БАТА БЕРІП ҮЙРЕН….

Ауызашарға келдік. Молданы төрге шығарып, барлығымыз соның сөзіне ұйып отырмыз. Алдымен «жайылған дастарқанға» шүкірлік етіңіздер деді.
Кеңес үкіметінің тұсында мұндай берекелі дастарқан болмағандығын атап өтті. Менің әкем лауазымды қызметте істесе де мұндай молшылықты көрген жоқпыз.
Сондықтан осы дастарқанды жайып, барлығымыздың дәм татуымызды нәсіп еткен Аллаға сансыз шүкірлер болсын. Содан кейін осы дастарқанның егелеріне дұға тілейік деп отырғандарға ой салды.
Үлкен асты бастап ортаға бас келді. «Көпшілікке қарап, қайсысыңыз үлкенсіздер бата беріңіздер»- деген еді, жастары шамалас жетпіске жетіп қалған егделеу екі кісі бір- біріне «сіз беріңіз, сіз беріңіз» деп ілтипат көрсеткендей болғанымен бата беруден қашқандай болып көрінді.
Өйткені асты күттіріп қойғанымен екі ауыз сөздің басын құрап айта алмады. «Әттеген- ай» дедік ішімізден.
Бар нәрсені арыдан ойлайтын дана қазақ бата беруге де ерекше мән бергенін білеміз. Бата беруді міндетті түрде қартайғанын күтпей- ақ кез келген ер азамат жаттап алғаны жөн сияқты. Батаның түрі көп. Бірақ асқа бата беруді кішкентай балаларымыздан бастап жаттатқан дұрыс- ау.
«Баталы құл арымас, батасыз құл жарымас»- деген қазақпыз. Әкемнің ағасы Манатбек көкемнің кез келген жайға әсіресе дастарқанда асқа бата бергеніне риза болатын едім. Әр сөзінде ғибрат пен тағылым бар батаның біразын жатқа біледі.
Кейде таңғалатынмын. Қалай есте сақтап, осынша көп батаны қалай жаттап жүреді екен дейтінмін.
Баталы сөз бәтуалы қарттың аузында болмаса баланың көрген өнегесі қайдан болсын?! Балаларыңызға үлгі боларлық, бабалар сөзі батаны жаттап жүрейік, ағайын!
«Атадан бота қалғанша, бата қалсын» — деген дана халықтың ұрпағы емеспіз бе?
Райхан Алмасбекқызы.