Оралда  театрлар көбеюде

Орал қаласы білім беру бөлімінің «Оқушылар сарайы» МКҚК қолдауымен танымал актриса, Қазақстан авторлар қоғамының мүшесі, дарынды аудармашы Эльмира Мақашеваның «Мақашева театрын» ашу жөніндегі ұсыныс талқыланды.

Орал қалалық білім беру бөлімі баспасөз қызметінің мәліметінше, Оқушылар сарайында театр ашудың мақсаты – өнердің осы түріне қызығушылық танытқан талантты өрендердің актерлік қабілеттерін сынап көруіне мүмкіндік беру, әр баланың шығармашылық iзденiciне серпiлiс сыйлау.

Жиын барысында Оқушылар сарайының директоры Шолпан Сисенова театр өнерінде 30 жылдық тәжірибесі бар Эльмира Мақашеваға ұсынысты қабыл алғанына алғысын білдіре отырып,  театр мамандары жан-жақты қолдайтынына сенiм білдірді. Сонымен қатар Х.Бөкеева атындағы қазақ драма театрының директоры Нұржан Тасболатов, Х.Бөкеева атындағы қазақ драма театрының негізін қалаушы ҚР мәдениет саласының үздігі, әнші-композитор, актер Мұсағали Бектенов, Қазақстан Суретшілер одағы БҚО филиалының төрағасы, «Үздік шығармашылығы үшін» алтын медалiнiң иегері, ҚР мәдениет саласының үздігі Қайыр Оразғалиев, халықаралық, республикалық ақындар айтысының жүлдегері, «Алтын домбыра» иегері, айтыскер ақын Жансая Мусина, қалалық мәдени-ағарту бiрлестiгiнің «Алтын Орда» балалар мен жасөспірімдер қоғамдық театрының көркемдік жетекшісі Әсемгүл Төлепберген бұл бастамаға сәттілік тілеп, қолдау  көрсетуге дайын екендіктерін жеткізді.

 

 

Ағымдағы жылдың қыркүйек айында жұмысын бастайды деп жоспарланған жаңа «Мақашева театрына» әр түрлі жастағы балалар мен жасөспірімдер қабылданады.

Еске сала кетсек, Эльмира Мақашева – Қырғыз Республикасының «Jeti Oguz жұлдыздары – 2019» IV халықаралық конкурс-фестивалінің «Актерлік шеберлік» номинациясының Гран-При иегері, Қазақстан авторлар қоғамының мүшесі, аудармашы, Батыс Қазақстандағы Хадиша театрының белді актрисасы. Сонымен бірге Эльмира Жұмажанқызы жуырда Театр қайраткерлері одағының БҚО Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театры бөлімшесінің жетекшісi болып тағайындалды.

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА

БҚО Орал қаласы