МОЙЫНҚҰМ – БАЛ АРАСЫН ӨСІРУГЕ ҚОЛАЙЛЫ ЖЕР

Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті жұмыспен қамтудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының бірінші бағыты – қысқа мерзімді кәсіптік оқыту. Осыған орай аудандық жұмыспен қамту орталығы ара және балық шаруашылғы бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқыту ісін жүйелі жүргізіп келеді. Бүгінде 30 адамға жолдама берілсе, оның тең жартысы ара, қалғаны балық шаруашылығында білім алуда. Бүгінде ара шаруашылығы бойынша білім алушылар Уалихан Бидайбеков жетекшілік ететін «Құлатай — БВК» оқу орталығында «Кәсіпкерлікті қолдау», «Бал айдау технологиясы» және «Компьютерлік сауаттылық» пәндері негізінде оқытылып жатыр. Өткен аптада аталмыш оқу орталығында ара шаруашылығы бойынша білім алушылар, алған білімдерін тәжірибемен ұштастырды. Алдымен автобекет ішінің фойесінде Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Бақыт Қалымбетованың төрағалығымен келелі жиын болып өтті. Жиынға қатысқан аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Мейірхан Төлеулиев, Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалының басшысы Нәділ Үсіпжанов, аудандық мәслихаттың депутаты Пернебай Рысымбетовтер оқушылармен жүздесіп, аталмыш кәсіпті қалай бастау керек, қандай жеңілдіктер қарастырылған және бастаған істі қалай кеңейтіп, дамыту керектігі жөнінде кеңес отырысын өткізді. Халықты Жұмыспен қамту орталығының директоры Б.Қалымбетова, оқытудың нәтижесінде ауданымызда ара шаруашылығына деген қызығушылықтың күннен-күнге арта түскеніне тоқталды. — Былтыр екі азамат қайтарымсыз несие алса, биылда екі азамат ара өсірумен айналысу бағытында қайтарымсыз несиеге қол жеткізіп отыр. Ал қазіргі оқытылып жатқан 15 азаматтың барлығыда алдағы уақытта қайтарымсыз несие арқылы ара шаруашылығы кәсібіне мықтап кіріспек. Біз қызығы мен шыжығы мол кәсіптің қыр-сырын оқушыларға терең меңгертіп, алған білімдерін тәжірибемен ұштастыруда жасалуы тиіс жағдайлардың барлығын жасап жатырмыз» деп, алдағы уақытта өңірімізде ара шаруашылығының шалқи түсетіндігін тілге тиек етті. Бұл салада 35 жыл еңбек өтілі бар мойынқұмдық тәжірибелі омарташы Алпысбай Смағұлов, оқушыларға ұстаздық етіп, бал арасының ұяларын көрсетіп, аралардың балды қалай жинайтынын және ара балынан кәсіп ашып істі қалай ілгері жүргізуге болатынын егжей-тегжейлі түсіндіріп, оны іс жүзінде кеңпейілдікпен көрсетіп берді. Оның айтуынша бал арасынан банкрот болу екіталай, жақсылап жұмыс істесе шыққан шығынды екі-үш еселеп қайтаруға болады. – Ашуға мінгенде малды ұрып-соға аласың. Ал араға келгенде баппен қимылдау керек. Егер ашуға беріліп араны ұрсаң, ол сені ұрады. Күнделікті таңертең бір ас қасық бал жеп, артынан су ішсеңіз асқазан, инсульт, тромб сияқты аурулар болмайды. Ара балы қанға тез сіңеді әрі қанның құрамын жаңартып, жақсартады. Таза бал тамақты күйдіреді, бірден жұтпай сәл аузыңызда ұстап тұрсаңыз тез сіңіп кетеді. Арадан қорқуға болмайды. Адам баласын қалай қорғаса, ара да балын солай қорғайды. Ондай жағдайда ара ашуын түтін салып басу керек»- деп омарташы оны да іспен көрсетіп берді. Расында қызыққа толы өткен оқу-практикасынан ара шаруашылығындағы таңсық дүниелерді бізде үйреніп, сабақты ойлар түйіп қайттық. Сол ойлардың негізін назарларыңызға ұсынсақ, керегіңізге жарап қалар.

 

1. Күн суытып, үсік жүргенде аралар тек өзінің тамағын (бал) ғана жинайды. Ондай кезде ара балын жинап алуға болмайды. Ара азықсыз қалса, өлімге душар болады.
2. Мамыр айында бал алу өте қиын. Себебі ауа-райы ол кезде құбылмалы болады. Алайда мамыр айында гүлдің түрі көп болғандықтан, әртүрлі гүлден жиналған балдың құнары күшті болады.
3. Дүниежүзінде үшінші орын алатын емдік қасиеті жоғары бал Мойынқұм жантағынан алынады.
4. Ара шаруашылығы – өзін тез ақтайтын кәсіптің түріне жатады.
5. Ара балының бір ерекшелігі – сақталу ұзақты өте жоғары. Қайта көп тұрған сайын күшіне енеді.
6. Ағзаға сіңімділігі тым жоғары болғандықтан, адам денесінен тер болып шықпайтын жалғыз зат ол осы ара балы.
7. Малмен айналысып отырған мойынқұмдық жеке шаруақожалықтар мен фермерлердің айналасы түгел ара балы. Олардың бәрі малмен қоса ара шаруашылығыменде айналысуларына болады, кедергі келтірмейді. Малды бағасың, ал ара өзі кетіп, өзі келеді.
8. 5 миллион 45 мың гектар жері бар Мойынқұм – ара өсірудің отанына айналатын өте қолайлы жер.
9. Егер қайтарымсыз несие алып, 10 ара ұяшығын сатып алсаңыз, одан 180 кг бал алуға болады. Мойынқұмдық әр тұрғын ауласының алдына екі-үш ара ұяшығын ұстаса көп уақытыңызды алмайды. Ара 25-32 литр балды 4-5 күнде жинап үлгереді.
10. Ара балауызы тері күтіміне өте пайдалы. Теріңізді сырып немесе жарақаттап алсаңыз ара балауызын жағыңыз, бірден кетіреді.
11. Егер ара ұясына тышқан кіріп кеткен жағдайда, аралар оны жабылып өлтіріп, одан тұлып жасап қояды.
12. Ара жиналған балдың піскенін күту керек және бал қантқа айналуы керек. Егер бал қантқа айналып кристализация жасалынбай сұйық боп тұрса онда ол қолдан жасалынған бал болып есептелінеді. Балды қыздыруға болмайды, жылытуға болады. Қыздырылған балдың құрамы өзгеріп кетеді.
13. Балды көп жеуге болмайды, қан қысымыңыз көтеріліп кетуі мүмкін.