Қазақстанды ЖАЯУ аралаймын! Танымдық туризм жобасы
Қарағандылық белсенді азамат Асхат Қажытай бүгін ауылға #ЖАЯУ шықты!
Ол, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және «Алаш» қайраткерлерінің мерейтойлары аясында үлкен жобаны бастады.
Қарағанды — Ақсораң ара қашықтығы — 333 шақырымды жеті күн ішінде жаяу жүріп өтпек. Кеншілер шаһарынан бүгін шыққан желаяқ 24 мамыр күні Қызыларай ауылына жетіп, Орталық Қазақстандағы ең биік шың «Ақсораң» (1565 м) тауының басына ту тігеді. Жол бойы Арқа жеріндегі әсем табиғатты таспаға түсіріп, әлеуметтік желі арқылы ішкі туризмді насихаттауды жоспарлап отыр.
Біріншіден бұл бастама бұқаралық спортты насихаттауға ықпал етеді.
Екіншіден туған өлкенің тарихи орындарын, тұлғаларын елге таныстырудың ерекше әдісі.
Үшіншіден, Асхаттың бұл қадамы замандастарын, өскелең жастарды тәуекелге бел буу, мақсат қою, биіктерді бағындыруға шақырады деп ойлаймыз.
Сондай-ақ аялдаған ауылдарда қазақтың салт-дәстүрін, саятшылық өнерді, көкпарды көрсетіп, далада көшпенділердің асын әзірлемек.
Жалпы бұл танымдық-туризм жобасы 5 бағыт бойынша жүзеге асады.
Келесі сапар маусым айында Қарағанды-Ұлытау бағытында болмақ. Асхат Қажытай, «Жаяу» жобасының авторы: — Бұл жобаның басты мақсаты тарихи жерлерді, мәдени орындарды таныстыру. Ауылдың кешегісі мен бүгініне тоқталу, ауыл азаматтарының портретін ашу, ауылдағы мәселелерді көтеру.
Жомарт Шаймұрат