Сырдың суы «сирағымыздан» келмейтін күн туды!

«Qazaqstan dauiri» газетінің «Nur Otan» партиясымен, ҚР Ауыл шарушылығы министрлігімен бірлескен «Ауыл-ел бесігі экспедициясы» Қызылорда облысында

Қуаңшылықпен күрес

Осы айдың басында елге, яғни Сыр өңіріне барудың сәті түсті. Шаруамды бітірген соң әрлі-берлі көпірден өткенде табандап ағып жатқан, жүдеу тартқан Сырдарияға алыстан көз салғанымды місе тұтпай әдейі барып, жүзімді оның қасиетті суына жуғым келді. Күн шыжғырып тұр. «42 градус!» Бәлкім одан да жоғары. 80-ші жылдардағы жағалау тым алыста қалған. Ол кездері Сыр өзенінің арғы жағалауына көз жетпейтін. Ендігі жағдайы мынау. Әрі-бері атпен кешіп өтуге болады. Жан дүнием алай-дүлей. Ғасырлар бойына өмір өзегі болып, жағалауындағы миллиондаған елді суымен нәрлендіріп, күретамыр сынды тіршілік сыйлап келген Сырдария енді сол адамдардың аялы қамқорлығына қатты зәру. Бұған кім кінәлі? Арал тартылғанда ах ұрып, қасіретке шомған бүкіл адамзат енді Сырдариясынан-Сейхунынан айрылса не болмақ?

 

Шұғыл шаралар, ғалымдардың жанайқайы

Тұз дауылына шыдас беріп, ақ кебінге оранып, ерні кеберсіген даласын қимай табан тіреп отырған, ілдалдалап өмір сүріп жатқан қалың елдің ендігі жағдайы нашарламаса жақсармайды-ау, сірә. Арал қасіреті дабылдың басы еді. Қос егіз өзен Әму мен Сыр өзендерінен сол кезде-ақ күй кете бастағанына назар аудармадық. Алдымен Әмудің суы азайып, Аралға бірде жетті, бірде жетпеді. Сыр өзені уақыт өткен сайын жүдеу тартты, кеселі дендеген адамдай жағалауы шегініп, суы тайаздай берді. Мән бермедік. Мән берсек те әрекет етпедік, себеп-салдарын зерттемедік. Биыл ерте көктемде қар суымен асып-тасып, сес көрсететін дарияның деңгейі көтерілмеді. Күрішін, егінін егіп, күнін көріп отырған диқан қауымының зәре құты қалмады. Сырдария өлсе, ақпаса бәрі бітті дей бер. Өмір, тіршілік тоқтайды!
Олар дабыл қақты, зарын билікке жеткізді. Керенеу билік те ойланды. Әнеу сағада қағанағы қарқ, сағанағы сарқ болып отырған қырғыз бен өзбекке базынасын айтып, келісімшартқа отыруға шақырды. «Біз кінәлі емеспіз. Таудағы мұздақтардың бергені өзімізге жетпей жатыр» деп олар алақандарын жайды. Қос ағайын ел, әсіресе өзбектер су қоймаларының есіктерін тарс жауып, мізбақпай отырып алды. Мұндайда мінез көрсетпей жуасқа айналатын біздің билігіміз де үміт отын сөндірмей тағатсыздана күткен диқан қауымына алақанын жайып, қолдан келер дәрмен жоқтығын жеткізді. Бірақ аймаққа келіп жатқан дария суының әрбір тамшысын үнемдеп пайдалануға көшті, шұғыл шаралар жасай бастады.
Осы мәселе төңірегінде, яғни облыс әкімшілігі су тапшылығына қарсы қандай жұмыстар атқарып жатқандығы жайлы білу үшін өңірдің ауыл шаруашылығы басқармасына бас сұқтық. Өздеріңіз білесіздер газетіміздің дәстүрлі «Ауыл – ел бесігі экспедициясы» жыл сайын «Nur Otan» партиясымен, ҚР Ауыл шарушылығы министрлігімен бірлесе жұмыс істеп келеді. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасындағылар қазіргі күнде не істелініп жатқандығы жайлы мәліметтерді алдымызға жайып салды. «Жыл сайын облыста егіс көлемі де осы 180-188 мың гектар төңірегінде. Оның ішінде 80-85 мың гектарына немесе 45,2 пайызына ғана күріш егіледі. Қалған 54,8 пайыз жерге 12,2 мың гектарға жуық дәнді, 6 мың гектарға майлы, 66,4 мың гектарға мал азықтық дақылдар және 18 мың гектардың үстінде картоп, көкөніс, бақша дақылдары егіледі. Сонымен қатар жыл сайын егістік алқаптардағы су жүйелерін тазарту, гидротехникалық құрылыстарын жөндеу жұмыстары атқарылып келеді. Атап айтқанда, 96 шаруашылық аралық, 1 762 ішкі шаруашылық аралық канал жөндеуден өтіп, одан 2 734 мың текше метр топырақ шығарылды. Сондай-ақ облыстық коммуналдық меншіктегі ұзындығы 183,8 шақырым болатын 29 канал тазаланып, оның бойындағы 39 гидротехникалық құрылыс жөнделді. Күріш атыздарында суармалы суды ысырапсыз пайдалану үшін жыл сайын лазерлік «Мара» агрегатымен жер тегістеу жұмыстары атқарылуда. Атап айтқанда, 2013 жылдан бері барлығы 47 022 гектар күріш алқабына тегістеу жұмыстары жүргізілді». Міне басқарма осындай ғана қысқа есебін берді.
Сондай-ақ су тапшылығы кезінде өзіндік ойларын, пікірлерін ортаға салып жатқан маман, ғалымдар да баршылық. Солардың ішінде мына азаматтың, ғалымның пікірін келтіре кетуді жөн санадық.
«Осы өңірдің азаматы ретінде Үкімет тарапынан облыс әкімдігі мен өңір ғалымдарының су тапшылығы мәселесін шешу бағытында атқарып жатқан жұмыстарын жоққа шығаруға болмайды деп санаймыз. Тағы бір айта кететін маңызды жайт, Ауыл шарушылығы министрлігі бекіткен Сырдария өзенінен облысқа егіс шаруашылығы үшін 2025 жылдарға дейінгі мерзімге бекітілген су пайдалану лимиттері. Осы лимит аясында экологиялық қажеттіліктерге 1,2 млрд текше метр, ауыл шаруашылығын тұрақты суаруға 4,2 млрд текше метр қарастырылған. Бұл арқылы су ресурстарын тиімді пайдалана отырып, жыл сайын саны өсіп келе жатқан облыс халқын сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету, өңірдің экспорттық әлеуетін арттыру, мал шаруашылығына азықтық база жасау, жаңа технологияларды енгізу, жалпы саланы одан әрі дамытуға толық мүмкіндік бар. Оған мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулардың нәтижесінде аяққа тұрып, материалдық техникалық базасы нығайған облыс ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен жергілікті ғалымдар бірлесіп, жүйелі түрде жұмыс істеу арқылы қол жеткізуде. Сондықтан облыста экономикалық және азық түліктік маңызға ие күріш дақылын бірден азайту немесе бас тарту суармалы жерлердің жағдайын нашарлатып қана қоймай, осы салада жұмыс атқарып жүрген мыңдаған халықты табысы мен күнкөріспен, ата кәсібінен айыру деп есептейміз.» Серікбай Өмірзақов, техника ғылымдарының докторы, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры осындай пікірлерін ортаға салды.

 

Дақпыртты жеңіп, халқын сабырға шақырған шиеліліктер

Біз басқармадан бір өкілді алып, Шиелі ауданына қарай сапар шектік. Аудан әкімшілігінен осы мәселеге жауапты мамандарды бірге алып, дөңгелек үстел жасауды ұйғардық. Шағын дөңгелек үстелімізге аудан әкімінің орынбасары Ерсұлтан Апетов, Шиелі су шаруашылығы өндірістік учаскесінің басшысы Дихан Әубәкіров, «Төңкеріс «К» шаруа қожалығының төрағасы Бауыржан Көпеев, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының өкілі және «Жас алаш» газетінің меншікті тілшісі Миуа Байназарова қатысты. Әрине, Сырдария суының азаюы шиеліліктерді де қатты абыржытқан. Әсіресе диқандар қауымы «күріш егу көлемі қысқарады екен» деген дақпырт әңгімеге елеңдеп, су бөлуде өзара зор тартыс болатындығына қатты алаңдаушылық білдіріп, аудандық әкімшілікке келіп, мән-жайды білуге асығады.
Аудандық әкімшілік тиісті мамандармен ақылдасып, шұғыл түрде арнаулы топ құрады. Әлбетте дақпырт, ал шындығында күріш егу көлемі қысқаратыны анық еді. Қаншалықты қысқарады? Ол қалай жүзеге асырылады? Арнаулы топ мүшелерінің ең алдымен маңыз бергені айқай шуға ерік бермей жұртшылықты сабырға шақыруды мақсат етіп қойды. Ол үшін қара қылды қақ жарған әділдік салтанат құрғанда ғана абыржыған көпшілік сабырға келеді. Топ мүшелері неғұрлым қателікке жол бермей судың әрбір тамшысын үнемдей отырып, елге, диқандарға тең етіп бөлуді көздеді. Аудандағы бұрын жоспарлаған, күріш егуге арналған 14 мың шаршы гектардың 2 мың гектары қысқаратыны анықталды. Алайда ол қысқартылған жерге де басқа аса суды талап етпейтін өнімдер егілуге ұйғарым жасалды. Үздіксіз түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Кейбір учаскелерде кәдімгідей текерістерде болды. Сәл қателессең лап етіп екі жақты тартыс болып кетуі де мүмкін еді. Топ мүшелерінің қажырлы да білікті жүргізілген шаралары арқасында ондайға жол берілмеді. Халық та бұл қиындыққа, ауыртпалыққа түсіністікпен қарады. Бір ғажабы Шиелілік шенеуніктер күріштен басқа ауыл шаруашылығы дақылдар өсіріп жатқан диқандарды да жетімсіретпеді. Оларға да тиісінше су бөлінісі әділетті жасалды. Себебі олардың да бар күнкөрісі осы диқаншылық кәсіпке тығыз байланысты екендігі айтпаса да түсінікті. Біз қуаңшылықпен күрес майданында халықпен түсіністікпен жұмыс істеп жатқан аудан мамандарына ризашылығымызды білдірдік. Ынтымақ, бірлік, әділеттілік бар жерде қандай қиындықты болса да жеңуге болатындығына көзіміз жетті.

Аралда мал неден қырылды?

Аралдағы, осы көктемде болған малдың қырылу оқиғасы біздің көңілімізді қобалжытып, оның мән-жайына үңілуге мәжбүрледі. Сөйтсек, аудандағы Мергенсай, Құланды, Беларан, Бөген, Аманөткел, Райым, Бекбауыл, Қамыстыбас ауыл округтерінде шынында да 321 бас жылқы, 159 ірі қара, 1 түйе өліпті. Мамыр айында арнайы құрылған комиссия бұндай қолайсыз жағдайдың өріс алуының басты себебі қуаңшылықтың зардабы екендігіне көз жеткізді.
Арал, Қазалыға Сырдария өзенінің суы тамтұмдап жететіні бесенеден белгілі. Биыл бұл мәселе жылдағыдан да ауыр. Қыстай бұл өңірде қар аз жауды, жаңбыр да себелемеген. Әсіресе сәуір айынан бері Арал өңірінде тұзды дауыл бір бәсеңсімей тіршілік атаулыны тұншықтырып, қуаңшылықты үдете түскен. Шөп өспей қалды. Жыл сайын шаруалар Ақтөбедегі Шалқар мен Ырғыздан шөп-тайларын алып тұратын. Қазір оларда қуаңшылық.
Мұндайда не істеуге болады? Тіске басар жем шөп болмаған жерде мал қырылады. Оны жоғарыдағы деректерден көруге болады. Шаруалар соңғы кездері қолдағы малдарын босқа қырылғанша деп арзанға сатып жатыр. Малмен күн көріп отырған халыққа бұл уақытша ғана жеңілдік. Ел әрі қарай қалай күн көрмек? Тоқсаныншы жылдардағы қолдан жасалған тоқырауда халық шұбырындыға ұшырап, қалаға босқан. Соңғы оншақты жылда аздап болса да тіршілік тынысы ашылған соң Аралда, Қазалыда қайта ел тұрақтап, қалаға босуды тоқтатқан. Мына қуаңшылық осылай дес бермей тұрса тағы да «ақтабан шұбырынды» басталмасына кім кепіл?
Аудандағы ауылшаруашылық құрылым-дары да қолдан келер шараларды жүзеге асырып жатыр. Мәселен аудандағы мал басын қысқартуға жоспар жасалынған. Бұл шара көңілге қонбайды. Мал қысқарса не болатыны жайында жоғарыда айттық. Әр сенбі сайын шөп сату жәрмеңкесі өтіп тұрады екен. Шөп 10-15 пайызға арзан сатылады. Жем шөпке жұмсалған шығын құнын арзандату үшін субсидиялар бере бастаған. Облыстық бюджеттен ақша бөлініпті. Ауданға шөп-тайлары әкеліне бастаған. Бірақ бұлар көңілге медеу болғанмен, қуаңшылықты толық жеңуге негіз бола алмайды.

 

Аққырлық ақсақалдардың ащы мәлімдемесі

Жалағаш ауданында ең қашық орналасқан екі ауыл бар. Олар Аққыр және Жаңадария ауылдары. Біз Аққыр ауылында болдық. Ауыл тұрғындарымен кездестік. Ақсақалдар ел Президентінің атына мәлімдеме жасапты. Осы мәлімдемеде Аққыр ауылының қазіргі хал-ахуалы сөз болады.

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Біздің Аққыр ауылы 1965 жылы құрылды. Мал шаруашылығын өркендетуге арналып құрылған ауылымыздың кескін келбеті, көгалдандыруы басқа ауылдардан ерекше еді. Түп-түзу көшелер, оның екі жағындағы ағаштар, стандартты үйлер… Облыс бойынша сол кездері жетістіктерімен ауылымыз көзге түсті. Бірақ тоқсаныншы жылдардағы тоқырау дауылы біздің ауылды да жылан жалағандай етті. Тұрғындардың біразы көшті. Жәй көшпей олар үйлерін бұзып әкетті. Алайда осындай ауыртпалықтарға қарамастан ауылымыз өмір сүруін тоқтатқан емес. Соңғы кездері сырттан көшіп келушілер де пайда болды. Ауыл Қызылқұмда орналасқан. Мал шаруашылығын өркендетуге таптырмайтын өңір. Біз мұны жазбаған жеріміз жоқ. Әзірге нәтиже шамалы. Бізде ауыз су мәселесі толық шешілген. Бірақ бау-бақшамызды гүлдендіруге аяқ су тапшы. Мәселен тура іргемізде коллектор ағып жатыр. Ең болмаса мамандар осы коллектор-өзеннен суды жырып әкелуге мүмкіндік жасаса. Ауылымыздағы басқа су көздері бірде істесе, бірде істемейді. Ауыл тұрғындары жылма жыл су келетініне сенімсіз. Сондықтан бау-бақша өнімдерін кеңінен екпейді. Жем-шөп бағасы аспандап кетті оған тоқтау бола ма? Екінші бір өтінішіміз клубымыз жоқ. Айта-айта шаршадық. Амал жоқ осы жолы өзіңізге мәлімдеме жазуға мәжбүр болып отырмыз. Биыл да ауыл аяқ сусыз қалып отыр. Көмектессеңіз екен!

Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ

Халықаралық «Qazaqstan dauiri» газетінен