Әділдік үшін 10 жыл күрескен ауыл әкімі

Бүгінгі мақала кейіпкерінің есімі – Қарашаш. Қарашаш Еркінбекова! Өз аты да, тегі де маған тегін емес көрінді. Қарашаш – қазақ қоғамында елге қамқорлығын аямаған, ақылды әйел, ана образында, Жиреншедей шешеннің жары ретінде белгілі. Одан басқа, күллі Түркі әлемі үшін қадірлі Қожа Ахмет Иассауиді дүниеге келтірген анасының есімі де – Қарашаш. Шымкент қаласында көненің көзіндей болып Қарашаш ана кесенесі сақталған, ол жерден ел аяғы ешқашан үзілген емес.

Мен бұл кейіпкерімді ұзақ іздедім, осы жылдың бас кезінде бір газеттен, әлде сайттан бұл кісі туралы шағын ғана мақалаға көзім түсіп, қатты таң қалғаным есімде. Кейіннен интернеттен іздеп таба алмай қойдым, соңында мақаланы жариялаған газеттің «Айқын» екені есіме түскендей болды. Одан Айқындық журналист Жадыра Аққайыр қарындасыма шықтым. Онда да не мақаланың, не мақала кейіпкерінің, не авторының есімін білмеймін, әйтеуір жалпы оқиға желісін және кейіпкеріміздің сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты ауыл әкімі, әйел адам екенін айттым. Жадыра қарындасым, қызметі ауысып кетсе де бұрынғы әріптестеріне шығып, Айқынның облыстағы меншікті тілшісінің аты-жөнін анықтап берді. Ол Шымкенттік журналист Назгүл Назарбекова екен. Содан әлеуметтік желі арқылы іздеп тауып, телефон номерін алып, мән-жайды сұрастыра келсем, ол кісі – мен таба алмай жүрген мақала авторының дәл өзі болып шықты! Назгүл сөзге келместен Қарашаш Еркінбекованың телефон номерін берді, өзі де мен хабарласады деп алдын-ала ол кісімен сөйлесіп, нағыз журналистке тән қағілездік танытты, ол үшін Назгүлге алғыстан басқа айтарым жоқ.

Қарашаш апайымызбен телефон арқылы ұзақ сөйлестік, ол кісінің он жыл бойғы көрген қиындықтарын, тартқан жан азабын түсінгім келді. Менің таң қалатындай жөнім де бар екен. Бір емес, екі емес, бақандай он жыл бойы өзінің адал аты үшін күресу, азаматтық санаттағы іс емес, қылмыстық іс, оның өзінде сыбайлас жемқорлықпен байланысты іс бойынша он жыл бойы соттасып жеңіске жету, өзіне іс қозғатқан, тергеген, қадағалаған, соттаған лауазым иелерінің қателескендерін дәлелдеу – қандай шыдамдылықты, ерік-жігерді қажет етеді?!

Бір ғана детальды көрсете кетейін, қалайда шындыққа жетем деп шапқылағанына он жылға жуықтаған кезде, Жоғарғы Соттың да, Бас Прокуратураның да есігі бұл кісіге тарс жабылады. Себебі, Қарашаш Еркінбекованың атынан өзінің кінәсіздігі туралы арыздар бір емес, бірнеше қайтара түсіп, қанағаттандырусыз қалдырылғаны өз алдына, сол мекемелердің табалдырығын тоздырып жүріп, барлық басшыларының қабылдауында да бірнеше реттен болып шыққан еді.

Содан, сол кездегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің басшысы Қайрат Қожамжаровтың қабылдауына кіріп, ол кісіге жергілікті жердегі қызметкерлерінің заңсыз әрекеттері туралы айтып беруге бел буады. Осы мақсатта Агенттікке барған Қарашаш апайымыз, сол мекеменің кіре

берісін 18 күн (!) «күзетіп» барып, Қожамжаровтың алдына кіруге қол жеткізеді!

Осындай он жылға жуық тоқтаусыз күрес нәтижесінде, Қарашаш Еркінбекова бұл күндері өзіне қатысты жалалы айыпты бәрінен құтылғаны өз алдына, бұрын атқарған Түркістан облысы (бұрынғы ОҚО), Келес ауданы, Бірлесу ауылдық округі әкімі қызметіне де сот арқылы қайта қол жеткізген!

Енді кейіпкеріміздің басына түскен осы бір шырғалаңға толы оқиғаны ретімен баяндайын.

Қарашаш Еркінбекова мектепті алтын медальмен бітірген соң, жоғарғы оқу орнына экономист мамандығы бойынша түседі. Қалаған мамандығына ие болған ол, алғашқы қызметін техникумда оқытушылықтан бастайды, кейіннен өз мамандығы бойынша Келес аудандық өндірістік комбинатында, одан кейін Бірлес ауылдық окргуі әкімдігінде әртүрлі лауазымдарда жалғастырып, 2007 жылы сол округтың ауыл әкімі қызметіне тағайындалады.

Осы қызметті атқарғанына екі жылға жуықтаған кезде басына іс түседі. Ресми тағылған айып бойынша Еркінбекова пара алушы деп танылады, (сот актілерінен үзінді); «Сот үкімімен К.Еркинбекова, Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданы, Бірлесу ауыл округінің әкімі қызметінде істеп жүріп, жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам бола тұра, пара берушiнiң пайдасына жасаған әрекеттері үшiн, өзіне ақша түрінде жеке өзі пара алу мақсатында, 2008 жылы Шымкент қаласы, Самал-3 мөлтек ауданының тұрғыны К.Тургуноваға Бірлесу ауыл округіне қарасты 28-ші бөлімшесінен тұрғын үй салуға жер телімін беруге шешім шығарып беру үшін пара алуға келісіп, оның 20 000 теңгесін алып, қалған 20 000 теңгесін 2009 жылғы 12 наурызда қолма-қол алғаны үшін айыпталған».

Сол 2009 жылы Келес аудандық Қаржы полициясы қызметкерлерімен пара алу бабымен қозғалған қылмыстық іс бойынша, Еркінбекова үй қамағына алынып, іс ылдым-жылдым тергеліп, араға бес ай салмай жатып, сот Үкімі де шығып үлгереді. Тергеу органы да, заңдылықты қадағалаушы прокурор да, сот та, Еркінбекованың өзін ақтап шырылдаған үніне, істегі көзге бадырайып көрініп тұрған сәйкессіздерге құлақ аспайды, көз салмайды.

Нәтижесінде, Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы №2 аудандық сотының 27.08.2009 жылғы үкімімен «К.Еркінбекова Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі – ҚК) (16.07.1997 жылғы редакция) 311-бабы 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған осы бап бойынша 5 жыл мерзімге мемлекеттік лауазымды атқару қызметімен айналысу құқығынан айыра отырып, мүлкін тәркілеп, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түрінде» жаза тағайындалады!

Бар үмітін сотқа артып, әділдік болады, ақиқатқа қол жеткіземін, шындықты дәлелдеймін деп жүрген Қарашаш Еркінбекова үшін ауыр күндер енді басталады.

Істі болып, ағайын-туыс, бала-шағасы, ел-жұрттың алдында масқара болғанын, бала күнінен мектепте, оқу орнында, одан кейінгі атқарған қызметтерінде де сөзге қалмай, халықтың алдында, елдің алқауында жүрген оның, сол кездегі ішкі жан дүниесіндегі ұят, намыс, әділетсіздікке деген

төзбеушілік тудырған алапат сезімдерді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес еді!

Басқасын былай қойғанда, тоқтаусыз жазу мен талай табалдырықты тоздырып жүріп, 2010 мен 2016 жылдардың аралығында Жоғарғы Соттың кассациялық алқасына Еркінбекова өзіне қатысты қылмыстық істің бес мәрте қайта қаралуына қол жеткізеді. Оның екеуі Бас Прокурордың наразылығы бойынша болатын. Бірақ, соның барлығы да Қарашаш Еркінбекова үшін еш нәтижесіз аяқталады.

Бұндай деңгейдегі істерден кейін кез-келген адамның шашы ағарып, жүйкесі жұқарып, денсаулығынан айырылып, сабырлылары қалғанын Аллаға тапсырып, қолдарын бір сілтеген болар еді.

Ал біздің кейіпкеріміз болса бір сәтте дамыл таппай, қолда бар мүмкіндіктің барлығын пайдаланып, күресін әрі қарай жалғастыра берді. Бірақ, қылмыстық істің қаралар соңғы сатысы осы Жоғарғы Сот пен Бас прокуратура, одан басқа барар жер, басар тау да жоқ. Жоғарғы Соттың соңғы шешімінен кейін, бұл құзырлы органдағы лауазым иелері Еркінбекованы қабылдаудан да, оның арыз-шағымдарына жауап беруді де біржола доғарады…

2017 жыл. Кейіпкеріміздің істі болғанына 8 жыл уақыт өткен. Барлық мүмкіндік сарқылған, өзгелер тұрмақ өз туғандарым да үміттерін біржола үзіп, мені қолдаудан үзілді-кесілді бас тартқан кез еді дейді өзі. Тек маған деген сеніміне селкеу түсірмеген жалғыз адам, ол анам еді, кейде ашық, кейде жасырып зейнетақысынан жолыңа деп ақшасын беріп, ақ батасын тілеп, әр сапарымнан үміттеніп отырудан бір танбады дейді.

Өзі де 8 жыл бойы жұмыссыз, ақиқат іздеп, іс қағаздарын арқалап, талай мекеменің табалдырығын тоздырып жүргенде, басқа кәсіппен айналысуға да мұршасы келмеген Қарашаш апайымыз, қаржының тапшылығына қарамастан, ауылдан Астанаға жол тартса керек. Мақсаты – сол кездегі Агенттік төрағасы Қайрат Қожамжаровтың қабылдауына кіріп, агенттіктің жергілікті жердегі қызметкерлерінің келеңсіз істерін жеткізу. Алажағым кетсе де, айта жағым кетпесін деген принцип. бірақ, көздегені ғимараттың кіре берісінен қарсылыққа ұшырайды. Төмендегі күзет қызметі алдын-ала жазылмағансыз деп, Еркінбекованы ішке кіргізбесе керек. Содан, сол жерде, сол орында, ала таңнан кешке дейін, 18 күн қатарынан отырады! Астанада тұратын үйі, қонақүй жалдап тұратын қаражаты жоқ адамның, тамыр-таныстарының үйлерін жағалап жүріп, қабылдар-қабылдамасы, қабылдаса да көмегі тиері күмәнді, Жоғарғы Сотта пәлен қайтара бас тартылған іс бойынша, осынша күн бойы есік алдын күзетіп жүрген күйін көз алдыңызға елестетіп көріңізші!

Шамасы, іштегі адамдардың бірі жеткізсе керек, он сегізінші күн дегенде ойламаған жерден Қожамжаровтың өзі қабылдайды. Ол кезде кейіпкеріміз етек жеңін жинаған, істің, іс тұрмақ қылмыстық заңнаманың бүге-шігесіне дейін меңгеріп алған, агенттік басшысына кіре, тоқтамастан бір сағаттың үстінде сөйлесе керек. Бір таң қаларлығы, сөзін бөлмей, барлығын мұқият тыңдаған басшы, қарамағындағы тәжірибелі мамандардан топ құрып,

8 жыл бұрынғы істі қайта тексертіп көреді. Нәтижесінде, қылмыстық істі тергеу барысында жол берілген заңсыздықтар мен көзге ұрып тұрған анық сәйкессіздіктер анықталып, Қожамжаров өз бастамасымен, Бас Прокуратураға сот актілеріне наразылық беру туралы ұсыныс жолдайды!

Осымен Қарашаш апайымыздың өшкелі тұрған үміті қайта жанданып, Қожамжаровтың өзі қол қойған жауабын алдыға тартып, Бас Прокурорға кіруге алып ұшады. Істі әу бастан тергеген органның ең жоғарғы басшылығы өз қателіктерін мойындап тұрса, одан басқа не дәлел, не дәйек керек?

Алайда, ол қуанышы да ұзаққа бармады. Бас прокуратура Қожамжаровтың өтінішін қанағаттандыруға, наразылық беруге негіз жоқ деп табады!

Осымен барлығы да бітті, қылмыстық іске қатысты «үштік» — тергеу, прокуратура, сот органдары басшыларының бәрінің алдында бір емес, бірнеше мәртеден болып, енді еш амал қалмады деп отырған сәтінде, кеше ғана Агенттік төрағасы қызметіндегі Қайрат Қожамжаров Бас прокурор болып тағайындалады! Бұл жаңалықты ести сала, Қарашаш апайымыз тағы да Астанаға асығады. Біраз әуре-сарсаңға түсіп жүріп, тағы да Қожамжаровтың жеке қабылдауына қол жеткізеді. Бұл жолы Бас прокурор Қожамжаровқа өзінің Агенттік төрағасы ретінде берген ұсынысы бойынша, прокуратура тарапынан берілген жауапты алдына тосады…

 

Абзал Құспан