МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАРДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУДЫ ЖАНДАНДЫРУ ҚАЖЕТ
Сейсенбі күні бейнебайланыс арқылы өткен аппарат жиынында облыс әкімі Оңдасын Оразалин жергілікті атқарушы орган басшыларына бірқатар мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуын тездетуді тапсырды. Оның айтуынша, облыстың кей ауданддарында «Бизнестің жол картасы 2025», «Еңбек», «Жасыл ел» сынды бағдарламалар қанағаттанарлықсыз деңгейде жүзеге асырылып келеді.
— Аудандарға шығып, осы бағытта қаншалықты тиімді жұмыс істеп жатқандарыңызды жеке тексеретін боламын. Егер оң нәтиже болмаса – шара қолданамыз, — деп ескертті облыс әкімі аудан басшыларына.
Сондай-ақ, өңір басшысы Ақтөбе қаласы мен Ырғыз, Мәртөк, Мұғалжар, Хромтау аудандарындағы елді мекендерді дамытудың бірқатар жобаларын жүзге асыруды тездетуді тапсырды. Мәселен, кейбір жол жөндеу, көппәтерлі үйлердің аулаларын жөндеу және жарықтандыру, спорттық және балалар алаңдарын орнату, саябақтарды абаттандыру секілді жұмыстар әлі аяқталмаған.
Бұдан өзге, жиын барысында аудандарда дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін салу, COVID-19-ға қарсы екпе салу, өндірістік жарақат алудың алдын алу мәселелері қаралды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.