Ұстаз бен патша…

Ертеде бір патша баласын медресеге беріпті. Баласы ұстазды тыңдамай еркелікке басыпты. Патшаның баласы болғандықтан ұстаз да балағабата алмай,қаймығып,шарасыз халге түсіпті. Бірақ шәкірт Аманат болғандықтан,ұстаз шыдамы таусылып,патшаға барып, жағдайды жеткізеді. Патша әрі ойланып,бері ойланып, бір шешімін тауып ұстазға ойын айтады. Ұстаз алғашқында бұл шешімге шошып кетсе де,патшаның дегеніне көнеді. Келесі күні дәріс үстінде бала тағы да еркелігіне басып, ұстазды тыңдамай келемеж етеді. Дәл сол сәтте есік қағылып, патша есіктен басын сұғып ішке қарайды. Алдын-ала келіскендей ұстаз патшаға дүрсе қойып, айқайғабасады: Шық кәнеки, көрмеймісің, дәріс өтіп өтіп жатыр,-. Патша мүләйімсіп, кешірім сұрап, шығып кетеді. Мұндайды көрген патша баласының аузы ашылып, көзі бақырайып кетеді. Сол күннен бастап ұстаздың айтқанын екі етпей, үлгілі шәкірт болыпты. Осылайша баласының тәрбиесін, ұстаздың абройын өзінің патшалығынан да маңыздырақ, жоғары санайтын патша дегеніне жетіпті. Ұстаздарымыздың абыройын түсірмейік..!

1-КЛАСС
(МЕКТЕП ТУРАЛЫ ƏҢГІМЕ)

Ертеде елге сыйлы, өте бай отбасы болыпты. Олардың жан дегенде жалғыз ұлы, мұрагері өсіп, мектепке барар жасқа келгенде, ата-анасы оған мектеп қарастырыпты. Барлық қала, ауыл, «тау мен тасты» жағалап, ең-ең деген білім ошағын іздепті. Бірінің ғимараты əдемі болса, бір мектеп білім беру сапасы жағынан жоғарғы деңгейде, ал бір мектептің ұстаздары жас, шет елден оқып келген өте сауатты, ал бір мектептің орыны құнды (қымбат) болған екен. Ақыры, таңдау жасай алмай, ол жұмысты — үйіндегі көпті көрген ақсақалға тапсырады.
Ақсақал үстіне жұпыны киім киіп, түрін əсемдемей, мектеп аралауға шығады. Ол ұлдың ата-анасы сияқты, мектептің ішіне кіріп, директорлармен сөйлеспейді! Тəсілі қызық еді: Ол -Мектеп ауласына кіріп, оқушылардың қоңырауға шыққанын күтіп, босағада отыратын. Сонда бір мектептің оқушылары оны балағаттап, тепкілеп, итергіштеп қуса, екінші мектептің оқушылары тас лақтырып, мазақтайды. Үшінші мектептің оқушылары маңайына жоламай, мұрындарын жауып өтеді, көрмеген сыңай танытады. Осындай тірлікті көрген қария, «бəрі түсінікті» деп, тек үн-түнсіз бұрылып, кетіп қалып отырған. Осылайша көптеген мектепті аралап, үміті таусылуға шақ қалған ақсақал соңғы мектептің табалдырығына отыра кетеді. Сол сəтте:

«Ата, Сізге су керек пе?», «бір жерің ауырып тұр ма?» «Дəрігер шақырайық па?», «Жаурадыңыз ба, міне менің жейдемді жамыла тұрсаңыз….» деген бір топ əр жастағы оқушылар ақсақалды қоршап алып, абыр-сабыр боп, алаңдық танытады. Оқушылардың кішіпейілік, адамкершіліктеріне риза болған ақсақал, мектеп директорын шақыруын сұрайды. Мектеп директорына осындай керемет шəкірт тəрбиелегеніне ризашылығын білдіріп, өзін таныстырып өтіп, «мектептерің керемет екен» деп немересін осы мектепке бергелі келгенін айтыпты. Сонда директор: «ақсақал, қателесесіз, біздің мектеп керемет емес,сынып іші тар, жиһаздары ескі, оқушыларда өте көп. Көбі аз қамтылған, кедей отбасынан шыққан балалар., қалада басқа да, бай, əдемі, зəулім-мектеп бар ғой» десе, «оқушыларға қарап мектептің білім деңгейі мен ұстаздардың көрегендігі, тəрбиесін аңғаруға болады. Мектепті кеудесінде нан піскен, байлыққа, атаққа құныққандар емес, шынайы өмірге, шындыққа тура қарайтындар ұстаздық етеді екен. Ризамын. Осындай мектептер көп болсын» деп өз таңдауын жасаған екен.

«ЕлАна»