ʺ Бар мейіріміміз –балаларға ʺ

Соңғы жылдары ауданымызда мүмкіндігі шектеулі балаларға қамқорлық жасау аясында бірқатар шаралар жүзеге асырылып, нәтижесінде былтыр әлеуметтік саланы әлеуеттендіру бағытында «Байзақ» мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту орталығы ашылды.

 

1 маусым – Халақаралық балаларды қорғау күні мерекесінде «Байзақ» мүмкіндігі шектеулі балалардыоңалту орталығында «Бар мейіріміміз – балаларға» атты кеш ұйымдастырылды. Әсем де айшықты безендірілген бөлме ішінде балалар мерекелік көңіл күймен мәре –сәре болуда. Мерекеге жиналған балалар мен ата-аналар қызықты сәттердің куәсі болды. Мерекелік шара шымылдығы аудандық әл-Фараби атындағы мәдениет үйі көркемөнерпаздары сахналаған «Батыр тышқан» қойылымымен ашылды. Қуыршақтарды сөйлеткен өнерпаздар сахналаған ұлттық сана-сезімді қалыптастыратын тәрбиелік мәні зор қойылым балалардың көңілінен шықты.

 

Орталық меңгерушісі Дамира Жолшанқызы балаларды айтулы мерекемен құттықтап, жүрекжарды жылы лебізін жеткізді. Өз кезегінде Шәріп Аружан «Қошақаным» әнін әуелете шырқаса, Пернебай Арай, Есмаханбет Айтбек, Нүркенұлы Али, Нұраддин Нұрдәулет тақпақтарды нақышына келтіре орындады. Мүмкіндіктері шектеулі балалар мерекелік шараның нағыз белсенді қатысушылары болып табылды. Өйткені, аталмыш шара балалардың айналадағы ортаға бейімделуіне, өзін азамат ретінде сезіне отырып, адамдармен тең дәрежеде қарым-қатынас жасауына мүмкіндік туғызды.
Мерейлі мерекеге орай, бүлдіршіндерге аудан басшылығы атынан құрастырмалы ойыншықтар сыйға таратылып, естелік суретке түсті. Шара соңы орталық тәрбиешілерінің балаларды пони аттарымен серуендетуге ұласты.