмыс тобы жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылау функцияларын ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетінің қарамағына қайтаруды құп көрді.
Біздің білуімізше, 2014 жылдан бастап жердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылау функциялары жергілікті атқарушы органдарға жүктелді, ал 2018 жылы аудан әкімдеріне бақылау функциялары берілді. Сонымен қатар, барлық салаларда бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асыру тәжірибесі бақылау органдарының (орталық, облыс, аудан) барынша тиімділігін көрсетіпті дейді-мыс. «Салыстырмалы талдау көрсеткендей, 2013 жылдан бері жерді пайдалану және қорғау мәселелері бойынша әкімдіктер жүргізген тексерулер саны 2,6 есеге, ал анықталған заң бұзушылықтарды жою 4,5 есеге артқан», – деді мәселенің өзектілігін түсіндірген Ерлан Барлыбаев.
Оның айтуынша, жерді пайдалану мен қорғауды бақылау функцияларын орталық уәкілетті органға беру мәселесін Парламент депутаттары, Бас прокуратура, Жоғарғы сот, «Атамекен» ҰКП және тағы басқалар көтеріп отыр. Сонымен қатар, құқықтық мәселелер жөніндегі жұмыс тобының мүшелері Бақытжан Базарбек көтерген жердің нысаналы мақсатын бағбандықтан басқа мақсаттарға өзгертуге заңнамалық тұрғыда тыйым салу туралы бастамасын қолдады. Жер реформалары жөніндегі комиссия мүшелері айтылған ұсыныстар бойынша дауыс берді.
Бұдан бөлек, Qoldau платформасын Қаржы министрлігіннен алып, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің қарамағына беру және оны «Ауыл шаруашылығы жануарларын cәйкестендіру» ақпараттық жүйесімен интеграциялау мәселелері қаралды. Отырыс соңында жиынға қатысушылар қоғам өкілдері арасынан төраға орынбасарын сайлауды ұсынды. Ашық дауыс беру нәтижесінде «Қазақстан фермерлер одағы» РҚБ-нің президенті Жигули Дайрабаев комиссия төрағасының орынбасары болып сайланды.
Түйін. Жер комиссиясының екінші отырысынан соң, әлеуметтік желі қолданушы Төлен Рамазанұлы өз парақшасына: «Ауыл шаруашылығы жері мемлекеттік меншік болсын, сатылмасын! Ал, әр ауылдық округтің әкімі мен аудан әкімдігінің жер бөлімі ауыл тұрғандарына округке тиісті жердің 80 пайызын тең мөлшерде бөліп беруі тиіс. Қалған 20 пайызы ауыл әкімінің әлеуметтік мәселелерге қажетті ақшасын шығарыуға (ауыл бюджетін құрауға) әкімдіктің жалға беретін жері болсын. Бұл 20% жерді де жекешелендіруге тыйым салынсын. Ауылдан көшіп кеткен адам өзі мал ұстамаса, жерінен айырылатын болсын. Өзге біреуге бақтырғысы келсе, сол ауылды көтеруге міндеттелсін, жұмысшылар қабылдап, шаруа құрып, жалақы төлесін!» деп жазды.
Тағы айтамыз, әлеуметтік желідегі жұрттың екпіні қатты. Олар өз парақшаларында: «Жерді жекеменшікке беруді ұсынған және қолдаған комиссия мүшелерін отанын сатқан опасыз деп айыптауымыз керек. Әр өңірде белсенді азаматтар Халықтық бақылауды күшейтіп, жедел ұйымдастыру тобына белсенді азаматтарды тарту керек» деп жарыса жазып жатыр.
Жер мәселесі өте нәзік екенін басқа білмесе де, билік басындағы азаматтар білуі тиіс. Осыдан бес жыл бұрынғы жалпы халықтық толқудың «елесі» елді әлі кезіп жүрген секілді. Әйтеуір, еліміз аман, жұртымыз тыныш болса екен!

 

Бет қатталып жатқанда:Парламент мәжілісінде

«Қазақстан дәуірі» газеті жер мәселесінде қалыс қалып көрген емес. Сонау 2016 жылғы жер дауы басталғалы ішінде жүр. Бұған дейін қаншама мақала жарияладық. Әлі де жазу үстіндеміз. Өйткені жер қазаққа Алланың берген нығметі! Ол нығметке көз аларту, қазақты басыну! Тасыну! Сондықтан да жер туралы күрес қазақ барда тоқтамайды!
Бүгін газет қатталып жатқанда Парламент Мәжілісінен қуанышты хабар жетті. Қазақстан қоғамындағы қазақ халқы күткен ең маңызы зор, ерекше құжат қабылданыпты! Енді жер шетелдіктерге сатылмайды, жалға да берілмейді!»-деп, талқылауды қорытындылапты ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасы Нұрлан Нығматуллин.
Мораторий қабылданғанға дейін біріккен кәсіпорындарға жалға беріліп кеткен 74,4 мың гектар, шетелдік азаматтарға жалға берілген 18,5 мың гектар ауыл шаруашылығы жерлерінің мерзімі 2022-2025 жылдары аяқталады да, жер мемлекетке қайтарылатын болыпты. Баяндама жасаған Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров осылай депті. Бұл – елді елеңдеткен елеулі мәселе еді. Ары-бері тартпай, ойға-
қырға шаппай президенттің шешімін депутаттардың бір ауыздан қолдағаны құптарлық іс болды. Себебі жер болмаса, Ел де болмайды! Ел болмаса жердің керегі не!

 

Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК