Қытай назарында — Орта Азия

Орта Азияны танудың басталуы

Қытайды билеген Хань әулетінің (б.з.д 206 – б.з 220) императоры У-ди ғұндарға қарсы одақтас табу мақсатымен Чжан Цяньды батыс бағытқа елшілікке аттандырып, Қытайдың тарихи әдебиеттерінде Сиюй (Батыс Өлке) деп аталған мәдени-географиялық кеңістікпен байланыс орнатқаннан кейін, Қытай кең мағынасындағы Батыс Өлкенің құрамына кіретін Орта Азия аумағын ұдайы қадағалап, оған өз ықпалын тигізуге тырысып отырды. Қытайдың ресми жылнамаларында Батыс Өлке туралы аса бай деректердің сақталуы осы стратегиялық мақсаттың көрінісі және нәтижесі болатын.
Өткен ғасырдың бірінші жартысын толық қамтыған саяси толқулар мен соғыстар (дүниежүзілік және азаматтық) Қытайлық ғалымдарға Орта Азияны жан-жақты зерттеуге мойын бұратындай мүмкіндік бермеді. Бұл кезеңде жарық көрген Орта Азия туралы ғылыми-танымдық еңбектер саусақпен санарлық қана. Осы қатарда, Шанхайда шығып тұрған «Ханьхайчао» журналында «Кеңестік Орта Азиядағы бес республикаға шолу» деген ортақ тақырыппен жарық көрген мақалаларды айтуға болады.
Қытай Халық Республикасы құрылғаннан кейінгі 10 жылға таяу уақыт ішінде, Қытай мен Кеңес Одағы арасында қоян-қолтық байланыс орнады, Кеңес Одағының түрлі саладағы «жетістіктері» Қытайда кеңінен насихатталды. Алайда, Кеңес-Қытай достығы ұзаққа бармады, екі елдің қарым-қатынасының күрт шиеленісуі, идеологиялық талас-тартыстың үдеуі және шекаралық аймақтарда теке-тірес салдарынан Қытайда кеңестану (советология) ғылыми бағыт ретінде қалыптаса алмады, бұл бағыттағы мамандар тек саяси күрес мақсатына жұмылдырылды, осы кезеңде жарық көрген еңбектер жоқтың қасы. Оның үстіне ұзаққа жалғасқан саяси науқандар ғылыми қауымдастықтың тұрлаулы жұмыс жүргізуіне мұрсат бермеді. Кеңес Одағы мәселелерін зерттеумен айналысқан жалғыз ғылыми орталық ретінде, 1965 жылы ҚКП ОК Байланыс бөлімінің жанынан құрылған Кеңестік зерттеу институтын айтуға болады. Бірақ, атышулы «Мәдени революция» кезінде, осы жалғыз орталық та 1969 жылдан 1975 жылға дейін өз жұмысын тоқтатуға мәжбүр болады.
Өткен ғасырдың 80-і жылдарынан кейін, Кеңес-Қытай байланысы біртіндеп сабасына түсті, осыған орай, қытайлық ғалымдар Кеңестік аймақтың тарих, ұлт, экономика мәселелеріне қайта назар аудара бастады. Дегенмен, Орта Азия дербес геомәдени аймақ ретінде емес, Кеңес Одағының құрамындағы әскери, экономикалық база ретінде қарастырылды, «Кеңес Одағының Орта Азияны игеруі» (1989) секілді бірен-саран монографиялар жарық көргенмен, бұл өңір дербес зерттеу нысаны бола алмады. Орта Азия республикалары өз тәуелсіздігін жариялағанға дейінгі осы онжылдықты Қытайдың Орта Азия зерттеулерінің дайындық кезеңі ретінде атауға толық негіз бар. 1980 жылы құрылған Шынжаң Қоғамдық ғылымдар академиясының Орта Азия институты осы кезеңде көшбасшылық қызмет атқарды. Аталған институттың құрамындағы тарих, ұлт, мәдениет, дін, тіл мәселелерімен айналысатын ғалымдар «Кеңестік Орта Азияны зерттеу деректері» деген атпен Орта Азия бағыты бойынша Қытайдағы алғашқы ішкі басылымды шығара бастайды; басылым атауы 1983 жылы «Орта Азияны зерттеу деректері», 1986 жылы «Орта Азия зерттеуі» деп ауыстырылады. 1998 жылы шығуын тоқтатқанға дейін жалпы 60 саны жарық көрген осы басылымда Орта Азия аймағының саяси, экономикалық, мәдени және этникалық мәселелері бойынша 1,000-ға жуық мақала, аударма және ақпараттық дерек жарияланады. Міне осындай ресурстық негізі бар болғандықтан, Орта Азия республикалары өз тәуелсіздігін жариялағаннан кейін көп ұзамай аталған институт «Орта Азиядағы төрт елдің жалпы жағдайы» және «Қазақстан Республикасының жалпы жағдайы» деген екі кітапты жедел баспадан шығарып, Қытайда Орта Азия зерттеу бағытының қалыптасуына жол ашады.

Барлық еңбектер мен мағлұматтар қытай тілінде

Айрықша атап өтер бір жайт, Қытайлық ғылыми орта елдегі қым-қуыт саяси жағдайға қарамастан, Орта Азияны зерттеудің ғылыми-деректік қорын аударма еңбектермен толықтыра білді. Орта Азия аймағының тарихы мен мәдениетінен мағлұмат беретін басты еңбектердің дені қытай тіліне аударылды. Бұл бағыттағы жұмыстар өткен ғасырдың 30-ы жылдарынан бастап қолға алынды. Мысалы, Эдвард Паркер – «Ғүн тарихы» (1934), Стейн – «Сериндия» (1934), Сиратори – «Соғдылар туралы зерттеу» (1936), МакГоверн – «Орта Азиядағы алғашқы империялар» (1958), Мурадгеа д’Оссон – «Моңғолдар тарихы» (1962), Мұхаммед Жуайни – «Тарих-и жаһангушай» (1981), Каррер д’Анкосс – «Ыдыраған империя» (1982), Мұхаммед Қайдар Дулати – «Тарих-и Рашиди» (1983), Рашид ад-Дин – «Жамиғ ат-тауарих» (1983~1986), М.А.Терентьев – «Орта Азияны жаулап алу тарихы» (1983~1986), С.Г. Кляшторный – «Көне түркі жазба ескерткіштері Орта Азия тарихының дереккөзі ретінде» (1991), Ибн Хордадбех – «Китаб әл-масалик уә-л-мамалик» (1991), Пеллио – «Қалмақ тарихына ескертпе» (1994), Бабыр – «Бабырнама» (1997), Әл-Масуди – «Муруж әз-зәхаб уә мәадин әл-жауаһир» (1998), Ибн Баттута – «Саяхат» (1998), Груссе – «Дала империялары» (1998) т.б еңбектердің қытай тіліндегі академиялық аудармалары ғылыми қауымдастыққа ұсынылды. Бұл айтылғандар осы бағыттағы аударма еңбектердің бір парасы ғана екенін және осы үрдістің мемлекеттік қолдау есебінен қазірге дейін жалғасып келе жатқанын еске сала отырып, кей еңбектердің академиялық аудармасымен қатар, қалың көпшілікке арналған жеңілдетілген нұсқалары да баспадан шығарылып отыратынын айтуға тура келеді. Мысалы, «Дала империяларының» осындай бірнеше нұсқасы белгілі. Бұл үрдістің деректік және теориялық білім қорын кеңейтіп, зерттеушілердің аймақтағы мәселелерді тарихилық тұрғысынан зерттеуіне оң ықпал етумен қатар, оқырмандарды сауаттандырып, қалың көпшіліктің қызығушылығын оятып, салаға сапалы кадрлар тартуға да белгілі деңгейде белсенді әсер еткені байқалады, бұл біз үшін үлгі боларлық тәжірибе екені даусыз.

 

«Жаңа құрлықты» барлау…

Орта Азия республикалары өз егемендігін жариялап, аймақтың геосаяси жағдайы күрт өзгергеннен кейінгі онжылдық Қытайда Орта Азия туралы зерттеулер дербес, кешенді ғылыми бағыт ретінде қалыптасып, қауырт жеміс бере бастаған кезең болды. Бұл кезеңнің басты ерекшеліктері: сала мамандарының көпшілігі Кеңес Одағы туралы жүйелі зерттеу жүргізген, орыс тіліне жетік ғалымдар еді. Олар Орта Азия аймағындағы жас мемлекеттердің саяси, экономикалық, дипломатиялық ахуалдарын әр қырынан талдап, ғылыми сараптама жасауға тырысты. Жарық көрген монографиялар мен мақалаларға дәйек болған дереккөздер, негізінен, Орта Азия елдерінде шығатын орыстілді басылымдар мен ресейлік ғалымдардың еңбектері болды. Ғылыми қауымдастықтың басты назары Орта Азия елдеріндегі саяси, экономикалық және әлеуметтік трансформация, ұлтаралық қарым-қатынастар, Қытай мен Орта Азия елдері арасындағы дипломатиялық байланыстар және екіжақты, көпжақты ынтымақтастық, панисламизм және пантүркизм мәселелеріне шоғырланды. Зерттеудің аймақтық және мемлекеттік бағыттары қалыптаса бастады, атап айтқанда, ғалымдардың елеулі бір тобы Орта Азия республикаларын біртұтас геосаяси жүйе ретінде қарастырып, аймақтың жалпы даму жағдайын басты назарда ұстаса, кей ғалымдар зерттеу нысанына жекелеген мемлекеттерді алып, олардың саяси, экономикалық, қауіпсіздік, сыртқы саясат мәселелерін талдау жасауды мақсат тұтты. Кадрлар дайындау жұмысы да қолға алынып, Қытай Қоғамдық ғылымдар академиясы, Ланьчжоу университеті және Орталық ұлттар университеті Орта Азия бағыты бойынша докторанттар мен магистранттар қабылдап, жоғары оқу орындары мен түрлі деңгейдегі ғылыми мекемелерде Орта Азияны зерттеу бойынша институттар мен ғылыми орталықтар ашыла бастады. Осы кезеңде жарық көрген монографиялардың негізгілері: «Орта Азиядағы 5 елдің жалпы жағдайы» (1997), «Орта Азиядағы 5 ел туралы шолу» (1999), «Орта Азиядағы 5 елдің сыртқы байланыстары» (1999), «Қытай және Орта Азия» (1999), «Шығыс Еуропа және Орта Азия елдеріндегі жекешелендіру мәселелері» (1995), «Орта Азияны зерттеу – Қытай мен Орта Азиядағы трансшекаралық ұлттар» (1995), «Кеңестік қирандыдағы қиын-қыстау ізденістер» (1997), «Батысқа ашылған қақпа – Қытайдың Солтүстік-батыс аймағы мен Орта Азиядағы 5 елдің қарым-қатынасы туралы зерттеу» (1995), «Қытай мен тәуелсіз Орта Азия мемлекеттерінің қарым-қатынасы» (1996), «Орта Азияның халықаралық қатынастар тарихы» (1997), «Жаңа және соңғы дәуірдегі Шынжаң мен Орта Азияның экономикалық қатынастар тарихы» (2000), т.б.
Байқап отырғанымыздай, осы кезеңдегі еңбектердің дені Орта Азиялық мемлекеттердің хал-ахуалы және олардың Қытаймен байланысы төңірегінде болып келеді. Оның басты себебі, Кеңестік кезеңде ұзақ жылдар бойы тоталитарлық жабық жүйеде өмір сүрген Орта Азия аймағының сол кездегі жағдайы туралы Қытайдың деректік қоры өте тапшы болатын. Оның үстіне, Қытай Қоғамдық ғылымдар академиясының шекаралық зерттеулер институтының директоры, заң ғылымдарының докторы Син Гуанчэн атап көрсеткендей, Қытай Кеңес Одағы ыдырып, Орта Азиядағы бес ел тәуелсіздік алады деп күтпеген еді, сондықтан, Қытай Орта Азия аймағы бойынша дипломатиялық саясаттарын бірден қалыптастыра алмады, сыртқы саясатта айқын стратегиялық пайым мен мақсат болмады, басты күш-жігер Кеңес Одағының құлауы мен Орта Азия елдерінің тәуелсіздік алуының Қытайға жасайтын ықтимал әсерін болдырмауға бағытталды, міне бұл Қытайдағы ғылыми қауымдастық алдына осы бағыттар бойынша ізденістер жасау мақсатын қойғаны анық.

 

Қытайдың қорқынышы

Жаңа ғасырдың алғашқы онжылдығы күрделі де маңызды оқиғаларға толы болды: 5-6 жылға жалғасқан дайындықтан кейін, 2001 жылы Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы (ШЫҰ) ресми түрде құрылды; сол жылдың қыркүйек айында АҚШ-та бүкіл әлемді дүр сілкіндірген лаңкестік шабуылдар орын алды; 2005 жылы көктемде Қырғызстанда «Қызғалдақ төңкерісі», Өзбекстанда Андижан қырғыны болып өтті; 2007 жылдан басталған қаржылық дағдарыс Орта Азия аймағын да айналып өткен жоқ. Осындай айтулы даталарға байланысты, Қытайлық ғылыми қауымдастық Орта Азиядағы елдердің мемлекеттік саясаты және әлеуметтік, экономикалық, демографиялық саясаттары жөнінде жан-жақты зерттеулер жүргізе бастады, әсіресе, аймақтағы елдердің саяси-экономикалық жүйесінің өз-өзіне тән даму ерекшеліктерін айқындай бастауы тәуелсіздіктен кейінгі саяси, экономикалық және әлеуметтік трансформациялар туралы салыстырмалы зерттеулерге жол ашты. Дегенмен, бұл кезеңде Қытай ғалымдары өңірлік қауіпсіздік мәселесін басты қаперде ұстағанын қадап айтқан жөн. Оның бірнеше себебі бар еді: біріншіден, экстремизмге, лаңкестікке және сепаратизмге соққы беруді басты мақсаттарының бірі ретінде қарастыратын «Шанхай бестігінің» халықаралық деңгейдегі ШЫҰ болып құрылуы Орта Азия елдері мен Қытай арасындағы стратегиялық ынтымақтастық тақырыбына ғалымдардың қызығушылығын арттырды. Екіншіден, 11 қыркүйек оқиғасынан кейінгі Ауғанстандағы күрделі жағдай, әсіресе аймақта діни экстремизмнің етек жайып, салафиттік бағыттың жандануы Қытайда «ұйғыр мәселесіне» байланысты айтарлықтай алаңдаушылық тудырғаны анық еді. Ал «Қызғалдақ төңкерісінен» кейін, «Түрлі-түсті революциялардың» салдарынан Қытайдың Орта Азиямен шекаралас аймақтарында сепаратистік күштер жанданып, Қырғызстанның ШЫҰ-ға деген көзқарасы өзгеруі мүмкін деген болжалдар айтыла бастады, оның үстіне, АҚШ-тың саяси төңкеріске «килігуі» Қытайға қарсы стратегиялық мақсаттардан туындаған жоқ па деген күдік аймақтың қауіпсіздігіне байланысты алаңдаушылықты күшейтті.
Осы кезеңде жарық көрген негізгі еңбектер: «Орта Азиялық жаңа құрылым және өңірлік қауіпсіздік» (2001), «Орта Азияның қауіпсіздігі және Ауғанстан мәселесі» (2003), «Орта Азиядағы ұлт және дін мәселелері» (2002), «Он жылдағы өзгерістер – Орта Азия және Сыртқы Кавказ» (2004), «Түрлі-түсті революция: Орта Азияның нақты таңдауы» (2007), «ТМД елдеріндегі түрлі-түсті революциялар туралы зерттеулер» (2011), «Түрлі-түсті революция және Орта Азия» (2011), «Орта Азиядағы лаңкестік қылмыстар туралы зерттеу» (2009), «Түрлі-түсті революциялар шабуылындағы Орта Азия» (2006), «Орта Азияның геосаяси мәдениеті» (2003), «Орта Азиядағы қазіргі этногенез мәселелері туралы зерттеу» (2008), «Орта Азиядағы ұлтаралық қатынастар: тарихы, қазіргі жағдайы және болашағы» (2003), «Орта Азияның геосаясаты және Шынжаңның дамуы» (2002), «Орта Азия және Оңтүстік Азиядағы терроризм мен экстремизм» (2003), «Қырғи қабақ соғыстан кейінгі Орта Азияның геосаяси жағдайы және Шынжаңның қауіпсіздігі мен дамуы» (2009), «ШЫҰ туралы зерттеу есебі» (2010), «Қытайдың Орта Азия дипломатиясы» (2008), «Қытай, Орта Азия және ШЫҰ» (2005, орыс тілінде), «Вашингтон, Мәскеу және Бейжің: Орта Азияға көзқарас» (2007, орыс тілінде), «Жаңа геосаясат: Орта Азиядағы энергия көздері және Қытай» (2007), «Қазақстан және оның Қытайдың Шынжаң аймағымен қарым-қатынасы: XV ғасырдан XX ғасырдың ортасына дейін» (2005), «Орта Азиядағы 5 ел тарихының тезисі» (2005), «Орта Азияның жалпы тарихы» (2004-2007), «Орта Азия континенті: Ұлы Тан империясы» (2005), «Орта Азиядағы жиһанкездік тарихы» (2009), «Ферғана: Ислам және Қазіргі ұлттық мемлекет» (2008), «Орта Азиядағы ұйғырлар» (2003), т.б.

 

Түйткілдер, зерттеулер және өзара байланыс

2007 жылы АҚШ-та басталып, бүкіл дүние жүзін шарпыған әлемдік қаржы дағдарысы Батыс елдерімен тығыз экономикалық, қаржылық байланыс орнатып үлгерген Орта Азия аймағына 2009 жылдан кейін белгілі деңгейде теріс ықпал ете бастады. Қытай Қоғамдық ғылымдар академиясы Ресей, Шығыс Еуропа және Орта Азия институтының директоры, аға ғылыми қызметкер Цунь Чжуанчжидың пікірінше, Орта Азия елдері қаржылық дағдарысқа тап болғанда, Қытай оларға көмек қолын соза білді, ал АҚШ пен Еуродақ елдері қаржылық дағдарыстың салдарынан Орта Азия аймағына инвестиция мен жәрдемді азайтуға мәжбүр болды, сөйтіп, Қытай осы аймақтағы ықпалын күшейтіп, Орта Азия елдерінің ең маңызды қаржы және сауда серіктесіне айналып үлгерді; 2010 жылдан кейін Орта Азия елдері мен Қытайдың қарым-қатынасы жаңа белеске көтеріліп, екіжақты және өңірлік ынтымақтастықтың мол нәтиже беруі ғылыми зерттеудің жаңа кезеңіне жол ашады.
2010 жылдан кейін, халықаралық жағдайда бірқатар өзгерістер жарыққа шықты: АҚШ Ауғанстаннан әскерін шығарды, Батыстық елдердің аймақтағы ықпалы әлсіреді, Ресей мен Қытай Орта Азия аймағындағы ең ықпалды ойыншылар ретінде көзге түсті, алайда, соған қарамастан, Қытайлық ғылыми қауымдастықтың Орта Азия мәселесіне қызығушылығы біртіндеп төмендеді, соңғы жылдары жарық көрген монографиялық еңбектердің саны бұрынғыдан әлде қайда аз, бұның себебін Цунь Чжуанчжи әлемдік аренада Орта Азия елдерінің маңызы төмендегенімен түсіндіреді, дегенмен, ол басқа себептерді де жоққа шығармайды, айталық, зерттеушілердің қатары сиреген; орыс тілін жетік меңгерген, Орта Азия мәселелерімен жақсы таныс білікті мамандардың көпшілігі зейнетке шыққанмен, орыс тілінен хабарсыз жас зерттеушілердің ауыр жүкті арқалауға шамасы жетпей отыр; оның үстіне, жаңа ғасырдың бірінші онжылдығында Орта Азия мәселелеріне айырықша ден қойып, зерттеуге білек сыбана араласқан ғалымдардың көпшілігі АҚШ-Қытай қатынастары және державалар саясаты бойынша маманданған, сондықтан, Орта Азиядағы саяси жағдай тұрақтанғаннан кейін, олар бұл бағытқа көп назар аудармайтын болды. Бұдан бөлек, Қытайлық ғалымдардың көпшілігі дереккөздермен ғана жұмыс жасайды, Орта Азия елдеріне ғылыми экспедициялар ұйымдастыру қолға алынбаған, осы аймақта ұзақ уақыты болып, жағдаймен танысқан ғылыми қызметкерлердің қатары сирек, сондай-ақ, аймақта мемлекеттік тілдің мәртебесі көтеріліп, орыстілді басылымдардың өрісі таралуы да Қытайлық ғылыми қызметкерлердің ақпарат алуын қиындата түсті. Цунь Чжуанчжи ағылшын тілін жетік меңгерген жас мамандарды Батыстық әдебиеттерге көбірек жүгінетіндіктен АҚШ пен Еуропа ғалымдарының ықпалында кетті деп жазғырады.
Осы кезеңде басылып шыққан монографиялық еңбектер: «АҚШ-тың Орта Азия стратегиясына 20 жыл» (2012), «Басу, біріктіру және қайта қалыптау: АҚШ-тың Орта Азия саясатына 20 жыл» (2014), «Орта Азия елдеріндегі саяси трансформация» (2015), «Орта Азия елдерінің даму үдерісі туралы зерттеу» (2016), «Орта Азиядағы бақылаулы демократия туралы зерттеу» (2015), «Солтүстік-батыс аймақты игеру – Бадахшан және Цяньлун заманының ортасындағы Орта Азия дипломатиясы» (2019), «Батыс өлке және Орта Азия әдебиеті» (2016), «Жаңа Жібек жолы және Орта Азия: Орта Азия халықтарының дәстүрлі әлеуметтік құрылымы мен дәстүрлі мәдениеті» (2015), «Әлемдік тарих: Орта Азиядағы ұлттар мен діндер» (2012), «Орта Азия елдерінің Ресеймен қарым-қатынасы (XVI-XIX ғғ.)» (2012), «Орта Азия тарихы» (2018), «Ферғана аңғарындағы этногенез және қатысты мәселелер туралы зерттеу» (2016), «Орта Азия елдерінің трансформациясы және әлемдік жағдай» (2013), «Кедейлік және мемлекет трансформациясы» (2012), «Орта Азиядағы 5 ел: демографиялық зерттеу» (2014), «Тарих және қазіргі өмір: Орта Азиядағы экстремизмге талдау» (2017), «Шынжаң мен Орта Азиядағы трансшекаралық ұлттар» (2012), «Орта Азиядағы дүнген тілі туралы зерттеу» (2015), «АҚШ-тың Орта Азиядағы энергия дипломатиясы» (2010), т.б.
Қарап отырсақ, бұл кезеңде зерттеу тақырыптарының аясы кеңейіп, мазмұны толыққаны байқалады, ендігіде Қытай ғалымдары экономикалық байланыстар, саяси қатынастар және өңірлік қауіпсіздік секілді дәстүрлі тақырыптармен шектелмей, Орта Азия аймағының әлеуметтік, мәдени өмірінің алуан қырына бет бұра бастаған сыңайлы.
Егер 1992 жылдан 2018 жылдың аяғына дейін мерзімді басылымдарда жарияланған 10 022 ғылыми мақала (1-і кесте) мен 1999 жылдан 2018 жылдың аяғына дейін қорғалған 1 035 докторлық және магистрлік диссертацияның (2-і кесте) көрсеткішіне талдау жасайтын болсақ, Қытайлық ғылыми қауымдастықтың Орта Азия аймағына байланысты зерттеу жұмыстарының саны жыл сайын артып, 2015 және 2016 жылдары шырқау шекке жеткеннен кейін бәсеңдей бастағанын көреміз. Бағаналардың толқын тәріздес графигі Қытайлық ғылыми қауымдастықтың Орта Азия бойынша зерттеулері аймақтағы саяси-әлеуметтік оқиғалармен тығыз байланысты болып отыратынын аңғартады. Орта Азия тақырыбына қызығушылықтың 2005 жылдан кейін күрт артуына «Қызғалдақ төңкерісінен» басқа, АҚШ-тың Орта Азия саясатының өзгеруі, Каспий қайраңынан мұнай мен газдың орасан мол қоры анықталуы және әлемдік қаржылық дағдарыс әсер етсе, 2013 жылдан 2017 жылға дейінгі аралықта зерттеу жұмыстарының қарқынды жүргізілуі Қытайлық «Белдеу және жол» бастамасының ортаға қойылуына байланысты екені даусыз. Соңғы жылдары Қытайлық ғалымдардың Орта Азияға байланысты зерттеу тақырыптары геосаясат, мәдениет, Батыс Қытай қауіпсіздігі, өзара тиімді сауда, энергетикалық ынтымақтастық, Қытай имиджін қалыптастыру, тіл, қаржы секілді салаларға шоғырланып келеді.
Орта Азия бағыты бойынша ғылыми мақалалар мен докторлық және магистрлік диссертациялардың тақырып аясына жан-жақты талдау жасаған Қытай Қоғамдық ғылымдар академиясы Ресей, Шығыс Еуропа және Орта Азия институтының кіші ғылыми қызметкері, халықаралық қатынастар мамандығының докторы Сяо Бинь мынадай қорытынды жасайды: Орта Азия елдері мен Қытайдың қарым-қатынасы – Қытайдағы Орта Азия зерттеу бағытының қос діңгегінің бірі, зерттеушілердің басым көпшілігін қызықтыратын тақырып. Орта Азия елдері – көп ұлтты мемлекеттер, сондықтан, ұлтаралық қатынастарды зерделеу – Орта Азияны зерттеудің негізгі мазмұнының бірі, бұл тәуелсіз, көп ұлтты Орта Азия елдерінің саяси тұрақтылығы туралы үздіксіз ізденістер жасауға негіз болады. әлеуметтік-экономикалық даму – Орта Азияны зерттеудің басым бағыты болғанмен, қытайлық зерттеушілердің назары Орта Азия мемлекеттерінің өңірлік экономикалық ынтымақтастығы, ресурстарды қорғау және игеру секілді тақырыптарға көбірек шоғырланған. Орта Азия аймағының тарихи даму динамикасы, әдебиет пен өнері және тіл экологиясы бастан өткерген өзгерістер де қытайлық ғалымдарды аймақтың өркениеттік моделі мен тарихи даму заңдары туралы өзінше ой түюге шақырады. Орта Азиялық мемлекеттер туралы зерттеулерді Қытай ғалымдары көбінесе абстрактілі тарихи фон аясында қарастырады, державалардың геосаясаты, тәуелсіз елдердің дипломатиялық таңдауы зерттеушілерді ең қызықтыратын тақырып саналады, бұл Қытайдың сыртқы саясаттағы талдау құралдарын жетілдіріп, тиімді үкімет жөніндегі танымды нығайтуға пайдалы. Қытайлық ғалымдар Орта Азияның дін мәселесін зерттеуге көп мойын бұра бермейді, бірақ, Орта Азияның исламдануы және діннің саясилануы мәселелері бойынша өзіндік тұжырымдамалары бар. Өңірлік зерттеу – Қытайдағы Орта Азия зерттеу бағытының тағы бір діңгегі, қытайлық зерттеушілер өңірлік тәртіпті қалыптастыруға сыртқы күштердің араласуы, аймақтағы өңірлік тәртіптің жүйелік тетіктері, т.б тұрғыдан Орта Азия аймағының саяси даму үдерісін анықтап, зерттеулердің онан сайын тереңдеуіне жол ашты.

Ғылыми орталықтар нені зерттейді?

Ғылыми мекемелер туралы айтар болсақ, қазір Қытайда Орта Азияны зерттеу бағыты бойынша арнаулы немесе жанамалай жұмыс жүргізетін 20-ға жуық институт және ғылыми орталық бар, олардың ішінде ғылыми жетістіктерімен көзге түскен көшбасшылар ретінде, Қытай Қоғамдық ғылымдар академиясының Ресей, Шығыс Еуропа және Орта Азия институты, Ланьчжоу университетінің Орта Азия зерттеу институты, ШҰАР Қоғамдық ғылымдар академиясының Орта Азия институты, Шынжаң университетінің Орта Азия академиясы, Шэньси педагогикалық университетінің Орта Азия институты, Шанхай халықаралық мәселелерді зерттеу академиясының Ресей және Орта Азия орталығы, Қытай халық университетінің Шығыс Еуропа және Орта Азия зерттеу институты, Шанхай шет тілдері университетінің Орта Азия зерттеу орталығы секілді ғылыми орталықтарды атауға болады. Атап өтер бір жайт, соңғы жылдары Шанхай шет тілдері университеті, Чжэцзян  қаржы және экономика университеті, Далянь шет тілдері университеті секілді оқу орындарының жанынан Қазақстан зерттеу орталықтары да ашылды. Бұдан басқа, Орта Азия мәселелері жөніндегі Бүкілқытайлық ғылыми конференция 2001 жылдан бері жыл сайын тұрақты түрде өтіп келеді.
Зерттеу жұмыстарының елеулі нәтижелер бергеніне қарамастан, Қытайдың Орта Азия зерттеуі әлемдік ықпалға ие ғылыми мектеп қалыптастыра алған жоқ, әлемдік ғылыми қауымдастыққа беделді ғылымдар да саусақпен санарлық. Оның көптеген себебі бар болуы мүмкін, бастысы, Қытайда академиялық еркіндік пен тәуелсіз ғылымның болмауы, зерттеу жұмыстарының саяси-идеологиялық мақсаттарға қызмет етуі, зерттеудің халықаралық стандарттарға сай келмеуі, мәселелерді Қытай мүддесі тұрғысынан сыңаржақты қарастыру, зерттеу әдістерінің жұтаңдығы, зерттеу мазмұнының біржақтылығы зерттеу жетістіктерінің ғылымилығы мен объектілігіне және сапасына шүбә болмайды. Сонымен бірге, ғылыми қызметкерлер құрамының тұрақты болмауы, ғылыми зерттеудің негізінің әлсіздігі, өте-мөте зерттеушілердің орыстілді дереккөздерге көбірек иек артуы, аймақтағы мемлекеттік тілдерді игермеуі немесе шала игеруі, ғылыми ынтымақтастыққа мән берілмеуі т.б факторлар Орта Азия бағыты бойынша зерттеулердің тереңдеуі мен кеңеюіне шектеу болып отыр, зерттеу нәтижелері жүйелі әрі терең емес, көзқарастар мен тұжырымдамаларда жаңалық кемшіл. Осы олқылықтарды оңдауға Қытай билігі мен ғылыми қауымдастығы соңғы кезде мән бере бастады. Мысалы, кадрлар тапшылығын шешу үшін, шет тілдерінің мамандарын даярлайтын жоғары оқу орындарында соңғы жылдары қазақ, өзбек тілдері бойынша мамандықтар ашылып, студенттер қабылданып келеді.
Түйіндеп келгенде, Орта Азия Қытай үшін стратегиялық маңызы бар өңірлердің бірі, Қытай аймақтағы геосаяси жағдайды қалт жібермей қадағалап, оған өз ықпалын өткізуге күш салып келеді. Сондықтан, Қытайдың Орта Азияны зерттеуі әсте тоқырап, тоқтап қалмайды. Әсіресе, «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында стратегиялық мақсаттардың орындалуын қамтамасыз ету үшін Қытайдың Орта Азия аймағын зерттеуге бұрынғыдан бетер мән беріп, аймақтағы Қытай ықпалын кеңейтуге тырысатыны даусыз. Тиісінше, Орта Азия елдерінің, соның ішінде Қазақстанның Қытайтану бағыты бойынша қол жеткен табыстарын талдап, таразылап, орын тепкен кемшіліктерді толықтырып, жас мамандар дайындауды тездетіп, ұлттық деңгейдегі Қытай зерттеу орталығын ашудың қамын жасау кезек күттірмейтін өзекті мәселе деп білеміз.

Ерлан МАЗАН,
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті тарих факультетінің магистранты

Халықаралық «Qazaqstan dauiri» газетінен