«Қолайлы мүмкіндік қиындықтар мен мәселелердің арасында жасырынып жатады» Альберт Эйнштейн

Жалғасы

Естеріңізде болса, мақаламыздың алдыңғы бөлігінде, кейіпкеріміздің сотталғанына сегіз жыл өткен соң, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаровтың есігінің алдын он сегіз күн бойы торуылдап жүріп, ақыры қабылдауына кіріп өзіне қатысты істі тергеу барысында заңсыздыққа жол берілгенін дәлелдегенін, алайда, Агенттік басшысы ретінде Қ.Қожамжаров тарапынан Бас Прокуратураға берілген ұсыныстың сол кездегі Прокуратура басшылығы тарапынан қанағаттандырусыз қалдырылғанын, арада біраз уақыт өткен соң, ғайыптан тайып, Қайрат Қожамжаровтың Агенттік төрағалығынан Бас Прокурорлық қызметке тағайындалғанын, Қарашаш Еркінбекованың алдыңғы материалдарымен сол кісінің қабылдауына кіргенін айтқан едік.

Содан бұл жағдайға толық қанық, істі бес саусағындай білетін Бас Прокурор Қожамжаров өз атынан Жоғарғы Сотқа наразылық беруге пәрмен береді!

Осы жерде оқырмандарымыздың назарын мынаған аударғым келеді. Бас Прокурор тарапынан қадағалау тәртібінде осы нарызылық берілгенге дейін, ҚР Жоғарғы Сотымен Еркінбековаға қатысты іс төрт мәрте (!) қаралып, солардың барлығында да бірінші сатыдағы соттың айыптау Үкімін өзгертуге негіз жоқ деген шешімдер қабылданып қойған болатын. Менің қолымда алды сарғая бастаған 2010, 2012, 2014, 2016 жылғы Жоғарғы Сот Қаулылары жатыр. Біріне Жоғарғы Сот өзі өндірісіне қабылдаған, бірінде, Еркінбекованың арызы, бірінде жаңадан анықталған мән-жайлар бойынша қайта қараған, ал тағы бірде сол кездегі Бас Прокурор Асхат Дауылбаевтың наразылығымен қаралған.

Әуелі, істі Жоғарғы Соттың қарауына жеткізудің өзі қаншалықты қиын, жоқ қиямет шаруа екенін, адвокат ретінде, өз басым жақсы білемін. Ал әупірімдеп жүріп істі Жоғарғы Соттың кассациялық алқасына қабылдатқаннан кейін, бір емес, төрт мәрте қатарынан бас тартылып, «Сіз кінәлісіз!» — деген қорытындыны Жоғарғы Сот судьялары атынан есту, әділдік орнай ма деген үмітіңіздің күлін көкке ұшырғандай болмай ма?!

Менің 2009 жылдан бергі тергеу материалдары, бірінші және апелляциялық сатыдағы сот актілерін былай қойып, тек Жоғарғы Соттың Қаулыларын оқып шығуымның өзі жүйкеме үлкен күш түсірді. Ал енді осынша уақыт бойына, ең жоғарғы деңгейде қанша мәрте бас тартылғанына қарамай, қолда бар мүмкіндіктің бәрін пайдаланып, өзінің кінәсіз екенін дәлелдеуге ұмтылған Қарашаш Еркінбекованың ерік-жігеріне таң қалмасқа шараң жоқ!

Сонымен 2018 жылы, бұл жолы Бас Прокурор Қожамжаровтың наразылығымен, Жоғарғы Сот алқасы Еркінбекованың ісін қайта қарап, бірінші сатыдағы соттың тарапынан жіберілген кемшіліктерді анықтап,

айыптау үкімін бұзу, істі қайта қарауға Түркістан облысы Сарыағаш аудандық сотына жолдау туралы шешім қабылданады.

Жазған құлда шаршау бар ма, араға тоғыз жыл салып, Жоғарғы Сотта бесінші мәрте қаралғаннан кейін барып, Қарашаш Еркінбекова сол баяғы ісімен бірінші сатыдағы сот алдына қайта келді. Бірақ!

Осы жолдарды оқып отырған оқырман, егер Сіз, енді әділеттілік қалпына келетін болды, енді анықтайтын, дәлелдейтін не қалды деп ойласаңыз, онда қателесесіз. Бас Прокурордың наразылығы мен Жоғарғы Сот Қаулысынан кейін, істі 2018 жылдың 26 шілдесі күні қайта қараған Түркістан облысы, №2 Сарыағаш аудандық соты, Еркінбекованы қайтадан кінәлі деп тауып, қайтадан айыптау Үкімін шығарады…

Осы уақытқа дейін, сот құжаттарын зерттеп, Қарашаш апамыздың қайсарлығына сырттай таң қалып, тәнті болып отырған мен, осы жерге келгенде шыдай алмай, ол кісінің өзіне телефон соқтым. Тоғыз жыл соттасып келіп, енді әділдікке қол жеткіздім деген кезде қайта айыптау Үкімін естіген сәттегі апамыздың сол сәттегі жәйін білгім келді.

«Абзал, еш сасқан да жоқпын, қиналған да жоқпын» -деді! Керісінше Үкімді жариялаған сотқа қасқайып тұрып, «мен бұл істі тағы да Жоғарғы Сотқа жеткіземін, әділдік үшін тағы тоғыз жыл күресу қажет болса, күресемін» — деп нық айтса керек!

Абырой болғанда, Қарашаш Еркінбековаға бұл жолы Жоғарғы Сотқа дейін барудың қажеті болмады. Қылмыстық істі апелляциялық шағым негізінде, 2018 жылдың 12 қазанында қайта қараған Түркістан облыстық сотының судьясы З.Ә.Пірнияз, Еркінбекованың шағымын қанағаттандырып, №2 Сарыағаш аудандық соты Үкімінің күшін жойып, Қарашаш Еркінбековаға қатысты жаңадан ақтау Үкімін шығарды!

Жаңа сот Үкімінде қаржы полиция қызметкерлері тарапынан тергеу кезінде жіберілген өрескел қателіктерге де, Еркінбекованың тоғыз жыл бойына, жағы талмай айтып келе жатқан өз кінәсіздігін растайтын дәлелдемелеріне де сот бұл жолы назар аударып, өз бағасын берген!

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, апелляциялық алқада қабылданған шешім толық жарияланған сәттен бастап күшіне енеді. Сол сәттен бастап, ақталушының заңсыз қылмыстық жазаға тартылуына байланысты шеккен зияндарын өтеуге,бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге мүмкіндігі туады.

Қарашаш Еркінбекова да осы құқықтарын пайдаланып, Түркістан облысы, Сарыағаш аудандық сотына;

1) жұмыстан босату туралы өкімді жарамсыз деп танып, бұрынғы қызметіне қайта орналастыру,

2) Нұр-Отан партиясы қатарынан шығару туралы хаттаманы жарамсыз деп танып, партия мүшелігін қалпына келтіру,

3) мемлекеттік бюджет есебінен лажсыз бос жүрген уақыттарына жалақы, зейнетақы т.б. материалдық шығындарды өндіру туралы талаппен жүгінді.

Ол сот отырыстары да оңай болмаған сыңайлы. Мысалы, іске жауапкер ретінде тартылған Түркістан облысы, Келес аудандық әкімдігінің де, Нұр-

Отан партиясының да өкілдері, талаппен келіспей, соттан қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған. Ол аз болғандай талапкер талабын қанағаттандырған сот шешіміне апелляциялық шағым беріп, ол шағымдары 2019 жылғы 30 сәуірде, Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасымен қанағаттандырусыз, Келес аудандық сотының 2019 жылғы 13 ақпандағы шешімі өзгеріссіз қалады.

Осылайша, біздің кейіпкеріміз – Еркінбекова Қарашаш Махамбеталиқызы 2009 жылы бұзылған құқығын, 10 жыл соттасып жүріп, 2019 жылы толық қалпына келтірді! Ол бүгінгі күндері, Түркістан облысы (бұрынғы ОҚО), Келес ауданы, Бірлесу ауылдық округі әкімі қызметін абыроймен жалғастыруда!

Осы жерде сәл ғана артқа шегініс жасай кетейін, мақаламыздың басында осы кейіпкерімізді ұзақ іздеп, «Айқындық» журналисттер арқылы телефон номерін тауып, сөйлесудің реті келгенін жазған болатынмын. Сол кезде Қарашаш апайым, әзіл-шыны аралас, менің ісім туралы мақала емес, кітап жазуға болады дегені есімде қалған.

 

Іс бойынша материалдармен танысу барысында, онда да толық емес, тек кейінгі сот актілерін оқып отырып, ол сөздің дұрыстығына менің көзім толық жетті! Шынында да, неге осындай әілетсүйгіш, қайсар мінезді адамдарымыз туралы кітап жазбасқа? Қашанғы біздің жазушыларымыз өткен заман кейіпкерлерін сомдай бермек? Бүгінгі күннің батырлары қайда?

Немесе Батыс елдерін алып қарайықшы, соттан ақталып шыққан адам болатын болса, ол дереу бүкіл БАҚ-ың басты жаңалығына айналып, Голливуд кино түсіріп үлгеріп жатады. Мысалы, 2006 жылы көрермендерге жол тартқан режиссер Майкл Уинтерботтомның «Гуантаномоға жол» (Дорога в Гуантаномо) фильмі төрт бірдей мұсылман ағылшын азаматтарының, Ауғанстанға сапарлап барамыз деп Американдық арнайы жасақтың қолына түсіп, тергеусіз-сотсыз екі жыл Кубаның Гунтаномо түрмесінде жатқаны жайлы, болған оқиға ізімен түсірілген. Тіпті төртеудің екеуі сол кинода өздерін өздері ойнаған екен.

Бұны неге жазып отырмын? Біздің әдеби-көркем шығармаларымыз, кино, басқа да өнер туындылары нақты болған оқиғаға негізделсе, бастарына қандай қиындық туса да мойымаған қайраткер азаматтар жайлы көбірек айтылса, оның елге берер жағымды әсері молырақ болған болар еді. Әрі Кеңестер заманынан мұраға қалған, қоғамның, мемлекеттің мүддесі үшін жеке адамның құқығын аяққа таптауға болады деген таптаурын түсініктен арылуымызға да септігі тиер еді.

Қарашаш Еркінбекова оқиғасы – мен үшін сондай үлкен шығармаларға арқау боларлық айтулы оқиға!

 

 

 

 

 

Абзал Құспан