«ЖОМАРТ ТҮЛЕК — 2021» ФОРУМЫ

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен басталған «Жомарт түлек — 2021» түлектер кездесуі біздің ауданда да жалғасын тапты. Кіндік қаны тамған жері мен халқына деген сүйіспеншіліктен туған осындай игі іс — шаралар патриоттық сезімді күшейтіп, жас ұрпақты тәрбиелеуге үлкен үлес қосқанын айтуға болады.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, аудан орталығындағы Сарыкемер мектеп – гимназиясында санитарлық талаптарға сақтай отырып ұйымдастырылған «Жомарт түлек — 2021» форумы елімізге белгілі түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген түлектердің табысты өмір жолын жас ұрпаққа үлгі ету, танымал байзақтықтарды туған өлкесінің әлеуметтік мәселелерін шешуге атсалысуға тарта отырып, әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыру жолындағы өмірлік тәжірибелерімен бөлісу және әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асыру мақсатын көздеді.
Аталмыш кездесу қатысушыларын мектеп алдында жоғары сынып оқушылары құрмет көрсетіп, дәлізде күмбірлеген күймен қарсы алды. «Байзақтың танымал түлектері» атты бейнебаянмен шымылдығы ашылған кездесу аудан әкімінің уақытша міндетін атқарушы Қайрат Исмаилдың құттықтауына ұласты. Қайрат Әбілханұлы форумның мақсатына қысқаша тоқтала келе, киелі Байзақ өңірінен шыққан, әр салада жетістікке жеткен тұлғалар мен елі үшін еміреніп қызмет жасап жүрген, тәуелсіз еліміздің мақтан тұтар азаматтарының есімдерін атап өтті.
— Кіндігі кесілген туған жеріне, халқына қызмет ету, жақсылық жасау — ізгілікті іс. Алдағы уақытта да жаны жомарт, мәрт түлектердің қайырымды тірліктері жалғасын табатындығына сенімдімін, — деген Қайрат Исмаил форум жұмысына сәттілік тіледі.
Сан салада ел дамуына сүбелі үлес қосып жүрген танымал түлектердің бірқатары, атап айтқанда, облыстық билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов, тарих ғылымдарының докторы, профессор Асқар Абдуалиев, Талас ауданының мәслихат хатшысы Кәдірбек Садубаев, спорт ардагері Тәуірбек Қарауылтегі, ауданның Құрметті азаматы, ақын – сазгер Қасқырбай Нарбатыр, Тараз қаласындағы «Қазмұнайгаз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Бас төрағасы Асылбек Жантаев, облыс әкімдігі білім басқармасының тәрбие бөлімінің басшысы Гүлзира Дарибаева ретімен сөз алып, жетістікке жету тәжірибелері және туған ауылдары туралы естеліктерімен бөлісіп, бірқатары «ZOOM» платформасымен бейнебайланыс арқылы қатысып отырды.

 

Тікелей байланысқа шыққандар арасында Әзімбек Жанқұлиев атындағы (бұрынғы Чапаев) орта мектебінің түлегі, Ақмола облысы мамандандырылған сотының төрағасы Досжан Әмір, Оңтүстік – Шығыс Азияның Сингапур қаласындағы Германия мемлекетінің ірі компаниясында өз мамандығы бойынша биотехнолог қызметін атқарып жүрген Түймекент орта мектебінің түлегі Талғат Саилов, экономика ғылымдары докторы дәрежесін Франция елінде қорғап, бүгінде Лондон қаласындағы қаржы орталығында экономист қызметін атқаратын Ғани Мұратбаев атындағы гимназия түлегі Владимир Давидович, Дихан тірек мектебінің түлегі, «Атакент Азия» девелопмент Бас директоры Бақытжан Жақсымбетов болды. Шара барысында Алмахан Исабаевтың орындауында «Байзақ жері», Дулат Жасұзақовтың орындауында «Ауылым» әндері шырқалып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сонымен бірге, «Жомарт түлек» жобасы аясында аудан көлемінде атқарылған жұмыстар мен аталмыш жобаға атсалысқан белсенді азаматтар туралы бейнебаян көрсетілді.
Тағылымды тәрбиелік маңызға толы кездесу соңында аудан әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил жоба арқылы 2020-2021 жылдары аудан аумағында демеушілік жасап, қолдау көрсеткен бірқатар азаматтарды аудан әкімінің Құрмет грамотасы және де Алғыс хаттарымен марапаттады. Марапат иелеріне гүл шоқтары мен «Жомарт түлек – 2021» атты естеліктер табыс етілді. Соңынан кездесу қатысушылары естелікке суретке түсті.

 

 

Кездесуден шыққан қонақтар Сарыкемер мектеп – гимназиясының базасындағы «Түлектер орталығының» ашылу салтанатына қатысты.
Туған ел ісіне араласу, керекті мәселелердің түйінін шешуге атсалысуда өзіндік орны бар аталмыш орталықтың алқызыл лентасын ауданның Құрметті азаматы, ел ағасы Оңласын Есіркепов пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Ермеков қиды.
Ендігі кезекте туған жеріне танымал, түрлі салада еңбектеніп жүрген түлектердің табысты өмір жолдарын жас ұрпаққа насихаттау, өңір тумаларын туған өлкесінің әлеуметтік мәселелерін шешу бойынша шаралар қабылдауға тарту, әлеуметтік бастамаларды іске асырудың оң тәжірибесін тарату, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру арқылы жастарды патриоттық сезімге тәрбиелеу осы орталықта жүзеге асырылатын болады. Сондай-ақ, әлеуметтік санаттағы қиын жағдайға тап болған балаларға көмек көрсету, оларды қолдау бағытында жұмыстар жүргізіледі деп күтілуде. Және де осында жетістіктерге жеткен түлектер жайлы ақпараттар жинақталып, тұрақты түрде жаңартылып тұрмақ.
Жаңа орталықтың ішін аралаған қонақтар «Түлектер тілегі» кітабына жылы лебіздерін білдіріп, қолтаңбаларын қалдырып жатты.

P.S. Соңғы 30 жылда ауданымызда 25 мыңнан астам түлектер мектеп бітірген. Ауданның мектептерінен еліміз бен әлемге танымал мемлекет және қоғам қайраткерлері, әйгілі педагогтар, ғалымдар, дәрігерлер, спорт, өнер және қарапайым еңбек адамдары түлеп ұшқан. Жоба аясында JAMBYL-TYLEK.KZ cайты іске қосылып, оған бүгінгі күнге дейін ауданымыздың 13 514 танымал түлектері тіркелген.
Жоба барысында мектепті табысты аяқтаған түлектер өз мектептері үшін өнегелі істер жасайды, кітапханаға кітаптар сыйға тартады, табысқа қалай жетуге болатыны туралы дәрістер оқиды, мектепке демеушілік жасайды.
2020-2021 оқу жылында бүгінгі күнге жомарт түлектеріміз 47 миллион 225 мың теңге қаржылай демеушілік жасаса, бұл бағыттағы жұмыстар өз жалғасын табуда.
Әрбір түлектің ата-мекеніне, білім алған ошағының көркеюіне үлес қосқаны — азаматтық парызы. Мектеп түлектерінің осындай игі істері жас жеткіншектердің бойын жігерлендіріп, патриоттық сезімдерін оятарына сенім мол.