ХАС АҚЫННЫҢ ЖЫРДАҒЫ ҚАСҚА ЖОЛЫ
Бүгінгі атағы жер жарған ақын-жазушылардың көбінің шығармаларымен мектепте оқып жүргенде-ақ танысып үлгірген едім. Ол заманда қазақ тілді санаулы ғана газет-журналдар болатын. Еңбек адамдарының көпшілігі кітапқұмар еді ғой. Кәдімгідей жаңа туындыларды талдап-талқылап тастайтын…
Әдебиет пен тарих менің сүйікті пәнім еді. Қызығып, қызынып оқимын. Сосын өте жылдам тауысымын. Жуандығы бес елі кітаптарды екі күнде төңкеріп тастаймын. Зерде мықты, зейін күшті кез.
Бұл шамамен сексенінші жылдардың орта тұсы. Анам ауылда кітапханашы. Кітапхананың екі бөлмесі кітапқа лық толы. Әлем әдебиетінен бастап, қазақ-совет әдебиеті сіресіп тұр. Қазақтың ақын-жазушыларын түгел «танимын». Құнанбаев, Ерубаев, Әуезов, Мүсірепов, Майлин, Мұқанов, Исабаев, Ахтанов, Нүрпейісов, Жароков, Тәжібаев, Мәуленов, Қайырбеков, Мақатаев, Айбергенов, Кекілбаев, Мағауин, Сүлейменов, Молдағалиев, Мырзалиев, Әшімбаев т.б.
Ала берсең қар да таусылады демекші, шетінен алып «кеміре» берсең кітабыңда таусылады екен.
Орыс тілді шығармаларға тісім бата бермейді. Көбіне аудармаларын оқимын. Адам деген әліне, қауқарына қарауы керек қой бір сәт, менде ол жоқ, шамама қарамай қазақшаға қалай тәржімаланғанын салыстыратыным бар. Қолымда орысша-қазақша сөздік. Бір жағы орысша үйренуге де таптырмас мүмкіндік.
Өстіп жүріп Пушкиннің ертегілерін ақынның түпнұсқасынан оқитын деңгейге жеттім. Одан Сергей Есенинге «секіріп», Маяковскийден «қарғып» өтіп, Евтущенконы біраз «жағалап», Чехов пен Тургеневке «аялдап», Толстойға дендеп, кейін Бунин мен Пастернакқа «ауыз салдым»…
Күндердің күнінде кітапхананың жоғары жағынан төменгі қабатына ауыстым. Өйткені жоғары жақ классиктер шоғыры. Оны «тәмамдаған» секілдімін. Ендігі кезек «жас өрендерде». Менің сол кездегі кейпімді, жоғары класта оқып жүрген баланы бастауыш кластың партасына отырғызып қойғандай күйге балауға болатын шығар.
Жасырмай айтайын, төменге менсінбей қараймын. Өйткені бұл жерде пышақтың қырындай ғана, көзге де қораш жас ақын-жазушылардың кітаптары тұрады. Бәлкім біреуінің тырнақ алды дүниесі. Бәзбірінің екінші туындысы. Тағы біреуінің ұжымдық жинаққа енген өлеңдері дегендей.
Оқитын ештеңе қалмағасын, енді соларды ермек етпек ойым бар. Көз жүгіртіп келемін: Несіпбек Айтов, Ұлықбек Есдәулетов, Жүрсін Ерманов, Кеңшілік Мырзабеков, Серік Ақсұңқаров, Серік Тұрғынбеков, Қасымхан Бегманов, Серікбай Оспанов тағы басқа да көптеген жас ақындардың (аттарын ұмыттым) сиырдың тіліндей жұқа кітаптары.
Бұл ақындардың көбісін танимын. Ағымдық газет-журналдардан топтама өлеңдерін, поэмаларын, балладаларын оқығанмын. Ішінде мықтылары көп. Бірақ Бегмановты танымайды екем. Кітабы көзіме оттай басылды. «Бұл қайдан шыққан дәу?» деген оймен парақтай бастадым. Тұңғыш жыр кітабы. «Бастау». 1980 жыл. «Жалын» баспасы.
Оқушы кездегі ең жаман әдетім, ақындардың өлең кітаптарын кез келген бетін ашып қалып оқи бастайтынмын. Өзімше сынаған түрім ғой. Мықты ақын болса бір өлеңінен аңғару қиын емес деген топшылауым болар. Сөз саптасы, өлең ырғағы, теңеуі, тақырыптары ұнап қалса, әрі қарай сүңгіп кетемін. Ұнамаса ақырын жаба саламын: «Қош!» деп.
Сол әдетіммен қақ ортасынан ашып қалдым тақырыбы жоқ өлең тұр.
****
«Жаһандағы жабырқау жалғыз талға,
Жалғыз талға қалқам-ай, жалғыз барма.
Мөлдір бұлақ басында жай қалатын,
Желмен жұмсап жапырағын жалбыздарға…».
Үйріп әкетер иірімі көп ана тіліміздің уызына қанған, құдіретін сезінген ақын ғана бозбала жүрегіндегі ойнақы сезімді осылай берсе керек-ті. Қалай-қалай көсіледі мына ақын?!
Қызыға оқып терең бойлап барамын.
«…Жапырақ – жыр, мен саған елеңдедім,
Дірілдеді жүрегім неден менің.
Өтінемін, арыма дақ түсірме,
Дауыл айдап әкеткен өлеңдерім!». Тосын пайым. Тұғырлы ой! Ғұмырлы эпитет. Жас ақын (Сол кезде отызға таяп қалған жігіт) өлеңге тарпаң-мінез көрсетеді. Өзіне адал болуға шақырады.
Мені сүйсіндіргені: Ақын тізгіндеген арғымақ-өлең аяғын алшаң-алшаң тастайды. Қиыннан қиыстырып, қияннан аңғарады. Алғашқы жыр емес, бұрыннан төселген, әккі болған сөз зергерінің толғанысы секілді.
Қасымхан ақынның алғашқы жыр жинағын оқыған сәтте-ақ, қазақ поэзиясына жаңа толқын – жаңа есімнің еркін басып кіріп келе жатқанын аңғармау мүмкін емес еді.
Қайта үңілдім.
БӨКЕН
Тартқанда қасқыр желіннен,
Атылып қарсы дауылға.
Бөкендер қашты өлімнен,
Араша сұрап ауылға.
Бауыздап тiстеп жеткенiн,
Қорқаулар қуды аңдыздап.
Дiрiлдей түсiп сәттi ерiн,
Құралай тұрды жалғыз қап.
Қолданды түсiп сан қилы,
Көрсiн деп ұрпақ ертеңдi.
Қасқырдан мына қанқұйлы,
Құтқарғын, дала, еркеңдi.
Перзентi үшiн бас құрбан,
Ақбөкен-ана жан салды.
Келгенде қашып қасқырдан,
Адамдар оқпен қарсы алды!
Қандай аянышты сәт. Даланың ерке жануары ғана емес, елім деп еңіреген қаншама боздақ тап осы күйді бастан кешті…
Өлеңнің қадірін түсінетін, қасиетін бағалайтын ақын ғой мынау деп ішіме түйіп қойдым..
***
«Саусақтан сусып серілік,
Түстім мен күйге сергелдең.
Өзіңе оңай берліп,
Кеудеңде сенің көктеп ем,
Балауса балғын бейнеммен.
Ақ қайың ару шешiнiп,
Ақ қарға жатты жуынып.
Тұрдың да үнсiз тесiлiп,
Сәби жүректi жөргектен,
Әкеттiң бiрге суырып.
Болғанмен өзi көрiксiз,
Арманы асқақ арынды.
Сезбедiң сонда,
елiк қыз,
Қасымхан болып танысқан,
Қасыммен қоштасқаныңды.
Көресiң бәрiн тiрлiкте,
Дегенмен,
қалқам, ешқашан,
Жылусыз менен жыр күтпе.
Өлеңге қажет болса егер,
Жалғыздықпен де достасам.
Ғұмыр-ай, неткен тылсым ең,
Мұңың мен бойды тербейсiң.
Жазылмай жүрген бiр сыр ең,
Өзiңдi асқақ қалпыңмен,
Кеудеме, еркем, жерлейсiң.
Болғанмен өзi көрiксiз,
Арманы асқақ арынды.
Сезбедiң сонда елiк қыз,
Қасымхан болып танысқан,
Қасыммен қоштасқаныңды».
О, деген! Ғажап. Өлең құйылып түсіпті. Өзіне қарай тартып барады. Тілі неткен көркем еді. Сыршылдығы қандай! Елік қызға деген назын айтсаңшы бәрінен бұрын! Бүгінгі кейбір жас ақындар секілді «күйем-сүйем» деп жабыса кетпейді. Қайта:
«Ғұмыр-ай, неткен тылсым ең,
Мұңың мен бойды тербейсiң.
Жазылмай жүрген бiр сыр ең,
Өзiңдi асқақ қалпыңмен,
Кеудеме, еркем, жерлейсiң» деп аруды асқақ та жырлайды.
«Сен мендіксің» деген үздіккен үмітті «Кеудеге жерлеу» арқылы «тыныштандырады».
«Жерлеу» сөзін метафоралық формулаға салсақ, астарлы ойдың өзімсінген адамға қимастығын сезесіз. Және көп сөзділіктен қашып, аз сөзбен көп мағына беруге тырысқаны байқалады.
Осы танымы арқылы таяз ойдың емес, терең толғамның ақыны болатынын сездіретіндей. Ал сезімталдығы, табиғатты сезінуі мүлде басқа. Шын ақынның өзгеден айырмашылығы да, дүниені танып білуінде емес пе?!
«Көресiң бәрiн тiрлiкте,
Дегенмен,
қалқам, ешқашан,
Жылусыз менен жыр күтпе.
Өлеңге қажет болса егер,
Жалғыздықпен де достасам». Бұл мен үшін тосын тебіреніс еді. Таң қалдым. Сүйсіндім. Қайта оқыдым. Біртүрлі жылылық бар. Жалықтырмайды. Ынтықтыра түседі.
Жұмекен ақынның Мәскеудегі Пушкин ескерткішіне барып, қазақ жырының күшімен («Жазылды да желеңінің қат-қаты, тас тұғырдан түсіп келе жатты ақын») деп «Қолаға айналған Пушкинді» «тас тұғырдан түсіргенін» білетін маған, ақын Қасымханның:
«Ақ қайың аруды шешiндірiп,
Ақ қарға жуындырып жатуы» қатты әсер етті.
Таяуда ғана орыс ақыны Сергей Есениннің «Белая береза под моим окном» деген өлеңін оқып, ақынның «Ұйқыдағы ақ қайыңды күміске малындырып, бархытпен киіндіргені, қар қиыршықтарын «алтын шашқан» алауға өртегені» есіме түсе кеткені. Сөзбен сурет салған ақынға құрметім ерекше артып еді сол жолы.
«Белая берёза
Под моим окном
Принакрылась снегом,
Точно серебром…
…И стоит берёза
В сонной тишине,
И горят снежинки
В золотом огне».
Жүректен шырылдап ұшқан бозторғай-өлең, өзге жүрекке барып «қону үшін» шынайы келбетін жоғалтпай, теңеуге жүк артпай күзгі шықтай төгіле салса жарап жатыр екен ғой.
«Өле берсін күншілдер күйігінде,
Өз ғасырым өзімнің иінімде.
Ақ жаңбырлар тоздырған тау сияқты
Мен өлемін өзімнің биігімде» деп жырлаған аяулы ақын Төлеген Айбергеновтің де «Ақ қайыңы бар» еді ғой.
«О, қайыңдар, шуылдасқан топтана,
Сырды ұрлаудан, сыбдырлаудан тоқтама.
Ол әзірше ағытқан жоқ сыр маған,
Төмен қарап жымияды тек қана.
Аққу мойын, ақ көйлекті қайыңдар,
Дәл сендердей менің де аппақ айым бар.
Бақытымды шулап көкке жайыңдар,
Шулап көкке жайыңдар, ақ қайыңдар… деп, ақ қайыңды өз «Айына» балайды. Сырласады.
Мұқағалидің «Жапырақ жүрек жас қайыңы» мүлде бөлек сарында…Жалған дүниенің сарсаңынан шаршаған ақын: «Бірде адам, бірде қайың боп, сүрейік өмір алмасып» деп мұңын шағады.
Өзіне дейінгі таптауырын болған «Ақ қайың» тақырыбына тұңғыш жинағында-ақ басқаша «сыр айта білген» ақын, жыр аяғын түйіндеуде де өрелі байлам жасайды.
«Болғанмен өзi көрiксiз,
Арманы асқақ арынды.
Сезбедiң сонда, елiк қыз,
Қасымхан болып танысқан,
Қасыммен қоштасқаныңды». Поэзия сарайына кеудесін тіктеп, арқаланып кірген ақын, өзіне нық сеніммен қарап, дүрмегі мен дүрбелеңі көп, атағы мен шатағы жетерлік өлең атты өлкеде «Дариға, сол қыз» деп жырлап өткен Қасым ақынның қасқа жолын жалғастыратынын аузына Жаратқан Ие салды ма?! Әлде бұл көрегендік пе? Қызық ә, бірнеше ондаған жылдардан кейін Қасым Аманжоловтың 90 жылдығына орай өткізілген республикалық жыр мүшәйрасының бас жүлдегері болып мерейі үстем болуы – кездейсоқтық па?!
Нағыз ақын болашақты болжайды дегенді естігеніміз бар, соны Қасымхан ақын әйгілеп тұрғандай көрінді маған.
АҚЫН ТОЛҒАУЛАРЫНДА ҚАЗАҚТЫҢ КӨЗ ЖАСЫ ЖАТЫР ТАМШЫЛАП…
Адам табиғаты қызық қой, біреуге ұнамайтын іс біреуге таңсық. Біреуге ұнайтын іс, біреуге жақпайды. Оқушы кезімде көптеген бала жек көретін қой кезек мен үшін нағыз демалыс еді. Біреулер «қой кезек қалай тез келіп қалды» деп таң қалып жатса, мен сол күннің тезірек келмей жатқанына елеңдейтінмін. Имандай шыным. Себебі ауылдың шаруасы біте ме, ең әрісі үйге құдықтан су тасудың өзі бір жұмыс. Қора-қопсы жөндеу де бір бітпейді. Үйдегілердің түртпектеп отырғызбайтыны тағы бар. Сосын елдің бәрі қимыл-қарекет жасап жатқанда, жалғыз өзің кітапқа телміріп отыру да ыңғайсыз.
Қой бағуға асығатыным, күйбең тірліктен қашқан түрім ғой. Қырым жоқ оған. Ауылдан ұзағасын биіктеу жерге қонжиып, асықтай шашылған қой-ешкіні сырттай бақылып, кітап «кеміргенге» не жетеді, шіркін. (Әлі күнге ауылға барсам, кітабымды қолыма алып қой жайып кетем).
Қой бағуға әбден әккіленіп, қуланып алғаным сондай, отар алысқа ұзап кетсе де селт етпей отыра беремін. Менің орнымда тәжірибесі аз бала болса, көзден ғайып болған қой-ешкіні екі өкпесін қолына алып жүгеріп іздейтіні анық. Ал мен сағадан күтемін. Еш саспаймын.
Азанда әдейі қараоты мол, жусаны көбірек жерге айдаймын. Ондағы арам ойым, өзіме жағдай жасау, өзімді күту, асықпай кітап оқу. Бір жағы уақыт өтеді, бір жағы жаның рахаттанып қалады. Шапқылап текке шаршамайсың. Қойдың бағытын көзіңмен мөлшерлеп қана отырасың.
Биттің қабығындай төрт-бес жас ақынның кітабын тастамаймын қоржыннан. Біреуі ақын Бегмановтың «Бастауы»,
Ашқарын мал қызу қарқынмен ащылап ұзап кеткенімен, сәскеге қарай қақшаңдаған ешкілер бастап, маңыраған қойлар қостап суатқа ағылады аңқалары кеуіп. Қазақ мұны «Ат айналып қазығын табар» дейді бір-ақ ауыз сөзбен. Сол кезде алдарынан шыға келесің сопаң етіп. Кейбір кәрі текелер мен қажыған азбан қошқарлар жақтырмай қарайтыны болады. Қаттырақ дауысыңды шығарып бар екеніңді білдіріп қоясың ондайда. Бітті. Суға әбден шөлі қанған қой-ешкі үш-төрт сағат тапжылмай жатады сол жерде.
Қасымхан Бегмановтың «Бастау» кітабын қолымнан тастамайтын тағы бір себебім: кей өлеңдерін жаттап алу. Қанша дегенмен «ақын деген атым бар» баламын. Той-томалақта кәдеме жарайды. Құрығанда, қыз-қырқынға ғашықтық хат жазбай тұрмайсың ғой, сондай да арасына «тұздықтап» өз атыңнан ұрып жіберсең кім біліп жатыр…
Осылайша қой ғана емес, ой да бағамын. Қасекеңнің өлеңдері – қысы-жазы жұпар исі аңқып, көктеп жататын құнары күшті құмның шөбі секілді. Әр оқыған сайын жаңа қыры ашылып, өлең-өрнегінің құрылымына шөліркеп бас қоясың.
Ақын болуға талаптанып жүрген мен үшін бұл таптырмайтын кітаптардың бірі еді.
Әбден тозып, әр беті былжырап, әріптері көнергенше қолымнан түспеді.
Оқушы кезімде керемет жырларымен санамда сақталған Қасымхан ақынның, кейінірек түрлі баспасөз беттерінен сұхбаттары мен өлеңдерін үнемі оқи жүріп, ақынның поэзияға өз қолтаңбасын қалдырғанын анық байқадым.
Жалғасы бар
Нағашыбай Қабылбек, ҚР Ақпарат саласының үздігі