АБАЙ МЕН ҚИЯСБАЙ…….

1.Қиясбайдың көңіл айтуы
Абайдың жасы ұлғайған шағында атын ерттейтін, төсегін салатын, тартылған табақтағы етін турайтын атқосшы қызметкер серігі болған Қиясбай жайында Шыңғыстау атырабында тараған хикая қыруар дүние.
Солардың екі-үшеуін оқырманға ұсынуды жөн көрдік. Абайдың оқыған ұлы Әбдірахманның Алматыда дүние салды деген хабарын Мағауияның хаты жеткізгенде, Абай үйде отыра алмай, Ақшоқының басына шығып кетіпті.
Жан дүниесі күйресе де күңіренбей, мелшиіп үнсіз қалған Абайдың белінен қапсыра Қиясбай ұстап отырыпты. Қаза хабарын құлағы шалған алыс-жақындар, терезелес-әріптестер, бай-шонжарлар, елдің игі жақсылары Ақшоқы төбесіне шығып, көңіл айтады.
Бәрінің де сөздері байырғы қалыптан, ауыз үйренген әдеткі машықтан, ой тебірентпес үйреншіктіден әрі аса алмайды:
«Балаңыздың қазасының қайырын берсін!». «Әбіштің алдынан жарылқасын!».
«Өткенге салауат! Тіріге саламат!» – деген сияқты сөздер ғана айтылады. Көңіл айтып келгендердің бірде-біріне ұлы ақын басын көтеріп сәлемдеспейді, анда-санда ауыр күрсініп, орамалымен көзін сүртіп, үнсіз отыра береді.
Тым-тырыс бір сәтте Қиясбай Абай ағаның белінен қолын босатып, оң жақтағы кебеже қарын, кең құрсақ бір шонжарды шынтағымен қатты нұқып қалып:
– «Жайда елдің қасқасы мен жайсаңымыз» деп күмпілдер едіңдер, өңшең нәрсіздер! Ұста Абай ағамның белінен! – деп қатты дауыстап жіберіпті.
Шонжарға әлгі сөз әмірдей әсер еткені сондай – орнынан ұшып тұрып, ақынды ту сыртынан қапсыра құшақтай алыпты…
Қиясбай болса, төбедегілердің арқа-жонын ала артқа жүгіріп барып, енді оң жақ қапталға тартып, одан ауыл жаққа емпілдейді. Біраз ұзап барып, оқыс бұрылып тура Абайға қарай жүгіреді. Жұрттың көзі – Қиясбайда. Ақынның алдына шарт жүгініп отыра қалған Қиясбай екі қолын созып:
– Абай аға! Ел Әбіш деген ақылды баласынан айрылып қалды, Елге көңіл айтпайсың ба?! – депті.
– Қазақтың қара тіліне сендей шешенді көрсем, бұйырмасын! – деп Абай жасын тыйып, Қиясбайды өзі қолтықтап, ауылға қарай беттеген екен.
2.Көп тапқырлықтың бірі
Жидебайдағы қыстауға қыстың күні бір топ қонақ кеп, Абай үйіне түседі. Бұлар ақынның аса бір сыйлайтын кісілері екен.
Қешкіде жаңа сойылған тайдың еті мен қысырдың қымызына бөгіп көйлекшең-дамбалшаң әңгіме-дүкен құрып отырған қонақтардың үстіне сырттан Қиясбай кіріп келеді де:
– Абай ағамда тығыз бір сөзім бар еді, тысқа шыға тұрыңыздаршы, – деп басқаларға байқатпай ақынға көзін қысып қалады. Қиясбайдың тағы да бір қызық көрсетейін деп тұрғанын сезген Абай:
– Иә, кішкене шыға тұрсаңыздар,– депті. Саптамаларын аяқтарына сұға-сұға, көйлекшең қонақтар апыл-ғұпыл қораға шығып кетіседі. Мейманхана бөлмесінде Абай мен Қиясбай екеуі оңаша қалады.
– Ол не сөз, Қиясжан?! – деп сұрайды ақын.
– Өздері бір мазасыз қонақтар екен. Міне, екі күн бойы «біздің аттар су ішті ме, жем жеді ме?» – деп қайта-қайта сұрап, тыншымды ала берді… Өздерін бір қатырайын дегенім ғой осылай аязды кеште қораға шығарып, – дейді Қиясбай.
– Мына тапқырлығыңа бір қой берейін, көрші ауылдағы шешеңе жеткізіп сал, – депті Абай.
– Тәйірі, Абай ағам өңгертіп жібереді дейсің бе, айдатып жібереді де! – депті Қиясбай.
Жалғыз қойды айдау мүмкін бе, содан да Абай:
– Он қой, он қой! – деген көрінеді.
3.«Балаларға ұрса берме…»
Абай балаларына кейде: «Оқуға елгезек емессіңдер, еріншексіңдер» деп кейде ұрсып қояды екен. Бір күні қызы Гүлбаданға:
«Сабағыңа ұқыпты емессің!» – деп кейігенін естіген Қиясбай, насыбай үгіп отырып:
– Абай аға, осы сен жеті жұрттың тілін біледі дейді, осы шын ба? – деп сұрапты.
– Иә, рас! – депті ақын ағасы.
– Жеті жұрттың тілін білетінің рас болса, мен бір жазу жазайын, соны айырып берші,– депті Қиясбай.
– Ал жаза ғой…
Қарындашты қолға алған Қиясбай ақ қағазға ирек сызық салыпты.
– Мынау не?!. – Абай аударып-төңкеріп қарап-қарап не екенін айыра алмаған соң: – Мен мынаның сырын біле алмадым, өзің айтшы! – депті.
– Бұл найзағайдың ізі емес пе? – депті Қиясбай.
Абай қызметшісінің арқасынан қағыпты.
Әлімбаев Мұзаффар – Өмір. Өнер. Өнерпаз: Эссе, естеліктер, ой-толғамдар. – Алматы: Өнер, 1990. – 6-8 б.б.
Құлтөлей Мұқаш парақшасынан.