Оңдасын Оразалин дарынды балалармен кездесті.
Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин өңірдің дарынды оқушылары – оқу озаттары, олимпиада, республикалық байқаулардың жеңімпаздары, полиглоттармен кездесті. Әңгімелесу кезінде облыс әкімі оқушыларды мерекелерімен құттықтап, оқуларына табыс тіледі.
«Биыл — еліміз үшін маңызды жыл, Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. 30 жыл — тарихи өлшеммен қас қағым сәт. Алайда, осы уақыт ішінде Елбасының сарабдал саясатының арқасында еліміз қиын сынақтарды жеңіп, тәуелсіздігімізді нығайта отыра әлемге таныла алды»,- деді Оңдасын Оразалин. – «Бүгінде облыс бойынша 400-дей мектеп жұмыс жасап тұр. Оның 153-і Тәуелсіздік жылдарында салынған. Елімізде жастарды дамыту үшін барлық жағдай жасалған. Соның айқын дәлелі – «Болашақ» бағдарламасы. Тәуелсіздіктің халқымызға не бергенін әрдайым ұмытпаңыздар»,-деді аймақ басшысы.
Балалар облыс әкіміне өздерін қызықтырған сұрақтарын қоя алды. Оқушылар өңір басшысының өскелең ұрпақтан қандай қасиеттерді көргісі келетінін, сүйікті мұғалімі кім екенін, қалай мемлекеттік қызметкер болуға болатынын және т.б. білді. Оңдасын Оразалин дарынды жастарға қызықты сұхбаттары үшін алғысын білдіріп естелікке – М.Әуезовтің «Абай жолы» кітабын табыс етті.
«Ата-анаңның ғана емес, халқыңның лайықты ұлдары бол. Келешекте білімдерің мен дағдыларыңды ел игілігіне пайдалану үшін оқыңдар, дамыңдар»,- деді сөз соңында өңір басшысы.