ҚАРИЯЛАР ЖАҢАРҒАН ТҮРКІСТАНДЫ ТАМАШАЛАЙДЫ
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Шардара ауданындағы ардагерлер үйінде болды. Ардақты ақсақалдарымен кездесіп, үстел басына жиналғандарды ашық сұхбат құруға шақырды. Жиналғандар тосырқаған жоқ, жоспарларымен бөліскендер де болды. Түркістанда бұрын болғанмен, тап қазіргі көркейген келбетін көрмеген ақсақалдар аз уақыт ішінде шаһардың жаңа кейіпке еніп, адам танымастай өзгеріп кеткендігіне өздерінің таңқалыстарын білдірді. Күллі түркі әлемінің рухани астанасындағы жаңалықтардан хабардар болған қариялардың құлшынысын қолданған облыс басшысы аудан ақсақалдарын көне Түркістанның жаңа кейпін көзбен көріп қайтуды ұсынды.
«Пандемияның кері әсерінен кездесулер сап тыйылды. Расында, халықпен тиімді кері байланыс орнату – қашанда алғы мақсаттардың бірі. Ауданның тыныс — тіршілігімен өздеріңіздей енете таныс ешкім жоқ. Сондықтан мен өздеріңізбен кездесуді асыға күтемін. Орнымен қартаю да жақсы қасиет. Қарттықтың бақытты, шуақты, айтулы асыл қасиеттері көп. Оны өздеріңізден көріп отырмын. Түркістан тіршілігін келіп, көзбен көріп қайтуларыңыз қажет»,-деді облыс әкімі.
Облыс әкімі жауапты басшыларға барлық аудан, қалалардағы ниет еткен қарияларды жаңарған Түркістанды тамашалатуды тапсырды. Жаңарған Түркістанға қонақ болып келетін ардагерлер — аймақтың, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен үлес қосқан білім, мәдениет, ғылым, өндіріс және және басқа да түрлі салаларда жетекшілік еткен білікті ақсақалдар. Оларды карантин талаптарын қатаң сақтай отырып,
Түркістанға алып келіп, қаланы аралатуға аудан, қала басшылары жауапты.
Өрелі ой мен салмақты пікір айтылған кездесуде облыс басшысы мұндай отырыстардың маңыздылығын ерекше атап өтті. Кездесу барысында облыс басшысы аға ұрпақтың қоғам өміріне қосқан үлесіне шынайы ризашылық білдіріп, үлкенді сыйлау, ардагерлерге қамқорлық көрсету кейінгі ұрпақтың міндеті және парызы екенін атап өтті. Ауданның әлеуметтік мәселелері талқыланып, оның шешу жолдары бойынша аймақ басшысы өмірден түйгені мол ел ағаларының пікірін тыңдады. Зиялы қауым өкілдері мен қазыналы қариялар әкімнің облысты басқарудағы жұмысына сәттілік тіледі.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі