Орамал тақпаған әйелдерден қорқамын

Айдың-күннің аманында аналар түгел жалаңбас қалды. Қазір қызы да бір, анасы да бір. Бая­ғыда үлкендер шашта қасиет бар, ол жуып, күтілмесе, ұза­тылғасын көзден жаулық арқылы көле­гейленбесе, қасиет қай­тады деп айта­тын.

Баяғының адамдарын жұрт «көне­нің көзі», «ақылдың сарқыты» деп әспеттеп отыр­маушы ма еді?! Әрі солар­дың айтқан ғибратты, өнегелі әңгі­мелері ауыздан-ауызға тарап, тағылымымен бүкіл ауылды, одан ары бір өңірді тәр­биелеп кете баратын. Осы ретте сол бір жақсы қасиетті, ізгі дүниені ел жадында қайта жаңғырту үшін халық сыйлаған, көп қадірлеген тұлға­ларымыздың жан сарайына үңіліп көруді жөн санадық. Сөйттік те, бүгінде жасы жетпістің сегізіне келген аузы дуалы, көкірегі қазыналы қартымыз, Халық әртісі Асанәлі Әшімовке қолқа салған едік.

“Бұларың жөн, қарағым. Үл­кен­нен өнеге қалмаса, сол үл­кеннің несі қазына?! Осындайда әкең мен ше­шең жайлы, солардың ғибрат қып, өнеге етіп айтқан ұлы әңгімелері жай­лы шекең тершіп айтқанға не жетсін?! Өкінішке орай, мен әкемнен төрт жасымда айырыл­ған адаммын. Сұм соғыс бізді әкесіз, балалықсыз өсуге мәж­бүр­леді. Бүгін айтсам, біреу нанар, біреу нанбас: тұп-тура төрт жасымнан бастап еңбекке же­гіл­дім. Бұғана түгілі буыны толық бекімеген мен үшін бұл да оңай қиыншылық болған жоқ. Сондықтан да риясыз ба­ла­лықтың таңнан кешке дейін тынымсыз шапқылататын ой­ны­нан емес, кәдімгі «еңбек ада­мы» атанып, Ананың тәрбие­сінде өскен­діктен біз ерте есей­дік”, – дейді КСРО және Қазақстан Халық әртісі, «Парасат» орденінің иегері Асанәлі Әшімұлы.

Баланың барлығы ананың тәрбие­сінде болады ғой, де­ген­мен әкенің тәрбиесі де бір мектеп. Әйел адам­дарды ерек­ше сыйлаймын. «Шешем кетіп қалса, мен не істеймін, қайда барамын?», – деген үрейім болатын. Қазір қарап отырсам, менің 8 жасар балам да: «Ана, сен біреу-ақсың ғой», ­ дейді екен. «Өй, әкең де біреу-ақ емес пе?!», – десе: «Әкем жоқ болса, сен басқа әке тауып бересің ғой», – депті. Өзінің бірге оқитын жолдасының жағ­дайы сон­дай екен. Соны көрген баланың санасына түйгені ғой. Көрдіңіз бе, шын мәнінде де бұл әлемде бала үшін ана біреу-ақ! Қазақта «Әкенің жа­қын­дығы жездедей-ақ» деген ма­қалы бар ғой. Мен әкемді көрме­геніммен жетімдік көрмедім. Ал шеше болмай, әкең болса сонда же­тім­­дікті тартар едің. Шешенің берген тәрбиесі өз алдына, біздерді заман тәрбиеледі. Со­ғыс­тың қаталдығы, бала­лықтан ерте айырылған өмір…

Мана жоғарыда айтқанымдай біз төрт жасымыздан бастап еңбекке араластық. Қырманда жүріп есейдік. Шынында да, адам сәу­лет­шісі – Ана ғой. Ойлап қара­ңызшы, дүниеге жаңа келген тіршілік иесіне нұрын шашып, келешекке ақ жол, адал ниет нұсқаушы да сол ана емес пе?! Осын­дайда есіме бір қызық жайт оралады. Ғалымдар анасынан айырылған май­мыл балалар үшін екі қуыршақ май­мыл ана жасап, бірінің омырауынан сүт шыға­тын, денесі қатты да суық етіп, екіншісінің омырауынан сүт шық­пайтын, бірақ денесін жылы да жұмсақ етіп, жасаған екен. Май­мыл балалары сүті бар денесі қатты қуыршақты емес, сүті жоқ болса да денесі жұмсақ қуыр­шақты ана ретін­де қабылдап, соның бауырына тығы­лыпты. Бұдан нені аңғаруға болады. Тағы да ана құшағының жұмақ мекен екенін бағамдайсыз. Ал жас­тайынан шеше бауырында есейген мен үшін ананың орны тіптен бөлек болатын. Сол аналарымыз бір әңгі­месінде айтып отырушы еді «Әйел адам – ұлттың айнасы» деп. Егер әйел адам жалаңаш­тана бастаса, ұлттың жаны жа­лаң­аштана бастайды екен. Тіпті, сонау ашаршылық кездерінде де, соғыс тұсындағы аласа­пыран, алма­ғайып күндерде де біз басымыздан жаулығымызды тастаған емеспіз. Арғы шеше­леріміз, тіпті, көненің адамы еді. Алда-жалда шашыңның сәл тұсы ашылып қалса да: «Ашық жерге шайтан ұялағыш дейді, қарғам. Шашыңа мұқият бол» деп оты­ратын. Бірде қырманға көбіне жалаңбас барып жүрген көрші әйелге сол ше­шеміз қатты ұрыс­ты. Бірақ кейіннен үндемейтін болды. Сөйтсек, ол байғұс сон­да шашына тары сеуіп, содан түспей арасына сіңіп қалған аз бөлігін шиеттей балаларына тасиды екен ғой. Мұндай жағдай сол замандағы көп адамның басында болды ғой.

Ал қазір ше? Айдың, күннің аманында аналар түгел жалаңбас қалды. Бастағы ора­малдың мәнісі де жат жұрт­тық болып, ана атану еді. Қазір қызы да бір, анасы да бір. Бая­ғыда үлкендер шашта қасиет бар, ол жуып, күтілмесе, ұза­тылғасын көзден жаулық арқылы көле­гейленбесе, қасиет қай­тады деп айта­тын. Кейде оңашада осыны ойлағанда қорқамын, қазақ бар қасиетінен айы­рылып қала­тын­дай», – деп отырушы еді жарық­тық. Бұған келгенде ешкімнің айтарға дауы болмаса керек. Шешеміз айта­тын осы бір әңгі­ме мені әр уақыт толғандырып келеді. Айналама қарай­мын. Қараймын да қамығамын. Бүгін мүлдем жат ұрпақ өсіп келе жатқан­дай. Ертең кешегі қазақ пен бүгінгі қазақтың арасы жер мен көктей алшақ тартып, еж­ел­­ден ұлы құндылыққа бай біз ұлт ретінде өзімізді жоғалтып ала­мыз ба деп алаңдаймын. Әйт­песе, адамзаттық тұрғыда даму толастамақ емес. Ол – жаһан­дану процсесі. Бұл жай­лы ала­таңға созып әң­гі­­ме ай­туға бола­тын еді. Шешей менің жұмы­сым­ның жемісін көре бас­таған шақта, «Пәленшенің шешесі» деп бар­ған же­рінде төрге шығаратын. 87 жасында өмірден озды. Жар­ты өмірі Алматыда өтті. Жарық­тық анама жеңгем секіл­ді ерке­леп өстім. Ауылда кәрі шеше­міздің қолында өскен­діктен «апа» деп атадық. Өз ше­шеміз­бен жеңге мен қайны сияқты қалжың­дасып жүре­тінбіз. Үйге кештетіп, түнде­летіп келгенде ұйықтап жат­са, төсектен құла­тып кеп жібе­ремін: «Мен кел­генде неге ұйық­тап жатасың?» деп. Соның бар­лығы оған да ұнайтын болса керек. Еш уақыт­та қабақ шы­тып, өң суытып көрмепті. Дү­ние­ден өтер алды ауы­рың­­қырап жүрді. Сон­дай күн­дердің бірінде осы кісі бір естіп қалсын­шы деген оймен «Апа!» дедім. Қуанар, сер­гіп қалар деп айттым. Бірақ ол олай істе­меді. Маған ала көзімен қарап, аспанды сұқ сау­са­ғымен нұсқады. Онысы «Күнә болады, олай деме. Құдай көріп тұр» дегені еді. Міне, көр­діңіз бе? Қазақ менталитетінің асыл­дығы соншалық еді. Келіннің ене ал­дындағы адалдығы. Тап сол жер­де шешейге тар құр­сағын кеңі­тіп, тас емшегін жі­біт­кен мендей ұлы­ның сүйіс­пеншілігіне иіп, ессіз күйде қуанып, тасуына болар ма еді?! Бірақ ол өз ше­шесіндей болған енесіне деген сүйіспеншілікті бала­сының ма­хаб­батынан биік қойды. Ол кездің аналары со­ны­сымен де асқақ еді. Оның үстіне қазақта «Атаң мен анаң бір мезгілде үн қатып қалса, әуелі анаңа жауап бер” деген ұлағатты сөз бар ғой. Осы сөздерден соң менің анамның тұлғасы тіптен биіктеп кетуші еді…

Асанәлі Әшімұлы