МАЙДАННАН ЖЕТКЕН ХАТ

«Дүниені дүр сілкіндірген Ұлы Отан соғысындағы жеңісті жақындатқан ата-апаларымыздың ерлік істері мәңгі өлмейді. Адамзат тарихында алапат қасірет әкелген осынау отты жылдардағы зобалаңның салмағының ауыр болғанын, бүгінгі ұрпақ ешқашан да ұмытпауы тиіс.
Ұлы Жеңісті жақындатуға атсалысқан абзал арыстарымыздың майдан даласында ерлігі мен отандастарымыздың тылда қосқан еңбегі өлшеусіз. Аталарымыздың ардақты ісін бүгінгі ұрпақ лайықты табыстармен жалғастырып келеді.
Омырауларында жарқыраған орден-медальдарын тағып анадайдан көзге оттай басылатын ардагер аталарымыздың қатары жыл санап сиреп барады. Біздің бейбіт өміріміз үшін қан майданда ерліктің өшпес үлгісін көрсеткен батыр бабаларымызға мәңгілік тағзым!
Адамзат тарихындағы ең сұрапыл кезең — Екінші дүниежүзілік соғыста Қазақстан халқы майдан даласындағы ұрыстарға ерлікпен араласып, тылда да тынымсыз еңбекпен жеңіс жолын барынша жақындатты.
Сол тұстағы Қазақ даласындағы әрбір отбасы соғыс ауыртпалығынан тыс қалған емес. Шартарапты шарпыған соғыс әрбір ауылдағы әрбір шаңыраққа қаралы ізін қалдырды.
Солардың арасында менің атам, Байшора Қыздарбекұлы Өтешов те бар. Ол (1909-1942 жылдар аралығындағы) — екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушы.

 

…Жалпы мен соғыс жайлы кинолар көргенді, кітап оқығанды ұнатамын. Әкем маған атам туралы қызықты әңгімелерді көп айтатын.
Сондықтан да мен майдангер, соғыс, бейбітшілік деген сөздерге ерекше мән беремін.
Осы орайда әкем жарықтық Рекен Байшора айтып отыратын, Байшора атам туралы Жеңіс күніне орай естелікпен бөліссем…
1909 жылы Жамбыл облысы (Луговой) Тұрар Рысқұлов ауданы Меңғұл ауылында туған. Жамбыл облысы Меркі ауданынан 1942 жылдың 8 шілдесінде Ұлы Отан соғысына аттанған. 30.11.1942 жылы Украинаның Кировоград облысы Александров ауданындағы Березовка ауылы түбінде хабар-ошарсыз кеткен.
Осы соғыстан туған жеріне оралмады. Соғысқа кіргеннен кейін отбасына жазған хатын бұл күнде Жамбыл облысының Сарысу ауданында тұратын ұрпақтары осы күнге дейін қастерлеп сақтап келеді.
Сіздердің назарларыңызға осы өлеңмен жазылған хатты ұсынғымыз келеді.

 

Ұлы Отан соғысы ел басынан күркіреп өткеніне біраз жыл өтсе де, оның жарасы мен жаңғырығы әлі күнге жанымызды ауыртып, жадымызда тұрады. Сол қанды қырғынның куәсіндей, төмендегі жазылған хатта — жауынгер-азаматтың елге-жерге деген сүйіспеншілігі, аманат-мұрасы тұр.
Онда майдан мен тылдың, соғыста жаумен шайқасқан ерлер мен елдегі үлкен-кішінің жанқиярлық еңбегі, сұрапыл кезеңнің көп сыры шертіледі.

Байшора, жол үстінде жазған хатым,
Бір Алла салғай бізге махаббатын.
Жүрегім еш нәрседен сескенбейді,
Жүргенде мені қолдап ата затым.

Арғы атам ту ұстаған батыр заты,
Шықпаған еш уақытта жаман аты.
Төремен Кенесары болған жолдас,
Кіші жүз руынан Тама заты.

Таманың тең жартысы болар Жөгі,
Кісіде кеткен емес, сірә, кегі.
Мен-дағы ата жолын қусам деймін,
Осындай қан майданда келсе жөні.

Туған соң адам затқа өлім, бірақ,
Болады ер жігіттің сөзі, бірақ.
Көңілімді аздап менің қажытады,
Жас балалар ауылдағы, бала — шырақ.

Рекеннің оқып көрдім жазған хатын,
Біз көрдік әрмияның салтанатын.
Әншейін осы сөзді жаза салдым,
Жөңдерсің оқып көріп жарақатын.

Қолыма қалам алып жазамын хат,
Бір Алла, шыбын жаным, Сізге аманат.
Есекем, шешем менен бала-шаға,
Сіздерді аман көрсем сау-саламат.

Сіздердің амандығын сұрағаным,
Тәртіптен мойын бұрып бұрамадым.
Барамыз аман болсақ бізде қайтып,
Ал, шеше, уайымдап жыламағын.

А–Ж Күлжан, хат жазамын осы тұста,
Жігітке жолдас көп қой көңілі қошта.
Шамаңның келгенінше балаларды бақ,
Осымен сөз аяғын еттім қысқа.

Есеке, кемпірлерге жаздым сәлем,
Бұл күнде күйзеліп жүр қанша әлем.
Келерміз аман болсақ бізде қайтып,
Жақсылық етсе, Алла, бізге деген.

Аман бол ауылдағы үлкен-кіші,
Алланың қыйсық болмас салған ісі.
Рахым етсе Аллах қыйын емес,
Байшораның түзелмей жүр көрген түсі.

Июльдің 22-де түстік жолға,
Ойланып кім қарайды оң мен солға.
Егерде олай-бұлай бола кетсек,
Бір Алла жәрдем болсын балаларға.

Жалғанда бала деген жәннен тәтті,
Бір Алла өзі сақтар аманатты.
Егерде олай бұлай-бұлай бола қалсақ,
Жастығы балалардың жанға батты
Атаның аманатын келер ұрпаққа жеткізіп, өзімнің майдангердің ұрпағы болғанымды мақтан тұтамын.
Менің өмірдегі мақсатым – Отанды қорғай білетін азамат болып өсу және ұрпақтарымды жетілдіру.
Ұлдарымды ел қорғауға, халқының жанашыр азаматы болуға бар күшімді саламын.

 

Өйткені мен Отан үшін отқа түскен майдангердің немересімін. Ал майдангер аталар мен әскери қызметкерлер туған жердің де, халықтың да қорғаушысы болды. Сондықтан да Отанды қорғау әрбір ер-азаматтың қасиетті борышы болып саналады.
Өтешов Байшора Қыздарбекұлының бүгінгі күнде 12 немере, 31 шөбересі бар. Өзімен бірге бір туған Әбдікүл есімді қарындасы Жезқазғанда 2006 жылы 94 жасында қайтыс болды.

Төлеген Байшораев, Саудакент ауылы