‎Мүшел

Мүшел – 12 жыл уақыт атауы. Қазақтың ұлттық ұғымында жас саны мүшелмен есептеледі. Халық даналығында осы қағида шын мәнінде тапқырлық санақ есебі екенін ғылым да мойындайды. Бұл тәсіл өткен жылдарды есептеуге де, адам жасын анықтауға да өте ыңғайлы әрі бірден-бір оңай есептік жүйе. Мүшелдің алғашқы 13 жылдан бастап, кейін әр мүшел сайын 12 жылдан қосып отырады. Бұрынғы кісілер жасын айтқанда «бес мүшелден екі жыл астым» (63 жас), «жеті мүшелге толдым» (85 жас) дейді. Мүшелдің 12 жылдан қайрылуының өзі адам өмірінің елеулі кезеңіне сәйкес келеді. Мысалы —

бір мүшел (13) – балалық,
екі мүшел (25) – күш-қуаттың толысуы,
үш мүшел (37) – жан-жақты толысу,
төрт, бес мүшел (49-61)- кемелдену, және одан әрі қарттық дәуірге сәйкес келеді.
Халық ұғымында әр мүшел адам өміріне қауіпті жыл деп саналып, мүшел жасында жаңа киімін біреуге беріп, жаратушыдан саулық тілейді, «құдайы» /садақа/ жасайды. Бұл жасында әр адам сақтанып жүреді, алыс, ауыр сапарларға шықпайды. Ауа райының қолайсыз кезеңдерінде абайлап жүреді. Қазақтардың мұндай сақтануы негізсіз емес. Өйткені адам ағзасында әр 12 жылда үлкен өзгерістер болып тұрады. Ертедегі шығыстық ғылым осыны анықтаған.

Мүшел жас

1-мүшел -13 жас (ержете бастау)
2-мүшел – 25 жас (жігіттік жас)
3-мүшел – 37 жас (ақыл тоқтау)
4-мүшел – 49 жас (орта жас)
5-мүшел – 61 жас (орта жас)
6-мүшел – 73 жас (қарттық)7-мүшел – 85 жас (кәрілік)
8-мүшел – 97 жас (қалжырау)
9-мүшел – 109 жас (шөпшек сүю)
10-мүшел – 121 жас (немене сүю)
10 жасқа дейін – қозы жасы деп қозы-лақ бақтырған,
10 мен 20 жас аралығын қой жасы деп қой, ешкі бақтырған,
20 мен 30 жас аралығын жылқы жасы деп жылқы бақтырған,
30 жас – орда бұзар,
40 жас – қылыш жас, қырықта қамал алар,
50 жас – ел ағасы, ердің жасы,
60 жас – пайғамбар жасы, алпыстың асқары, алпыстың асуы, асқарлы алпыс,
70 жас – жетпістің белесі,
80 жас – сексеннің сеңгірі.

Қазақ халқы адамның өміріне байланысты бірінші мүшелді ананың құрсағындағы мерзімді есептеп 13 деп алған да, қалған өміріне 12 жылды қосып, 25,37,49,61,73,85 т.б жастарды адамның өміріндегі маңызды жылдар деп есептеген. Адам баласы туғаннан бастап, өсіп-жетілу кезеңінде қатерлі жылдар болатындығын айтып келеді. Оны мүшел жас деп атайды. Алғашқы мүшел 13 жас – бұл адамның балалық шақтан ересектік шаққа дейінгі кезеңі. Ол кезде ер балалардың дауыстары өзгеріп, қыз балалардың дене бітімі сүйкімді бола бастайды.

13 жас кейбір нәзік балалар үшін қауіпті, өйткені баланың бойындағы өзгеріс кезеңі жәйімен өтсе қауіп жоқ, ал күрт өзгерсе, кейбір балалар жүрек, жүйке ауруларына ұшырауы мүмкін деседі. Осындай мүшел есік қаққанда: «О, Құдірет, мені осы мүшелден қатерсіз өткізе гөр!» – деп Аллаға жалбарынатын.

25 жас – жігіттіктің алғашқы сатысы. Ол кезде ер жігіт бусанып, дене құрылысы өсіп, жетіліп, күші тасып тұратын кез. Бұл мүшелде де садақа беріп, келесі мүшелге дейін аман-есен болайын деп ниет етеді.

37 жас – адам өміріндегі ең басты мүшел. Бұл мүшелде адам жігітшіліктен мосқалдау кезеңге өтіп, ақыл тоқтатып, дүниеге қызыға да, қызғана да қарайтын кез.

49 жас – бұл адамның даналыққа аяқ басатын кезеңі. Бұл мүшелде кейбіреуі немере сүйсе де, кәрілікке мойын бұрмай, «маған кәрілік келмесе екен, әлі де болса қартаймай ойнап-күліп қалайыншы» дейтін кезі.

61 жас – адамның даналығы артып, өзінен туған балаға сын көзбен қарап, жаман-жақсысын ажыратып, өзі де кемел тәрбиеге келетін кезеңі.

73 жас – бұл кезде келген кәрілікті әркім Алла берген, қажыр-қайратына, өзіндік рухына байланысты әрқилы қарсы алады. Даналықтың, кемеңгерліктің шыңына шыққан адамның халқына берері де мол.

85 жас – бұл мүшелде адамның айдай басы қатып, өзінен кейінгілермен бала құсап ұрсып, жеген тамағын жеген жоқпын деп, өкпелегіш болатын кез. Сол үшін де ел арасында «күлсең кәріге күл», бұл жасқа жеткен де бар, жетпеген де бар деседі.

Дайындаған: «ЕлАна»