ХАЗІРЕТТІ ЖОҚТАП АЙТҚАНЫ

 

Жаратты құдай тағала екі жиһан,

Құдіретпен асылы ғалам болды пәнһан.

Шығарып қараңғыдан ай менен күн,

Ғаламды он сегіз мың қылды раушан.

 

Әуелі Қәф Hұндан ғалам етті,

Жаратып топырақтан адам етті.

Дүнияның түзігі үшін шаһ жаратып,

Билеуге пәрмен болды мемлекетті.

 

Елші болып пайғамбар келді бастап,

Дүзеткен хақ Мұхаммед дінді қоштап,

Солардан асыл ғалам жари болған,

Төрт жар мен он екі имам жүмлә асхаф.

 

Хазірет Ғұсман кітап түзген Құран сөзін,

Олардың көкірегінен ашқан көзін.

Бұ күнде уағыз айтқан ғұламалар

Тұтады ұлылардың кәміл ізін.

 

Хазірет ишандар көп әрбір жерде,

Досеке, Нұрфеке еді қазақ елде.

Досжандай Қашақ ұлы талап қылсын

Дін үшін қызмет қылса әрбір пенде.

 

Досеке пірі болды Кіші жүздің,

Раушан нұры болды түсіміздің.

Барына уағыз айтып, басшы болды,

Дін үшін талап еткенiн кiсiмiздiң.

 

Maғұлым рух заты болды табын,

Дұғалы етті құдай тіл мен жағын,

Дабысын екі жұртқа мәшһүр етіп,

Талабын келістіріп ашты бағын.

 

Табынның тайпасы еді Шөміш,

Қауымның ортасынан тапты өріс.

Дүнияда бір нәрсеге мұқтаж болмай,

Дәреже, бақыт, ғылым – бітті тегіс.

 

Аймағы ол Шөміштің еді қоныс,

Басқасы Досекеден бәрі топыр.

Мағұлым ата есімі молда Қашақ –

Ақылды адам екен болған сабыр.

 

Қадірлі əм сабырлы болған молда,

Сопы болып қадам ұрған ізгі жолға,

Рұқсат алып ишан болмаса да,

Өтіпті діннің түбін алып қолға.

 

Досеке оның ұлы болды нешік,

Жасынан ғылымдықты етті кәсіп.

Шариғат ғылым бабын бірден ашты,

Артылып күннен күнге талабы өсіп.

 

Шариғат ғылым жөнін бірден тапты,

Пірі еді сұрасаңыз Олдан атты.

Мүләйім қызметі пірге жағып,

Рұқсат сол пірінен алды xатты.

 

Рұқсат пірден алып болды ишан,

Сондай бол ізгілікке жанды қисаң.

Мақсатқа әр пендені ұшыра тұр,

Сүйеніп бір Аллаға нәпсің тыйсаң.

 

Мұнан соң , мешіт салды Қарашыңға,

Мың сегіз жүз елуінші жылдың шамасында.

Тасастау — Қайнар деген бір терең сай

Мағұлым Қарашыңның арасында.

 

Құба жон мешіт салған езі бұлақ,

Жамағат намаз оқып етті тұрақ.

Халфе ұстап бала оқытып көп жыл тұрды,

«Азаматтан із» деген , шәкірт құрап.

 

Жиналған шәкірт мыңдап бала болды,

Шұйықтап қарияға қала болды.

Қазаққа штат деген хабар тиіп,

Жылында алпыс сегіз хауа болды.

 

Қоныстан бірнешелер көшті үркіп,

Штаттың хабарынан білмей қорқып,

Падишаның өміріне қарсы болмай,

Досеке бермен көшті мейлі тартып.

 

Ойылдың көшіп келді Шилісіне,

Асыл зат тәбәріктің милысына.

Келген соң мешіт салып ғылым ашты,

Құдайым жолықтырды игісіне.

 

Халфе ұстап мешіт түзеп, ғылым ашты,

Батыннандыр* жауһар білім ашты.

Салтанат, бақыт, дәулет бірдей қонып,

Келісіп біреуіне бірі ұласты.

 

Дәреже бiрi ұласты біреуіне,

Жалғанның кім жараған тіреуіне?

Пенденің ісі нешік келіспесін

Ерген қызыр Ілияс көмегіне.

 

Тәуекел еткен құлға тәңірі көмек,

Дін күткен асыл пенде халыққа керек.

Секілді мешіт Ақши жай салдырды,

Бойына Шилісудың қонып бөлек.

 

Салынды дүния қажет тәмәм бәрі,

Көбейді ғаскер болып жарандары.

Мешітке қызмет қылып жәрдем берді

Бес шүрен Майлыбайдың адамдары.

 

Мешітті таңғажайып салды оңдап,

Ұстаны Бірман атты алды таңдап,

Ойы мен зейіні артық шеберлерді

Қасына жүз шамалы қосты жалдап.

 

Бір жылда салып болды керегесін,

Қондырып кісі бойы терезесін.

Терезе алдынша бөлмесі алты

Сөйлейін құтты құдут дәрежесін.

 

Төбесі белме — бөлме іші бұрау,

Бағана асты-үстінен жоқ -ты тіреу.

Салдырған ахиреттік үйін сондай

Ылайық ишандарға барып түнеу.

 

Қиық жоқ, белдігі жоқ үстін басқан,

Төбесін күмбез қылып бұрып қосқан.

Жүз шамның бір өзінде жарығы бар

Бес жерден бес жүз сомдық қандeл асқан.

 

Кеңдігі бес мың кісі жай тұрғандай,

Онан да қалып орын артылғандай.

Жарығы хадис жазған нақыштары

Ішінде жұлдыз туып ай тұрғандай.

 

Ғажайып нақыштары әрбір түрмен,

Жазулы аят хадис қызыл сырмен.

Көргенде сүйек еріп, тәнің балқып,

Толғандай мұсылманның көңілі нұрмен,

 

Басында сопылардың арман бар ма

Жиһанда ғамал қылған ондай пірмен.

Мешіттің алды бітеу үлкен аюан,

Төбесін бұрып қосқан әлде қайдан.

 

Хұжра шәкірт жатқан жүз елу бар,

Үшбулары және басқа қонақжайдан.

Айтуға зейінімнің хатта жетпес,

Көргендер бейнесіне қалар қайран.

 

Мұнара және салған жарастырып,

Төбесін биік таумен таластырып,

Шығарды әрбір түрлі үлгілерді

Наданға ғылымменен жол аштырып.

 

Бір түрлі сондай форма мұнарасы,

Бойсұнды қара қазақ, хан баласы.

Неше жүз мүрит кіріп қызмет қылды

Жетіру, Байұлы айналасы.

 

Көп адам ишан болды рұқсат алып,

Басына рахметтің нұры жауып.

Сопылардан ізгі деген бес жүз леп бар,

Алланың қаһарынан қылған қауіп.

 

Баршасы үшбулардың пірім деді,

Хазірет ақылы дана білімді еді.

Патшадан қазақ үшін мүфти сұрап

Өзінен халықтың қамын бұрын жеді.

 

Ойлады пайда етуге халықтың қамын,

Халықтың бүкіл қазақ, емес табын

Муфти сұрап зор орынды талап етті

Жиһанға жандыруға діннің шамын.

 

Үш барды қағбаға талап етіп,

Шайтанның әскерлерін харап етіп.

Такия қазақ үшін үй салдырды,

Тұрғандай қажыларды қонақ етіп.

 

Соңында Машкенменен бірге барып

Көзінен Такияны қайтты алып.

Қазақта дінге шариқ жарандары

Келмес деп шайқымызды тұрды налып.

 

Бір қайтты халәлiмен сонда жатып,

Салған үй қырық мың сом артық патиф.

Айрылған анасынан қозыдайын

Халықты кетіп еді жабырқатып.

Жалтырап жасын кібік жетіп келді,

Қуантып бұқараны таңырқатып.

 

Көңілдің жадырады жабылғаны,

Басылды жарандардың сағынғаны.

Қуанып кімдер күлді, кім жылады,

Жүректің сол болады жарылғаны.

 

Шайқымыз сау-саламат келгеннен соң,

Достардың мақсатының табылғаны .

Тілектес Алаш ұлы болып тұрды

Құдайым сау-саламат жолықтырды.

Тапсырып Тақияны Қанатбайға,

Мұндағы шариф жайға келіп тұрды.

 

Қазаны сахауаттың беті қайнап,

Миуа тұр екен дәрхат күндей жайнап.

Өзінің кең жайына келіп жатты,

Қаз ұшып, мамыр қонған, бұлбұл сайрап.

 

Шайқымыз бұл жайына келіп жеткен,

Бағбан алпыс екі тұқым төккен.

Хорезiм хиуа ханы тұқым алып,

Жеті ағаш алма, жүзім барын еккен.

 

Суғарып күріш пен шәйді және ектірген,

Ұрығын жәмша қауын һәм төктірген.

Түрленіп бәйшешектей миуалар,

Қуратып күн пісіріп, жел кептірген.

 

Арша ағаш , қызыл ағаш, көкше терек,

Жиһанда не нәрсе бар жанға керек,

Хазіретке осы ағаштың тұқымдарын

Уезд бен Губернатор берген бөлек.

 

Мұқанмен алма, жиде ақша ағаштар,

Жетпеген атын біліп жақсы ағаштар,

Шығарды барын егіп асыл затым

Дүнияда халық тұтынған «общий» ағаш бар.

 

Өсіріп және тұқым қарағайдан

Орлатып екі жағын сонадайдан,

Заманында дана болып өткен шеих

Шығарды бұның бәрін біліп ойдан.

 

Таңғажайып егіп шыққан ағашында

Айнала он шақырым шамасында,

Қиықтап қарағайдан вокзал салған

Бақшасы қалың орман арасында.

 

Формасы хаттен асқан салған үйдің,

Жайлары ондай болмас төре, бидің.

Достарың иман ислам сімірсін деп

Һиметін хазіретімнің хатқа жидым.

 

Ішінде бақшаның, аққан сулар,

Жайқалған жапырағы қалың нулар.

Ұшқан құс, ауадағы су хайуаны

Табысқан қозысына қойдай шулар.

 

 

Алыстан көрінеді мұнарланып,

Адамзат жол тапқандай құмарланып.

Саудырап жапырағы көктен төмен,

Алма тұр көздің жауы, жұмарланып.

 

Гүл исі көңіл ашар қоштамаққа,

Қамқорым пайда ойлаған астанаға,

Ғажайып бұл секілді орын ашып

Артына белгі қылып тастамаға.

Шәһәр түзіп ондай орман екпек түгіл,

Зімләнке шақ саламыз баспанаға.

 

Зімләнке дегеніміз мал қорасы,

Қамқорым ұшты қолдан дін панасы,

Нәсілден нәсіпке жай болғандай

Шайқымның салған мешіті үйханасы.

 

Жарағын тәукелдің алып қолға,

Көрсетіп балаларын ізгі жолға,

Фанидан бақи жайға сапар етті

Махдумдарын өзінің тастап соңға,

Шайқымның тары мен күні

Сапарын құдай тағала өзің оңда.

 

Дүнияда сансыз достың біреуі біз,

Дін үшін ғұламалар тіреуіміз.

Махдум пір баласы пірің болды,

Жарандар бұл да біздің тілегіміз.

Жамағат мешіт жұмға аят оқылып,

Болып тұр қуаныштар жүрегіміз.

 

Жиһаннан қамқор шайқым көшті бір күн,

Ізгілер келіп қайтты дүркін-дүркін,

Бастады ізгіліке көп қауымды

Дүзетіп балалардың мирас мүлкін.

Жөнелді ахиретке хош айтысып,

Бұрынғы жарандардың тұтып құлқын.

 

Тағдырын бір Алланың алды күтіп,

Дүниядан өлшеулі өмір срок бітіп,

Алты алаш-әмқуар үшін дұға қылды

Көзінің аһ қасірет жасын сүртіп.

 

Жиһанға шайық еді болған құтты,

Қазаққа басшы болып аты шықты.

Шақырған көп бұқара жиналғанша

Кіргізбей лақыт жайға біраз күтті.

 

Жиналды Алаш ұлы намазына.

Оқыды бес мың кісі жаназаға,

Малдарын бөлек-бөлек көп таратты

Халыққа үлестірді зор қазина,

Алғаны халайықтың хисабы жоқ,

Садақа бір қой берді ең азына.

 

Тап келді жаз күн жайлы уақытына,

Көтердік салып табыт тахтына.

Дұғалы берекеті шайқым еді

Жаралған бұқараның бақытына,

Жарандар өз қолынан топырақ салып,

Бұйрықты қойдық сарай лахытына.

Жиһанда сайран еткен хақ ғамқуарым

Жөнелді жиһан тастап ахадіне.

 

Ұстап Махтұм ишан ата ізін,

Көрген жан кете алмай жүр иман жүзін.

Мәртебеден мақсаты табылған соң,

Кеткен жоқ татқан мүрет ата тұзын.

 

Сағижан аят жұмада уағаз айтып,

Көңілдің жібітіп тұр қатқан мұзын.

 

Ғайт болса Махтұм ишан болады имам,

Жамағат екі мыңдай бар-ды ұйыған,

Бірі имам халайыққа, бірі уағызшы

Тәржімә мәселені айтар жиған.

Көңіліне илхам салған асыл пенде

Қанады уағазінен судай құйған.

 

Шайықзадам берекетті асыл сөйлей

Хош мақам, кең көкірек орта бойлы,

Сипаты тәйіх жауһар болатқа ұқсас

Сабырлы , жұмсақ сөзді терең ойлы.

Сабырда хазіреті Аюпке, мақамда Дәуітке ұқсас,

Пиғылда Расулімдей болған жайлы.

 

Діні пәк диянатта Ибраһим,

Сабырда Аюпке ұқсас хаққа қайым.

Дәулетте салтанатта хақ Сүлеймен

Дүнияда қажет мүлкі болды дайын.

 

Аз сөзді , ас тағамы берекетті

Көп еткен құдай үшін әрекетті.

Айтқаны бұқараға ізгі дұға,

Дұшпанға ойламаған бәлекетті.

 

Шайқым әдет құлқын айтып тынсақ,

Жас ағар дос көзінен бұршақ-бұршақ.

Көрерге бой сипаты орташа еді

Тұрғанда жалғыз жайда шама қылсақ.

Әйбатті ұлы болып кетуші еді

Халайық айт жұмада келсе құрсап.

Есіткен жамағаттың тәні балқып

Тұрғандай мақамына көңіл жұмсап.

 

Тұрғандай мақамына қалбiң балқып

Ұйыған жамағаттың химеті артып.

Шарафат әрбір түрлі қасиетті

Атаға махтұм ишан туған тартып.

 

Сөйлесе құлқы шырын ләпсі балдай,

Әр пенде табиғатта болмас ондай.

«Һәлиастауи әлләзина яғләмун

Уалләзи ләияғламун» деген аят

Біліңіз бұл аяттан ғафил болмай.

 

Құдайым ғұламаны мəдіх етті,

«Уәлләзина yaтәуәлғәлім дәрәжәт» аятын

сабит етті.

Уәяна пайғамбардан болған хадис

«Мәнәкрам ғалама фаһадәкрамни»,

Қараңыз, ғалым хақын қандай айтты.

Мақтаса ғұламаны құрметтесе,

Мағынасын аят-хадис ғамал етті.

Құрметтеу ғалымдарды уәжіп болса,

ғауамдар бұл насихат сізге жетті.

 

Дүзеткен мүминдердің ізгі хұлқын,

Үстіне ажал тонын кисе бір күн,

«Уәдә раята тәмәраята Нағима умəяна қабира»

Маһшарда нәсіп еткей үшбу мүлкін.

 

Һақ Расул мұсылманның ізгі басы,

Тахуа ғұламалар оның ізгі досы.

«Ләқаді жәә әкум рәсул мен

əнфісикiм» аятымен

Məйсир болғай бізге сәруар қаси.

 

Ия алла, сиынамын бір өзіңе,

Рахмет нұрын бергейсің тіл-көзіме.

Мадахлап ғұламаны шиғыр жаздым,

Ғафу бер қате болса бұл сөзіме.

 

Ия, Алла, мен ғаріпке бергін сабыр,

Ғұмырым ұзірменен болды ауыр.

Жиһанда саламаттық ғұмыр беріп,

Маһшарда ізгілікке қосқың тәуір.

«Иналлаһу яғіфір знуби жамиған инәһу

hyəлғафуррур рахим»

Жеткергей мәртебеге өзі Қадір.

Заманның фітінәсі жақындаған,

Сондықтан Құран шариф оқылмаған.

ТАБЫН ДОСЖАН