АҚТӨБЕДЕ МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫН ЕСКЕ АЛУҒА АРНАЛҒАН ТУРНИР ӨТТІ

1 маусым – Балаларды қорғау күні Ақтөбеде балалар арасында футболдан өткен жарыс қорытындыланды. 2012-2020 жылдары Мәжіліс депутаты болған Глеб Щегельскийді еске алу құрметіне ұйымдастырылған турнирдің жеңімпаздарды марапаттау сәтіне Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров та арнайы қатысты. Шаһар басшысы жас футболшыларды Балаларды қорғау күнімен құттықтап, жеңімпаздарды марапаттады.

 

 

— Меніңше, бұл кубок Глеб Щегельскийдің есімімен бекер аталған жоқ. 2000 жылдардың басында Глеб Анатольевич біздің футбол командасының Қазақстаннан тыс жерлерде де танылуына көп еңбектенді және футбол командасының әрбір қатысушысы үшін шын жанкүйер болды. Бұл сол кездегі футбол клубы қызметкерлерінің әлі күнге дейін есінде. Біз сол игі дәстүрді жалғастыруымыз қажет. Спортқа келген талантты балаларды қолдауымыз керек, — деді қала әкімі.

 

 

Турнирге қаланың 87 мектебінен 2000-нан астам оқушы қатысты. Турнирдің өзі кубок жүйесі бойынша өтті, яғни, ұтылған команда бірден ойыннан шығып отырды, сондықтан жарыс барысында балалар бар күш-жігерін жұмсап ойнады. Финалда 4 команда жарысты. Ең мықты командалар, ең мықты ойыншылар назардан тыс қалмады.

 

М.ТАБЫН,

Ақтөбе облысы