Қазақ тілін насихаттайтын алғашқы портал

Қағаз бен қаламды серік етпесе де, көпшіліктің телефон, планшет, компьютерлерінің пернетақтасында зырылдап жүргеніне дәлел іздеудің қажеті жоқ. Құдайға шүкір дейік, қазақ тіліндегі сөздердің дұрыс жазылуына аса мән беріліп жүргенін әлеуметтік желілерден-ақ байқауға болады. М-Агент, ВКонтактедегі «Нестеватсын?», «Кал калай?», «Не жан?» деген секілді не басы, не аяғы жоқ, не орысша, не қазақша емес шұбарланған сөздердің бірте-бірте түзеліп келе жатқанына қуанатымыз анық.

        Десе де, шындығына келгенде қарпін түзетіп, баяғы сағынышпен жазылатын хаттардағыдай таза жазып жүргендердің басым бөлігі әдебиетке жаны жақын, тым болмаса газет-журнал оқудан қолы тимеген немесе тіл мен сөз тазалығына немқұрайлы қарауды ар көретін белгілі бір мамандықтардағы азамат-азаматшалар екенін тағы жасыра алмаймыз. Кәріні де, жасты да өзіне бірден баураған «ВКонтакте», «Инстаграм», «Фейсбук» желілеріндегі мәтіндердің дұрыс, сауатты жазылуы аса маңызды болып отыр. Өйткені, аталған әлеуметтік желілерде оқушылар мен жасөспірімдерді былай қойғанда, әріпті енді ғана танып келе жатқан бүлдіршіндердің отырғаны бесенеден белгілі.

ЖИЫН

       Міне, осындай мақсатпен «Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» деген Ахмет Байтұрсыновтың әйгілі нақылын есінде мықтап ұстаған тіл жанашырлары жуырда жаңа бастамамен жұртшылықты бір қуантты. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті «Қазақ тілінің ғаламтордағы жаңа кеңістігін» көпшілікке паш етті. Тың деуге келе қоймас, дегенмен «Тіл әлемі» порталы және «Atau.kz» ономастикалық, «Termincom.kz» терминологиялық, «Emle.kz» орфографиялық электрондық базалары мемлекеттік тілді насихаттаудың жаңаша тәсілі десек қателеспейміз. Сондай-ақ, бұл жобаның Елбасы Н.Назарбаевтың 2011 жылғы 29 маусымдағы №110 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында мемлекеттік тілді үйрету үдерісіне жаңа ақпараттық технологияларды енгізу мақсатында қолға алынғанын айта кетейік. Жаңа бастаманың тұсаукесеріне ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, тіл жанашырлары мен қоғам қайраткерлері қатысып, ізгі тілектерімен бірге өз пікірлерін де білдірген болатын. Мәселен, кеше ғана демалыстан шыққан халық қалаулысы Сауытбек Әбдірахманов қазіргі қазақтарға жазуды ғана емес, дұрыс айтуды, яғни, орфоэпиялық нормаларды да үйрету керектігін айтып қалды. Сонымен, қазақ тілінің ғаламтордағы жаңа кеңістігі халқымызға не береді? Бұл жөнінде «Тіл әлемі» порталының редакторы, журналист Мөлдір Бақытқызымен қысқа-нұсқа сұхбат жүргізудің сәті түсті.

-Мөлдір ханым, Тіл комитетінің жаңа жобасы несімен ерекшеленеді?

                   ЕРБОЛ ТІЛЕШОВ

-Бізде «Әдебиет» порталы болғанымен, қазақ тілін толыққанды насихаттайтын сайт жоқ. Ал, қазіргі қоғамдағы қазақтардың өзіне қазақ тілін үйрету керектігі өзіңе де белгілі ғой. Сөйтіп, екі-үш жыл бұрын Ербол Тілешов осы жобаны қолға алған болатын. Басты мақсатымыз – мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, еліміздегі тіл орталықтарының жұмыстарын үйлестіру, тілді қашықтықтан үйретуге мүмкіндік туғызу. Портал келешекте әлеуметтік желілер секілді жұмыс істейді деп үміттенемін. Өйткені, порталға тіркелген оқырмандар ғалымдар мен әдіскерлерге көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, аудио, бейнесабақтар арқылы жаңа сөздер үйрене алады. Порталдың «Тіл райы» атты бөліміне кез келген оқырманның көшеден, қоғамдық орындардан ұшырастырған жарнама және көрнекі ақпараттардағы өрескел қателерді жолдауына болады. Сонымен қатар, интернет қолданушылары сайтқа тіркеліп, «Толғаныс» айдарында жазбаларын жариялай алады. «Тарту» айдарында түрлі сөздіктер мен кітаптар, журналдар жарияланған. 200-ге жуық тіл үйренуге арналған аудио және видеосабақтар бар. Олардың бәрі уақыт өткен сайын толықтырылып отырады.  

-Жобаны таныстыру кезінде мультфильмдерді де байқап қалдық…

Иә, өзің көргендей, балалардың қазақ тілін еркін меңгеруіне жағдай жасайтын әртүрлі мультфильмдерді қойдық. Оған қоса, Тіл комитетінің қолдауымен шыққан өзге этнос өкілдерінің халық ертегілерімен «Тартудың» ішіндегі «Балаларға базарлық» айдарынан танысуға болады.

-Сайттарыңыз қаншалықты жиі жаңарып отырады?

«Atau.kz, «Termincom.kz, «Emle.kz» электронды базаларында нақты мәліметтер, мәселен, 13000 бекітілген терминдер, сондай-ақ, ономастикалық атаулар мен 50000-ға жуық орфографиялық сөздер қазірдің өзінде тұр. Олар жиі жаңарып отырады деп айта алмаймын. Ал, «Тіл әлемінің» «Орта» деп аталатын блогында Республикамыздағы барлық тіл басқармаларының атқарып жатқан жұмыстарын, ана тілімізге қатысты барлық жаңалықтарды күнделікті беріп отырамыз деген ойдамын.

-Рәсім кезінде өтініштер мен ұсыныстар қараусыз қалмайды деп айтылды. Осы жөнінде бірер ауыз айтып, әңгімемізді түйіндесек?

Жаңа айтқанымдай, біздің порталымызға тіркеліп, профайл аша аласыз. Жазбаларыңызды жариялай отырып, әртүрлі терминдерге болсын, мейлі, атауларға байланысты болсын ұсыныстар жауапсыз қалмайды. Олардың бәрін біз сарапшы мамандарға жібереміз. Заң бойынша тіл мамандары, ғалымдардың сараптамасынан кейін барып өтінішті қанағаттандырамыз.

Сұхбатыңызға көп-көп рахмет! Жаңа жобаларыңыздың болашағы жарқын болғай!

P.S. Біреу ары тартып, біреу бері тартып, қай сөздің қалай айтылып, қалай жазылатынын түсінбей жатқан кезімізде барлық терминді де, атауды да бір орталыққа бағындырған Тіл комитетінің жаңа жобасы аз қаражатпен жүзеге асты дегенді де құлағымыз шалды. Енді бұл бастаманың ары қарай дамып, қазақ тілінің түзеліп, күрмеуі көп түйіндердің шешілуі бұл жобаны жасаушылар ғана емес, әрбір ұлтының болашағына, тіліне жаны ашитын азаматтардың қолында. Ана тілімізді ардақтаған азамат болсаңыз «Tilalemi.kz» порталына және «Atau.kz, «Termincom.kz, «Emle.kz» сайттарына қонақ болыңыз!

Дайындаған Ермұрат НАЗАРҰЛЫ,

Суреттерді түсірген – Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ