Әйтеке би ауданында ауылдарды газдандыру және сумен қамтамасыз ету жұмыстары белсенді жалғасуда.
20 мамыр, бейсенбі күні облыс әкімі Оңдасын Оразалин жұмыс бабымен Әйтеке би ауданында болды.
Қарабұтақ ауылында өңір басшысы «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында жөнделіп жатқан бес көшенің жұмыс барысымен танысты. Б.Момышұлы, Ж.Балтеміров, Н.Әлдекешов, Амангелді және С. Оразалин көшелерінің жол төсемін жаңартуға бағдарлама аясында 325,8 млн теңге тартылды.
Аудан әкімі Дархан Ермаганбетов әлеуметтік-экономикалық даму туралы есеп берді. Оның сөзінше, биыл 13 жол жобасы жүзеге асырылады. Бұдан өзге Аралтоғай және Белқопа ауылдарын газдандыру, Сарат, Толыбай және Ақкөл ауылдарын ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда. Қияқты ауылында су тазарту стансасы салынады.
Облыстың ірі аграрлық аудандарының бірі үшін алқаптарды суару және малды жем-шөппен қамтамасыз ету өзекті болып қала береді. Аралтөбе ауылында облыс әкімі былтыр күзде реконструкциялау үшін 3,5 млн. теңге жіберілген бөгетті қарап шықты. Су қоймасыныің аумағы 800 м3 құрайды. Өңір басшысы Талдысай ауылындағы бөгетті де қарап шықты. Оны да қалпына келтіру керек. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Ғимарат жаңартылған соң ішіне 3 млн м3 су сыятын болады.
Т.Жүргенов атындағы ауылда өңір басшысы аудандық музыка мектебінің жұмысымен танысты. Балаларға мәдениет саласынан қосымша білім беретін ірі мекеменің тоғыз бөлімшесі мен 640 шәкірті бар. Жарты жыл бұрын ғана жаңа кең әрі жабдықталған ғимаратқа көшкен. Айта кетейік, мектеп тәрбиеленушілерінің республикалық және халықаралық байқауларда жеткен жоғары жетістіктері үшін
ЮНЕСКО клубының одағына кіреді.
Бұдан басқа, Оңдасын Оразалин аудандағы елді мекендерде 20 бөлімшесі бар «Әйтеке би аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ-нің жаңа ғимаратының жөндеу жұмыстарының барысын қарап шығып, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын жақсартуға, халықтың цифрлық сауаттылығын көтеруге және сыбайлас жемқорлықты болдырмауға бағытталған «сервистік әкімдік» жұмысын тексерді.
Өңір басшысы жұмыс сапары кезінде егін салу жұмысының барысына ерекше назар аударды. Оңдасын Оразалин бірқатарқарар шаруа қожалықтарының алқаптарын қарап шығып, шаруалардың өтініш-тілектерін тыңдады. Айта кетейік, осы жылдың қаңтар айынан сәуір айына дейін Әйтеке би ауданында 6 млрд теңгеден астам қаржыға ауылшаруашылығы өнімі өндірілген.
Сапар қорытындысы бойынша Оңдасын Оразалин бірқатар нақты тапсырмалар берді. Соның ішінде ауданда ауыл шаруашылығы секторын әрі қарай дамыту, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді қолдау, мемлекеттік бағдарламаларды сапалы әрі уақытында жүзеге асыру және т.б.