АҚТӨБЕДЕ ДЕМЕУШІЛЕРДІҢ КӨМЕГІМЕН ЕСКІ ҮЙЛЕР ҚАЛЫПҚА КЕЛТІРІЛМЕК
Ақтөбеде Тұрғындар қалашығында ауданның тарихи келбетін сақтай отырып жаңарту мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Қазіргі уақытта Ақтөбе облыстық әкімдігі мен «Казхром ТҰҚ» акционерлдік қоғамы арасындағы меморандумға сәйкес, компанияның демеушілік қаражатына осы аудандағы 32 үйдің шатырын алмастыру, қасбетін сырлау, аулаларын реттеу және басқа да қалыпқа келтіру жұмыстары жүріп жатыр.
Жалпы Тұрғындар қалашығы ауданында өткен ғасырдың 1950-ші жылдары салынған 100-ге жуық ескі үйлер бар. Бәрі де жөндеуді қажет етеді. Биыл үйлерді жөндеу ғана емес, аулаларды, жаяу жүргіншілер аймақтарын абаттандыру, спорттық алаңдар, балалар алаңдарын орнату сияқты кешенді жұмыстар жасалатын болады.
«Мен осы ауданда 11 жылдан бері тұрамын, үйіміз тозып тұрған еді, міне, енді жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ең басты мәселе келер ұрпақ үшін тарихи ауданның келбетін сақтау болған еді. Біз қазір бұл мәселенің шешімін тапқанын көріп отырмыз. Біз бұл шаралар тұрғындарға қолайлы орта жасау мақсатында қолға алынғанын білеміз. Өзіміз жөндесек, өте қымбатқа түсер еді. Сондықтан, осы жұмыстар үшін алғысымыз шексіз», — дейді Тұрғындар қалашғы ауданының тұрғыны Клара Дәрібаева.
«Байсанат» ЖШС инженері Асқар Құлтасбаевтың айтуынша, жаңарту жұмыстары жүргізілген кезде міендетті түпрде ауданның тарихи келбетін сақтауға мән беріледі. Жалпы алғанда 32 үй жөнделмек.
— Облыс басшысының тапсырмасы бойынша үйлердің сыртқы қалпын ретке келтіру, шатырларын ауыстыру бойынша жұмыстар басталды. Жеңіс даңғылы, Есет батыр, Тілеу батыр, Махамбет көшелеріндегі үйлер жаңартылады, — дейді Ақтөбе қалалық сәулет бөлімі басшысының орынбасары Сауран Исабаев
М.Табын,
Ақтөбе облысы.