4 ОТБАСЫ ҚОНЫС АУДАРУҒА НИЕТТІ
Павлодар облысының өкілдері төрт күндік іссапармен келіп, аудан тұрғындарына Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының 3 бағыты аясында, солтүстік өңірлерге қоныстану бойынша ақпараттық — түсіндіру жұмыстарын жүргізгені туралы жазған болатынбыз.
Апта соңында аудандағы Мырзатай, Жалғызтөбе және Бәйтерек ауылдық округтерінде кезекті кездесулер өткізген өкілдер жұмыс сапарын аудан әкімдігі халықты жұмыспен қамту орталығында ұйымдастырылған басқосумен қорытындылады. Қайбір елді мекенде болмасын санитарлық талаптарды сақтай отырып өткен жүздесулерде тұрғындар бағдарлама шеңберінде өздерін қызықтырған сауалдарына нақты жауаптар алды. Олардың кейбірі Павлодар қаласына барғысы келсе, енді бірі Тереңкөл ауданына баруға ниетті.
Ардаккуль Орымбаева, жалғызбасты ана:
— Отбасымда екі балам бар. Оларды жалғыз өзім тәрбиелеп отырмын. Сондықтан, бүгінгі кездесуде мемлекеттік бағдарлама арқылы өзге өңірге қоныстану бағытында ақпараттық – насихаттық топ мүшелерінің шақыртуларын қабыл алып отырмын. Павлодар облысы әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының көші — қон бөлімінің басшысы Меруерт Есембаева қоныс аударушыларға мемлекеттік бағдарлама шеңберінде берілетін мүмкіндіктер туралы түсінік беріп, ондағы бос жұмыс орындары туралы таныстырды.
Кенжекул Алимкулова, ауыл тұрғыны:
— Мен кездесу нәтижесінде Павлодар облысының Павлодар қаласына қоныс аудару жөнінде шешім қабылдадым. Отбасында төрт адамбыз. Балаларым сабағын аяқтаған соң көшуге қамданамыз. Павлодардан келген өкілдер де, өзіміздің аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының мамандары да бағдарламаның тиімділігі жайлы кеңінен түсіндіріп берді. Ондағы шарттар мен мүмкіндіктер туралы кеңес алдым.
Тұрғындар арасында солтүстік өңірлерге қоныстанудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының мүмкіндіктерін насихаттау, түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатындағы төрт күндік жұмыс сапары нәтижесінде 4 отбасыдан 19 адам Павлодар облысына қоныс аударуға ниет білдірді.
Айта кетейік, Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының 3 бағыты аясында, солтүстік өңірлерге қоныстану бойынша былтырғы жылы Солтүстік Қазақстан облысына 4 отбасыдан 12 адам, Шығыс Қазақстан облысына 9 отбасыдан 10 адам, Қостанай қаласына 9 отбасыдан 38 адам, Павлодар қаласына 2 отбасыдан 11 адам, жалпы саны 24 отбасыдан 71 адам қоныс аударған болатын.