АҚТАУДАҒЫ АЛАМАН АЙТЫСТА ЖАНСАЯ МУСИНА БАС ЖҮЛДЕНІ ИЕЛЕНДІ
Екі күн бойы Маңғыстау даласын отты өлең-жырға бөлеген республикалық ақындар айтысы мәресіне жетті. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай “Nur Otan” партиясының қолдауымен өткізілген сөз сайысына еліміздің әр өңірінен келген 18 ақын қатысты.
Айтысты Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі ақын Жүрсін Ерман жүргізсе, Светқали Нұржан, Ғалым Жайлыбай, Әділет
Қабылов, Бауыржан Халиолла, Сұлтанбек Құдайберген бастаған ел ағалары қазылық етті.
Дүбірлі доданы тамашалауға келген Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов өнер сүйер қауымға тамаша айтыс кешін сыйлаған ақындарға алғысын айтты.
«Биыл еліміз үшін ерекше жыл. Қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл толып отыр. Отыз жылдық мерейтойды Ұлттық Өнер арқылы ұлықтап жатырмыз. Осынау мерекенің жоғары деңгейде өтуіне үлесін қосқан барша жандарға алғыс айтамын. Бұл айтыстағы ең жас ақынымыз Алшын баламыздың да өнеріне тәнті болдық. Сөз шеберлігімен көрерменнің көзайымына бөленді. Алшын Маңғыстаудағы «Жыр жебе» ақындар мектебінің оқушысы. Бұл мектеп 6 жыл бұрын құрылған болатын. Басында Нұрлан Мұсаев негізін қалап, жұмысын бастаған мектепті бүгінде Фархад Мұсаев басқарып, жас айтыскерлерді баулып келеді. Әйгілі ақындарымыздың жолын жалғап келе жатқан жастарға еңбектеріңіз жана берсін дегім келеді»,-деді С.Трұмов.
Қазылар алқасының шешімімен айтыстың екінші кезеңіне төрт жұп іріктеліп алынды. Алматылық Қазырет Бердіхан мен Батыс Қазақстандық Жансая Мусина, Маңғыстаулық Нұрлан Мұсаев пен Павлодарлық Аспанбек Шұғатаев, Маңғыстаулық Жолмағанбетов Абай мен Атыраулық Шалқарбай Ізбасаров, Қарағандылық Төлеген Жаманов пен Маңғыстаулық Арғынбек Қалбаевтар жұптасып айтысты.
Қазылар алқасының шешімімен топтан оза шапқан Батыс Қазақстан облысының ақын қызы Жансая Мусина бас жүлде иегері атанып, 2 миллион теңгенің сертификаты табысталды.
Бірінші орынға Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласының жас ақыны Арғынбек Қалбаев лайық деп танылып, 1 млн. теңгені қанжығасына байлады.
Жүлделі екінші орынға Қарағанды облысынан келген Төлеген Жаманов, Алматы облысынан Қазырет Мердіхан және маңғыстаулық Нұрлан
Мұсаев табан тіреп, әр қайсысына 600 мың теңгеден берілді.
Ал, үшінші орын Павлодар облысынан келген ақын Аспанбек Шұғатаев, Маңғыстау облысының ақыны Абай Жолмағанбетов және атыраулық ақын Шалқарбай Ізбасаров өзара бөлісіп әр қайсысы 500 мың теңгеден иеленді.
Сонымен қатар, арнайы жүлдемен Батыс Қазақстандық Талғат Мықи, Ақтөбелік Марат Ахметов, Маңғыстаулық Алшын Суемов марапатталып, 300 мың теңгеден ақшалай сыйлыққа ие болды.
Алғыс хатпен және 200 мың ақшалай сыйлықпен семейлік ақын Рүстем Қайыртайұлы, Шымкент қаласынан Біржан Байтуов, қостанайлық Тоба Өтепбаев, қарағандылық Тілеген Әділов, маңғыстаулық Азамат Орынбасаров, Райымбек Түзелов, Зейнетолла Қосымбаевтар марапатталды.
Республикалық ақындар айтысы барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып өткізілді.
МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ