Жеті ата мен ұлттық иммунитет

ХХІ ғасырдың қорасына кірдік. Заманымыз жаһандану құйынын тұрғызуда. Жаһандану дегеніміз — аула таңдамайтын құбылыс, қай ұлт екенің есепке алынбайды, ең бастысы — 7 млрд адамзат үшін «бірегей» жасампаздар болады да, сол 7 млрд Адам ата ұрпағының алдына әлгі «бірегейлердің» біртұтас тұтынушысы болу жазылып отыр. Бұл тұтынушылық материалдық және идеологиялық салада жүзеге асып, адам бойынан етенелік (этникалық) сипат өшірілмек. Ол өшіру қасақана жасалмағанның өзінде, жаһандық үдерістің барысында болмай қоймайтын  нәтиже екені белгілі. «Көппен көретін ұлы той» бола тұра, бұл құбылыс ірі ұлттардың өзі үшін қатер бола бастады, сондықтан жер бетін антижаһандану қозғалысы шарпуда. Сөйтіп, жаңа заман әлемнің сан жұрттарының алдына екі мәселені қазқатар қойып отыр:

  • жаһандану құйыны салдарынан жұтылып кетпеу;
  • әлемдік төре халықтардың табанында тапталмау.

Осы жаһандану үрдісіне сәйкес әр халық өзінің өмір қадамын өлшеп-пішіп, «қайтсек, тірі қаламыз» деген жанталасқа ұрынып, бұл сергелдең экономикада да, саясатта да,мәдениетте де, әлеуметтік салада да басты әрекеттің мәйегіне айналуда.

ХХІ ғасырдың қорасына кірдік. Заманымыз жаһандану құйынын тұрғызуда. Жаһандану дегеніміз — аула таңдамайтын құбылыс, қай ұлт екенің есепке алынбайды, ең бастысы — 7 млрд адамзат үшін «бірегей» жасампаздар болады да, сол 7 млрд Адам ата ұрпағының алдына әлгі «бірегейлердің» біртұтас тұтынушысы болу жазылып отыр. Бұл тұтынушылық материалдық және идеологиялық салада жүзеге асып, адам бойынан етенелік (этникалық) сипат өшірілмек. Ол өшіру қасақана жасалмағанның өзінде, жаһандық үдерістің барысында болмай қоймайтын  нәтиже екені белгілі. «Көппен көретін ұлы той» бола тұра, бұл құбылыс ірі ұлттардың өзі үшін қатер бола бастады, сондықтан жер бетін антижаһандану қозғалысы шарпуда. Сөйтіп, жаңа заман әлемнің сан жұрттарының алдына екі мәселені қазқатар қойып отыр:

  • жаһандану құйыны салдарынан жұтылып кетпеу;
  • әлемдік төре халықтардың табанында тапталмау.

Осы жаһандану үрдісіне сәйкес әр халық өзінің өмір қадамын өлшеп-пішіп, «қайтсек, тірі қаламыз» деген жанталасқа ұрынып, бұл сергелдең экономикада да, саясатта да,мәдениетте де, әлеуметтік салада да басты әрекеттің мәйегіне айналуда.

Бұл жанталасты мемлекеттік аумағы әлемдегі 9-орынды иеленіп, жер байлығы жағынан ағыл-тегіл болып отырған қазақ халқы да кешуде. Алайда, қазақ халқы жаһандану үдерісіне әзірше өзін тек қана экономикалық жағынан тырбынып, рухани құндылыққа мұршасы келмей, біржақты ғана дайындалып жатқан сыңайы бар. Бұл әрекеттің қазіргі қарқыны қазақтардың тек қана жақсы тұтынушы болып қалуымен шектелуі ықтимал. Ал, біржақты тұтынушы дегеніміз — ұсынушыға тәуелді болу деген сөз. Себебі, қазақтар өз елінде де, өңірде де жасампаздыққа толық көшіп болған жоқ, әзірге ата-баба қалдырған материалдық мол байлықты тұтынушы ретінде ғана көзге түсуде. Оның үстіне баба ұрпақтың идеологиялық мұрасына кісімси қарайтын менмендік пайда бола бастағандай… Бұл ұлттық мәңгүрттік пе, әлде аңғырттық па? Ата-бабамыз байлықтың үстінде мыңдаған жылдар бойы тірлік ете жүріп, зергерлікпен түйін түйсе де, жерасты байлығын игеруге неге кіріспеді деген сауалдың жауабы, көшпелі ұрпақ талай отырық елдерді бағындыра жүріп, өздері сол отырық жұрттардың демографиялық құшағында неге «еріп» кете барды деген сұраққа берілетін жауаппен астасып жатқандай…  Ал, бұл жұтылыс әлі жаһандануға кезікпегендегі сыйқымыз.

Егемен алған бүгінгі қазақ қазіргі жағдайда, отырық елді басып алып, өзі соған сіңіп кете барған кешегі баба ұрпақтың ахуалын кеше бастағандай әсер бар. Оған өз елінде барған сайын саны арта түссе де, өз тілі мен ділін сақтау мұң болып бара жатқан қазақы тірліктің шындығы ешкімге шүбә келтірмей отыр. Қазір елдегі қазақтың көпшілігі өгей тілмен күн кешуде.  Қалалық ұлт бола бастаған қазақтардың көбі өз тілі мен ділін өз тірлігіне қолданудан қалып бара жатқандығы құпия болмауда, қалғаны солардың соңынан жетектегі ботаның ахуалымен сөмпең қағуда!

Барлық ділдік нәрі көшпенділікке негізделген қазақтың ұлттық иммунитеті қызыл империя кезінде-ақ жаншылған. ХХ ғасырда бірнеше қоғамдық үдерісті бірге бастан кешкен қазақ пен өзбекті салыстырсақ, өз ділінен өзбектің соншалықты ажырамауына не себеп деген сауал көлбеңдейді. Бұған басты жауап — қазақтың көшпелі өмір салтын жоғалтып, отырық өркениетке ұшырап, ал, өзбектің өз заманында көрген қай құқайды да, өз өмір (отырық)  салтымен қарсы алғандығында еді.

Қазақы қоғамдық-әкімшілік құрылым

Әр ұлттың тілі мен дінінен басқа өзіне тән этностық ішкі құрылымы түріндегі иммунитеті болады, бұл құрылым мемлекеттік әкімшілік — аумақтық бөліністің ең төменгі сатысын қалыптастырады. Аталмыш бөлініс негізінен отырық сипатты халықтарда кеңістік-материалдық ресурс бойынша, ал көшпелі қоғамда адам ресурсы бойынша жүзеге асады. Егер өзбек тірлігі үшін өз аумағындағы қышлақ әкімшілік — аумақтық бөліністің өзегі болса, көшпелі қазақ (қазіргі қазақ үшін ауыл болғанымен) үшін өзінің жеті аталы руы мемлекеттік құрылымның негізгі мәйегі еді. Тіпті, қазақ руына қосылмайтын қожалық және төлеңгіттік институттардың өзі де белгілі бір дәрежедегі сословиелік мемлекеттік құрылымның рулық көрінісі болатын. Қазақ құрылымының бұл төменгі деңгейінің беріктігі сонда, қазақ уды да, суды да руымен ішетін.  Ол ру кеңіс талғамай әлемнің кез келген жеріне көшіп қонып аман қалатын. Кәзіргі сонау америкалық үндейлердің арғы тегінің дейтүркілік тұрпатының сақталу басымдығының мәні де сонда. Бұл — көшегендік ортаға ғана тән социумдық  феномен.

Бұл құрылымның бір өзі көшпелі ортада қазіргі жергілікті мемлекеттік басқару мен жергілікті өзін өзі басқару(дұрысы — меңгеру) аталатын институттарды айырбастап келген. Кез келген қазақтың қазақтығы оның белгілі бір рулық етенелікке тиістілігімен өлшенетін. Тіпті, қазаққа кірген басқа кірме жұрттардың өзі де өзіне сай «аспан алып», таңбаға ие болып, руын жасақтайтын.

Алайда, қазақтың рухани иммунитетін жоюға бағытталған кеңестік идеологияның қазақтың сүйегінен өткені сондай, қазір бұл турасындағы әңгіме ұлттық антитақырып деңгейіне жетті, яғни қозғауға болмайтындай самоцензура қалыптасқан. Ал, біз тарихтың мұрағатына айналған рулық бөліністі аңсамасақ та, қайта қалпына келтірмесек те, қазақ үшін жаһандану алапатына этностық деңгейде қарсы тұрарлық қауқарды қанша жасырсақ та,  жеті аталық туыстық қарым-қатынастан ұлттық иммунитеттің ұшығын көреміз. Бұл туыстық шетелге шашыраған қазақтардың өмірі арқылы сынақтан өткен бүгінгі ең тиімді этностық құрылым болып отыр. Бір аталық туыстыққа біріккен шалғай шетелдік қазақтар бізге шашырамай жетуде, керісінше бұл құрылымнан жұрдай болған ресейлік қазақтардың жағдайы алаңдарлық.  Қазақтың бұл рулық құрылымы — біртұтас организмге тән мүшенің тұрпаты болып табылады.

Қарап отырсақ, өзбектердің жергілікті өзін өзі меңгеруі сол баяғы қышлағы мен қаладағы махалласы арқылы жүзеге асып жатыр да, бұл құрылым өзбек халқын сырттан келетін идеологиялық, тіпті экономикалық қауіптен құтқаратын бірден бір қорғаныш рөлін атқаруда. Ал бізде бұл жағынан кеңестік қоғам орнатқан колхоз-совхоздар ресми шаруашылық құрылым болғандықтан, оларға тәуелді ауылдық қазақтардың ахуалы сол ыдыраған шаруашылықпен бірге рухани күйзеліске түсіп отыр; ауылдағы рулық құрылымның рөлі жұрдай болып, қазақтың төменгі құрылымы болып табылатын ақсақал институтының орнын колхоз-совхоздың зейнетке шыққан шал-кемпірлері ғана басып, халықтың ділінен ажыраған олар төменгі деңгейдегі ұлттық қауқарды қамтамасыз ете алмай қалды. Сөйтіп, қазақ жұмыртқаның ақ уызындай қорғаныштан айырылып, ұлтқа тән рухани құрылымдық иммунитеттен жұрдай болғандай ахуалда.

Ал, ауылдық қазақы кеңістен қалаға келген жастар өгей кеңістікке тап болып, қалыптасқан бұралқы тілді, өгей ділді қауымның дегеніне мойынсұнып, өзге тілге бет бұрып, өгей менталдық құлыққа амалсыз көндігіп, бейімделуде. Бұл жағдай ауылқ қазақтардың емес, жалпы қазақтың бойындағы «мәдени шарасыздық» ретінде қабылдаған қоғамдық пікірге ұласты. Мұны зерттеген, зерделеген ешбір этноәлеуметтік ғылым саласы болған жоқ, болса да, жекелеген ғалымдар мен көсемсөзшілер тарапынан айтылған пікірмен шектелді. Сөйтіп, көз алдымызда өзіміздің өмірлік кеңістігімізден ажыраған ұлтымыздың жағдайымен санаса алмау шарасыздығы қалыптасты.

Жетіаталық құрылым — өзін өзі меңгеру үлгісі

Өзбектің қышлағына қарсы біз қазіргі ауылды мысал етуімізге болады. Бірақ бұл тамырын тереңге жайған этностық құрылымнан жұрдай, ауыл әкімінің ауызына қараған ресми мекен ғана емес, кешегі кеңестік саяси келіден шыққан «қоғамдық талқан» екенін жасырыпа керек емес. Мұндай «қазақы өмір кеңісін» кеңес өкіметі қазақ халқының жартысына жуығын аштықпен қыру арқылы алғышарт жасағаны белгілі. Тіпті, қазақ ауылы дегенде шалғайдағы шөл мен шөлейт, сұрықсыз даланы ғана елестететін қасаң көрініс қалыптасқаны тағы рас.

Сөйтіп, бірінен соң бірі жасалған отырық қоғамның үдерістері тарапынан рухани тәркіге ұшыратылған бүгінгі қазақ өзіне тән жергілікті өзін өзі меңгеру (ЖӨМ) құрылымынан ада болды. Өзін өзі рулық меңгеру ұлттың өзіне қарсы құрылым ретінде насихатталып, қызыл империялық  идеология рухани құрылымды шаң қаптырды. Дегенмен, қазіргі ауылды туыс-тамырсыз елестету қиын, алайда, ол өзбектің жаһандануға қарсы тұрарлық етене рефлексі қалыптасқан біртұтас ұлттық организмнің жасуындай (клетка) қышлақ емес, қашан зейнетақы мен жәрдемақы береді деген тілемсек жандүниені бойына сіңірген, этножасампаздықтан жұрдай етілген, кешегі желкелеп жүріп шаруашылық орнатқан совхоздық күнкөрістік психологиядан арыға бара алмауда.

Бір атадан тараған жеті арыстық әулет қазір бұрынғыдай біртұтас ұжымдық қауқарға ие емес, кімнің баласы қайда, қалай жүргендігін тергеп, тегін түптеп, түгендеп, тәртібін қадағалап отыратын «заржақ шалдар» қазір көзден бұлбұл ұшты, солармен бірге ұлттың мәйегі іспетті жеті аталық тұтастық та келмеске кететін сыңайы бар.

Қазақтың қазіргі рухани туыстық құрылымы той-садақаны қамтумен ғана шектеліп примитивтік сипатқа түсті. ХХ ғасырдың басына тән кез келген идеологиялық-экономикалық зауалға қарсы тұру мүмкіндігі бар, әр ауылдың «қой» дейтін  қожасы мен «әй» дейтін әжесі болған, ежелгі шежіре шертер рухани ақсақалдың орнын, жай ғана зейнеткерлер басты. Қақпаны қаққан ұлы жаһандауға қарсы сайман ретінде ұлттың ішкі қорғанышы болып табылатын жеті аталық туыстық құрылымды қайта түлету, керісінше қазақ үшін зауал емес, сауап болар еді. Онымен бірге ақсақалдық институт қалпына келіп, халықтың рухани салауаттануы мен дәрменденуі жүзеге асары сөзсіз. Бұл құрылым қазақ халқының ескілікті есіркеу үшін ғана емес, жаңа заман талаптарына шыдас беруге қажетті ұлттың ішкі әлеуетін жаңғырту пиғылының іс жүзіндегі көрінісі болар еді. Ал, оған қол жеткізу мемлекеттік шарадан гөрі қоғамдық салаға көбірек жататын және азаматтық жоғары сананы талап ететін әрекеттен тұрады. Дегенмен, экономиканың өрлеуі жағдайында ұлттың ішкі қуаттануы мен иммунитетін жақтайтын жобаларды іске асыруға қоғамдық ұйымдар үшін мемлекет тарапынан грант есебінде арнайы қаржы бөліп көтермелеуге әбден болады.

Жетіаталық құрылым,тіпті, шетелдік қазақтардың ұжымдаса өмір сүруі мен елге оралуын да барынша тиімді етері сөзсіз. Бірақ біздің қоғам әлі күнге мұндай көшпелі жергілікті өзін өзі меңгеру құрылымын трайбалистік таптаурын түсініктен ажырата алмай, мәңгіруде. Жеті ата мен руды, ру мен тайпаны шатастырудан әлі арылған жоқпыз. Бұл да өзімізді өзімізден жиіркендірген қызылимпериялық жымысқы саясаттың салдары. Әлі күнге қазақтан басқа жікшіл халық жоқ дегенді қасақана сіңірген қыйтұрқы идеология ұлттың нағыз жұмылдыру мәйегі не екенін сыртқы дұшпанкөз идеологияның ішкі құрылымымызды қасақана бұрмалап, басымызды қатырғанына әлі де мән бермей отырмыз.

Бұл тақырыпты қозғағанда, әңгімені рулық-тайпалық бірлестікті қайта құрып, мемлекеттік аумақтық-әкімшілік бөліністі көшпелі қоғамға тән құрылыммен ауыстыруды ұсынып, қайдағыны қоздыру емес екенін жұртымыз ұқса екен. Біздің бар айтқымыз келіп отырғаны — халықты кәзіргі әлеуметтік азғындықтан құтқаратын, жаһандық үдеріске жарау аттай кірістіретін жайттарды ұлтымыздың бойынан табуға тырысайық дегіміз келген еді.  Жетіаталық құрылымды мемлекет тарапынан қолдау, рулық билікті қалпына келтіру емес, қазақтың генофондық саулығын, әлеуметтік әлдігін, абыройлық ахуалын жақсартуға қажет ішкі ресурсын іске қостыру болар еді. Алайда, мұндай мақсатқа ең әуелі ұлттың элитасы көңіл бөліп, әңгіме арқауын есуді өз қолына алғаны абзал.

 

Серік Ерғали