АҚТӨБЕДЕ ЖАУЫНГЕРЛІК ҚАРУДАН ОБЛЫСТЫҚ ЧЕМПИОНАТ ӨТКІЗІЛДІ

Ақтөбеде 23 маусым — Қазақстан полициясы күніне орай облыстық Полиция Департаментінің бөліністері арасында Ұлттық ұланның №6655 әскери бөлімінің полигонында жауынгерлік қарудан ПД облыстық чемпионаты өткізілді.

Бұл додаға қалалық, аудандық полиция бөлімдері, патрульдік полиция ротасы, патрульдік полиция батольонының және ПД Жылдам қимылдайтын арнайы жасағының қызметкерлерінен құралған 20 команда қатысты.

Облыстық чемпионаттың ашылу салтанатында сөз алған Ақтөбе облысы ПД Арнайы жұмылдыру және даярлығы басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Рустам Апсеттаров өз мергендіктерін сынайтын осындай спорттық сайыстардың полиция қызметкерлерінің біліктіліктерін арттыруын септігін тигізетінін айтты.

 

 

Сайысқа қатысқан әр команда құрамындағы 4 полиция қызметкері жауынгерлік қарудан нысананы көздеді. Макаров тапаншасынан 25 метрлік қашықтықтан командалық чемпионатта екі ер және бір әйел полиция қызметкері бәсекеге түссе, Калашников автоматынан 100 метр қашықтықта нысана көздеген ерлер өз мергендіктерін сынға салып, жиналған жұртшылық алдында өз біліктіліктерін паш етті.

 

 

Өткізілген жарыс қорытындысы бойынша жалпыкомандалық бас жүлдені Ақтөбе облысы ПД Жылдам қимылдайтын арнайы жасағы жеңіп алса, екінші орын Ақтөбе қаласы ПБ командасына бұйырды. Ал жүлделі үшінші орынды Ойыл ауданы ПБ мергендері жеңіп алды.

Жауынгерлік қарудан өткен сайыс жеңімпаздарына құрмет көрсетілді. Енді жүлдегерлер биыл тамыз айында Шығыс Қазақстан облысында өтетін ҚР ІІМ Республикалық чемпионатына қатысатын болады.