СӨЗ БАР, ҚҰЛАҚ ЖОҚ, ҚҰЛАҚ БОЛСА, ҚҰЛЫҚ ЖОҚ
Жасымыз біразға келген соң қоғамдағы құбылыстарды бұрынғы кезеңмен салыстырып қараймыз. Ал отыздың ар жақ-бер жағындағы жастар бұрынғы уақытта сөздің әсерінің қандай болғанын көрмеген соң салыстыра алмайды. Коммунистік партияның бәрімізді бұйдалап ұстап тұрған тұсында да кез келген саладағы кемшілікті айтуға, жазуға болатын, директордың, орынбасардың өзге де лауазымды қызметкерлердің жұмысы сыналатын, бірақ партияға тіл тигізбейтін.
Алда-жалда облыстық немесе республикалық басылымның бетінде елге белгілі адамдар, кәнігі журналистер басшыларға сын айтса, ол міндетті түрде Орталық Комитеттің тиісті бөлімдерінде талқыланатын. Ең алдымен газеттің бетінде жарияланған фактінің рас-өтірігі анықталатын. Рас болса шара қолданылатын, өтірік болса журналистің басына әңгіртаяқ орнататын. Сөздің сұрауы болатынын ескерген соң журналистер де мақаласына негізсіз факті қоспайтын. Әлі күнге есімде, Қызылорда облыстық Атқару комитеті төрағасының орынбасарының аты «Известия» газетіндегі бас мақалаға шығып кеткен екен. Сондағысы Сырдың жағасынан екі қабатты үй салдырыпты. Ол үйге Қалтай Мұхамеджановтың 50 жылдық тойында Тахауи Ахтанов, Қалағаң үшеуміз барып дәм татқанбыз. Бүгінгі аудан әкімдерінің үйлеріне қарағанда ол әншейін кепе ғана. Мақаланың ішіндегі бір абзац үшін әлгі орынбасар партиялық билеттен де, жұмыстан да қағылып қалған еді. Сөз өтетін, сөзбен айтылған сын өтетін сондай кезеңдер болды. Ал қазір дүниені төңкеріп айтсаң да, сөзге құлақ асар болмай тұр.
Бұдан біраз жыл бұрын Шерхан Мұртаза мен Камал Смайыловтың бір-біріне жазған хаттары қоғамға сәл де болса серпін берген еді. Кейінгі уақытта басшылар бірте-бірте сөзге мән бермейтін болды. Олар плюреализм дегенді басқаша түсінетін болды. Әркім өз пікірін айтуға қақылы, ол өз пікірі. Егер біреу тосын ұсыныс, жөн сын айтып жатса, оған қарсы пікір ұйымдастыра салады. Сізге ұнамаса басқаға ұнап жатыр деген желеумен теледидардан адамдарды сөйлетеді, не газет бетінен мақала шығартады. Сөйтіп, өзгеру керек мәселе өзгермейді, халықтың да оған әбден еті үйреніп кетті. Айтылады, айтылады да, айтылған жерде қалады. Керемет мақала жарияланса жұрт қос қолдап қолдайды, «Сен жақсы жазыпсың, сен айтпасаң кім айтады, қазір халықтың мүддесін жазушылар ғана қорғайды ғой», – деп мәз болады. Сөйте тұра ештеңе өзгермейтінін іштері сезеді.
«Тыңдалмаған сөз жетім» қалғандықтан да қоғамда бойкүйездік, селқостық, немқұрайлылық қалыптасты. Ашық айтылады, өткір жазылады, бірақ билік бәрібір өз дегенінін жасайды деген пікір қоғамға орнығып алды. Оны билік жағы да оқиды, оқиды да, айтса айта берсін, сөз бостандығы ғой деп, соған ысырып қоя салады. Билік ешкімнен ақыл сұрамайтын дәрежеге жетті. Халықтың пікірін тұмшалап жатқан ешкім жоқ, халықтың айтуға мүмкіндігі бар, цензура жоқ деп қарап отыр. Айтылған, жазылған кемшіліктерді жөндеуге талпынбайды. Бұрын Орталық комитетте мәдениет және үгіт насихат деген бөлімдер болды. Осы екі бөлім біздің идеологиямызды басқарып отыратын. Айтылған мәселеге міндетті түрде мойын бұрып, міндетті түрде шара қолданатын. Не кемшілікті жөндейік, не дұрыс-бұрыстығын анықтайтын. Қазір біздің орталық аппараттарымызда баспасөзбен жұмыс істейтін бөлімдер жоқ. Жалпы, ішкі саясат бөлімі дегеннің функциясына не кіретінін, нақты қандай жұмыс атқарып жатқанын білмейміз. «Ит үреді, керуен көшеді» деген принциппен біздің қоғам ілгері жылжып барады. Елдің пікіріне, елдің ішінен шыққан тұлғалардың сөзіне елең етпейтін дәрежеге жетті. «Сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел» деген үмітті кезеңнен өтіп кеттік. Бұл жайт мені де ашындырады. Қоғамға пайдам тие ме, мына кемшілікті айтсам түзеле ме, деген оймен біршама мақалалар жаздым, көп еңбектендім. Ешкім құлақ аспаған соң, айтарлықтай нәтиже болмаған соң қойдым. Көзіқарақты жұрт оны біледі. Айтылған сөз айтылған жерде қалып жатыр. Сөз бар, құлақ жоқ, құлақ болса, құлық жоқ заманда өмір сүріп жатырмыз.
Дулат Исабеков,
жазушы, драматург,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері