ҚАЗАҚ КИНОСЫНА ҚАУҚАРЛЫ ҚОЛДАУ КЕРЕК!

22 сәуір күні, НұрОтан партиясының құрылғанына  10 жыл болған «Мирас» республикалық Қоғамдық Кеңесі «Қазіргі отандық кинематография саласындағы өзекті мәселелер» тақырыбында өткен кеңесте қабылданған ұсыныстардың орындалу барысын қарады.  Бұл кеңесте партия мүшесі емес те, басқа партиялардың да мүшелері құрамына кірген. Солардың бірі белгілі мәдениеттанушы, қоғам қайраткері Серік Ерғали, жұртқа мәлім жазушы Смағұл Елубаевтан кейінгі бас баяндамасы жасады. С.Ерғали бұл кеңесте құрылған күннен бері мүше және биыл 60 пайызға құрамы жаңарған құрылымда партия өз Кеңесіне тағы да мүше етіп қалдырыпты. С.Ерғалидың баяндама тезисін жариялап отырмыз.

 

Баяндамашы — Серік Әбдірешұлы ЕРҒАЛИ,

мәдениеттанушы, публицист, қоғам қайраткері

 

Армысыздар, құрметті Кеңес мүшелері!!!

Құрметті Төраға!!!

 

Ораза қабыл болсын! Аллатағала ісімізге жар болсын!

Сөз басында  «Мирас» кеңесінің жұмысына қатысты мынаны айтқым келеді: Кеңес мемлекеттік органдардың жұмысын қадағалап қоймай, оларға қамқорлық пен қоғамдық тараптан ықпал ету шараларын жасағанда тиімді нәтиже болады деген ойдамын. Менің баяндамам да осы мазмұнда болмақ.

 

Құрметті әріптестер!!«Қазіргі отандық кинематография саласындағы өзекті мәселелер» тақырыбында өткен кеңесте қабылданған ұсыныстарға қатысты құзырлы тұлғалар айта жатар.

Мен осы сала бойынша кейбір қадау мәселелерге назар аударуды жөн көрдім.

Өз сөзімді мазмұндау үшін бас қатыратын бірнеше сауалдарды ортаға тастау арқылы мәселелерді өзектендіргім келеді және ұсынымдар беріп, мәселенің шешімін де қоса ұсынбақпын. Баяным бес сауалдан ғана тұрады.

 

  1. «Қойшылар» неге көп? Киноматография саласының бүге-шүгесін қамтитын, жауап беретін, қызмет ететін ұйымдар мен органдар жеткілікті екен. Солай болу керек те шығар. Себебі Киноматография – біртұтас аса күрделі индустрия. Сонымен  әлгі құрылымдарды атап өтейік:
  • Мәдениет және спорт министрлігі
  • Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі
  • Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ
  • «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы»
  • Республикалық «Qazaqstan» телерадиокорпорациясы» АҚ

 

Бірақ бұлардың ара жігі қандай? Кім аға, кім іні, кім әпше, кім сіңлі? Кім немен айналысады,нені басқарады? Бәрі бір жаққа тарта ма, әлде әркім әр жаққа тарта ма? Бұны басты мәселенің бірі санаймын. Себебі біздің рузаният саласына бірегей менеджмент жүйесі жетпей жатыр.

 

ҰСЫНЫС:  «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы»  жанынан қоғам және өнер қайраткерлерін біріктіріп Қамқорлық кеңесін құру керек те, жоғарыдағы құрылымдар мен органдардың киноматография бойынша қызметін қоғамдық бақылауға алу керек. Бұған НұрОтан партиясы бастама жасағаны абзал.

 

  1. Көркем сын көзге неге түсрпейді? Киноматография шығармашыл тараптан өзіне қажет баға мен бата алып отыр ма? Көрерменді әрі тәрбиелейтін, ненің жақсы, ненің жамандығын нұсқайтын, әрі киномыздың деңгейі мен өресін анықтайтын мониторинг қайда? Киносыншылардың еңбегі мен үні қайда? Олар көзге неге түспейді? «Томирис» фильміне қатысты белгілі тарихшы Қойшығара Салғараның сынына жауап беретін болмаса одан әрі өрбітетін кәсіби сын бар ма?Бұл сұрақтар жауапқа да лайық деп ойлаймын.

Іздестіру барысында Фейсбуктен тәуелсіз киносыншылар қауымдастығының тобын таптым. Ол жерде белгілі киносыншы  Гүлнара Әбікеева бастаған жұрт тығылып отыр. Ресми киносыншылар аренасы  қайда? Оларды кім ұйымдастырады, кім қолдайды?

Киносыншылар еңбегі еленбейді, жарияланбайды, өздері насихатталмайды, жағдай жасалмайды, қаламақы төленбейді  деген байбаламға жауап күтеміз.

 

ҰСЫНЫС: Киносыншылар қауымдастығын құрып, оны ресми түрде қолдау қажет.

 

  1. Хал қалай, кинодраматург? Кинодраматургия – киноматографияның анасы. Ол болмаса кино да жоқ. Елдегі киноматографияның драматургия саласы, сценарий мәселесі сын көтермейді, әсіресе қазақтілді білікті, талғампаз сценаристер тапшы.

Әсіресе ұлттық рухани-мәдени-тарихи салада марқұм Таласбек Әсемқұловтай кім бар? Болмаса қалай қалыптастырамыз, қайтіп баулимыз? Ең болмаса кеше ғана одүниелік болған Қабдеш Жұмаділов, Есенғали Раушанов секілді рухани құндылықты арқалаушылардың көзі тірісінде әлеуеттерін пайдаға жарататын әбжілдік қайда?

Осы аптада көрсетіле бастаған, түріктің ТРТ телерадиокомпаниясы түсірген «Ахмет Яссауи» фильмін біз неге түсірмедік? Өйткені, оған өрелі кинодраматург бола қоймады болмаса түріктермен бірігіп түсіруге өреміз жетпеді деген сөз.

 

ҰСЫНЫС: Кино-драматургияны шұғыл дамытуға арналған шаралар тізімін жасау ләзім

 

  1. «Етікші» неге документалист? Бүгінде әсіресе деректі фильмді ерінбеген етікшілер де түсіретін болды. Әрбір арнаның марқайған-марқаймаған журналистері документалист болып кетіпті. Маған жыл сайын Наурыз тақырыбына деректі фильм түсіру мақсатымен кемінде 3-4 арна, ұйымдар келіп жатады, бірақ солардың іске жарар, тіске татыр өнімін байқай алмадым. Деректі фильм ғылыми құндылығы басым, танымдық сипаты мол дүние болса, неліктен тақырыпты танымағандар бекер «тар жол тайғақ кешіп» жүр? Ондай шала мамандарды шала өнімге неге жегеміз? Мәселе тендерлеткен продакшндердің салдары емес пе?

 

ҰСЫНЫС: Түсірілген Деректі фильмдер мен түсірушілердің ортақ мәлімет базасын жасау; Деректі фильм түсірушілерге арналған талаптар бекіту қажет.

 

  1. Дубляждің дүмпуі қалай? Елде қазақ тілі аударма саласына тәуелді болса, киноматографияның да дубляжға кіндігі байлаулы. Ел кинопрокатында кемінде 90 пайыз орыстілді өнім өз үстемдігін жүргізуде. Ұлттық арна да көрерменін дубляжбен ұстап отырғандығы мәлім.

Дубляждың сапасы туралы әңгіме өз алдына.  Мәселен телесериалдардағы санаулы әмбебап 3-4 адамның жаттанды дауысы жылдар бойы неге көрерменнің құлағын сарсыта береді? Неге елде іргелі де еңселі Дубляж студиясы жоқ?

 

ҰСЫНЫС: «Қазақфильм» жанынан ірі Дубляж студиясын,тіпті өз алдына компания ретінде құру керек, сол арқылы кинопрокаттағы 90 пайыз орыстілді өнімді қазақтандыруды қолға алатын мезгіл жетті.

 Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы шыққалы 12 сәуірде 4 жыл болды. «Рухани жаңғыру» стратегиясына отандық  киноматография жүйелі кірісіп отырған жоқ, нәтиже де соған сай. Жалпы елдің киноматографиясына қатысты стратегиялық бағдарлама жасап, соған сәйкес құрылымдарды дамытуды қолға алмаса болмайды. Киноматографияға әзір бұндай планка мен талап қойылмай отыр. Қазақ киносына қауқарлы қолдау керек!