Мәди Ахметов? Оның билікке қалай келгенін бәріміз білеміз – Шораев
Қоғам қайраткері, журналист Арман Шораев Ресей саясаткерлерінің Қазақстан территориясына қатысты уәждері, шетелдіктерге жер сату мәселесі, биліктегі ЛГБТ өкілдері, жағымпаз депутаттар туралы айтты. Сонымен бірге Шораев элиталық топтарға қатынасы, Тоқтар Әубәкіровке деген көзқарасы туралы да сөз қозғады.
Бұл туралы “Қасқа жол” бағдарламасында айтылды деп хабарлайды Stan.kz.
Арман Шораев руға бөлінбейді. “Әр қазақ менің – жалғызым” деп жүрген азамат. “Қазақ руға бөлінбейді, қазақ рудан құралады” дейді ол. Өзін биліктің емес, тәуелсіз азаматпын деп таныстырды. Одан бөлек вакцина мәселесіне тоқталды.
“Мен Ресейдің вакцинасын салғызбаймын. Вакцинаға қарсы емеспін. Бірақ мен еврей ғалымарына көп сенемін. Pfizer вакцинасын салғызғым келеді. Егер оны ала алмасам, отандық вакцинаны қолдаймын. Өз ғалымдарымызға сенемін”, – деді Шораев.
Қоғам қайраткері ұлтшыл емес. Елімізде қазаққа жаны жақын өзге азаматтар да, қазақ үшін күресе алмайтын өз азаматтарымыз де жетерлік деп санайды.
“Мен танитын небір өзге ұлт өкілдері бар. Жаны қазақ деп тұр. Әр салада жүр. Ал көп сөйлейтін, ісінен сөзі көп, қазаққа жаны ашыған адамдай көрінетін өз азаматтарымыз да жетерлік. Біздің алаш азаматтарының да көбінің әйелдері өзге ұлтттан. Сондықтан мен ұлтшыл емеспін”, – деді ол.
Арман Шораев Жириновскийдің саяси қуыршақ деп санайды. Ал өз деңгейінде ақылды азамат деп қосты.
“Жириновскиймен кездесіп, сөйлескенмін кезінде. Ол интеллектісі жоғары дамыған азамат. Ақылды азамат. Алайда қазіргі сөйлеп жүргені сайқымазақтың, саяси қуыршақтың рөлі. Ол жай ғана рөл ойнап жүр. Біз оның аузын жапқыза алмаймыз. Ондайлар қашанда болған”, – деді Шораев.
“Біздің елде де жағымпаздық көп. Біреудің бір жерін жалап жоғары мансапқа жетіп жүргендер бар. Жас депутат Мәди Ахметовтің билікке қалай келгенін бәріміз білеміз ғой. Ол жастарға теріс үлгі. Ондайлар көп қой. Жағымпаздарды депутат қылу – билік қастандығы”, – деді қоғам қайраткері.
Журналист ауыл шаруашылық жерін сатуға қарсы. Ал үй-жай салу үшін қазаққа жер сатылуы керек деп санайды. Ауылшаруашылық жерлер тек қана жалға берілуі керек деген пікірде.
“Ауылшаруашылық жерлер сатылмауы керек. Ол тек жалға беріліп, игерілу керек. Себебі ол ортақ жер. Ал үй-жай салуға жерді азаматтарға сатуға болады”, – деді ол.
Арман Шораев елімізде өткен ЛГБТ өкілдеріне қарсы. Оларға қолдау жоғары жақтан да болуы мүмкін деп санайды.
“Бізде Ақордада да бұрын ЛГБТ өкілдері болған, парламентте де, үкіметте де бар. Есімдеріне дейін білемін. Олар аз болса да, қолдау жасайды деп ойлаймын. Оларға қарсы болу керек. Шеруге рұқсат етпеу керек. Біріншіден біз мұсылманбыз, екіншіден қазақпыз. Ондай арсыздыққа жол бермеу керек”, – деді.
Шораев мырза қол боста аңшылыққа шығып, саятшылық құрады. Тіпті шетелге шығып, қаз атады. Өз басы Қазақстанда қасқыр аулауға қарсы. Себебі, қасқырды қазақтың мөрі, түз тағысы, киелі жануары санайды.
“Мен бұрындары жан-жануарға аңшылыққа шығатын едім. Қазір тек қаз атуға барамын. Себебі қаздың саны көп. Олардың аңшылықпен жойылып кету қаупі жоқ. Сондықтан қазға шығамын. Аңды атқанда үркітіп атады. Тепе-теңдік болу керек. Аңның қашуына мүмкіндік болу керек. Бізде ондайды біле бермейді”, – деді журналист.
Еске салсақ, осыған дейін заңсыз қасқыр ауламақ болған Тоқтар Әубәкіровтің басы дауға қалған еді. Арман Шораев Тоқтар Әубәкіровке барлығы жарасады деп ақтады.
“Тоқтар ағаға бәрі жарасады. Ол қазақтың еркесі. Ол кісіне қылмыс жасадың деп айыптауға болмайды. Ол кісі әл-Фараби көшесімен қарсы бағытта жүрсе де болады. Өз басым қатты құрметтеймін. Алдағы уақытта бірге қаз атуға шақырсам ба деймін”, – деді ол.
Арман Шораев қазіргі өтпелі уақытта билікте Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылық еткенін қолдайды. Ал елбасыға ұзақ ғұмыр тіледі.
“Қазір өтпелі кезең. Бұндай уақытта билікте ер азамат болғаны жөн. Ал 25-50 жылда әйел адам басқарса болады деп ойлаймын. Себебі, әйел адамның билікте болғаны да жақсы. Оларда қанағат болады. Ер адамдарға қарағанда жемқорлық азаяды. Бізде жүйе өзгереді. Кезінде Кеңес Одағы да құлады ғой. Бізде де өзгеріс болады. Елбасыға ұзақ ғұмыр тілеймін. Кезінде Қазақ күрес федерациясын басқаруды ұсынып едім. Әлі де сол ойдамын. Қазақ күресіне қолдау болар еді деп ойлаймын”, – деді Шораев.