Су шаруашылығы қызметкерлері марапатталды
Әулиеата өңірі аграрлы аймақ саналатындықтан мұнда су шаруашылығына да түсетін күш аз емес. Суармалы алқаптарға тіршілік нәрін жеткізудің соны жетістіктерімен қатар, Жамбыл жерінде осы салаға қатысты түйіні тарқамаған түйткілді мәселелері де жоқ емес. Десе де аймақтағы ірілі-ұсақты өзен, каналдар мен су айдындарына бас ие болып отырған «Қазсушар» мекемесі филиалының атқарып жатқан жұмысы көзге көрінерлік-ақ.
9 шілде – еліміз бойынша Су шаруашылығы қызметкерлерінің күні болып бекітілген. Бүгін осы кәсіптік мереке «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Жамбыл облыстық филиалында жоғары деңгейде аталып өтті. Мерекеге орай мекеменің мәжіліс залында карантин талаптарын сақтай отырып өңірдегі су шаруашылығы саласы ардагерлері мен қызметкерлерінің қатысуымен салтанатты жиын өтті.
Шараға облыс әкімінің орынбасары Нұржан Нұржігітов қатысып, аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың құттықтауын жеткізді.
– Облыс әкімі Бердібек Машбекұлының тапсырмасына сәйкес өңірімізде жыл санап суармалы егіс алқабының көлемі ұлғайып келеді. Тиісінше облыс әкімдігінің қолдауының арқасында егін шаруашылығына бет бұрған шаруалардың да қатары артуда. Сонымен қатар диқандарды сапалы тұқыммен, тыңайтқышпен қамту және ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту бағытында да қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Дегенмен егер су тапшы болатын болса егістік алқабын ұлғайтып, сапалы тұқым сатып алып, техника жаңартқанымыздан пайда болмайды. Жақсы өнім алу үшін ең алдымен егістік алқаптарына судың кедергісіз жеткені маңызды.
Бүгінгі таңда өңірде сала мамандарының жанкешті еңбегінің нәтижесінде бас бармақпен бағалауға тұрарлықтай жұмыстар істелуде. Сіздердің еңбектеріңіздің арқасында диқандар су тапшылығынан құтылып, алғысын айтуда. Атқарылған жұмыстар аз емес. Алдағы мақсат-міндеттер де ауқымды. Сондықтан кәсіби мерекелеріңізбен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Абыройлы болыңыздар, – деді Нұржан Молдиярұлы.
Сондай-ақ Н.Нұржігітов ЖФ су пайдалану бөлімінің гидротегнигі Ақылбек Мұратұлын, «Тасөткел су қоймасы» өңірлік бөлімшесінің гидротехнигі Данияр Тұрдықұлұлын облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың Алғыс хатымен марапаттады.
Мұнан кейін жиынға қатысушыларды ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев бейнеконференц арқылы онлайн режимде құттықтады.
Сонымен қатар облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Құлкеев кәсіби мерекемен арнайы құттықтап келіп, жылы лебізін білдірді.
– Сіздерді 9 шілде – Су шаруашылығы қызметкерлері күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Су шаруашылығы – ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыз етуге, жерді мелиорациялау бағдарламасын орындауға, балық шаруашылығы мен құс шаруашылығын өркендетуге септігін тигізетін бірден-бір сала. Бүгінде күн көрісі ауыл шаруашылығы өндірісіне, яғни суармалы жерге тікелей байланысты ауылдағы ағайынның арман-тілегін орындау мақсатында су тапшылығының алдын алу үшін өңірде бірқатар шаралар атқарылуда.
Сiздер қажырлы еңбектерiңiзбен елiмiздiң дамуына, экономикамыздың өсіп өркендеуіне қомақты үлес қосып келесiздер. Тіршілік нәрі судың құндылығы мен оны халыққа жеткізуде аянбай етіп жүрген еңбектеріңіз қашан да құрметке лайық! Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, жұмыстарыңызға табыс тілеймін!– деген Ерлан Елібайұлы бірқатар мекеме қызметкерін Алғыс хатпен марапаттады.
«Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Жамбыл облыстық филиалының директоры Қазыбек Бедебаев та әріптестерін мерекемен құттықтап, сала ардагерлеріне құрмет көрсетті. Ұзақ жылдар су шаруашылығы саласында еңбек етіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан ардагерлерге ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтың, Су ресурстары комитетінің төрағасы Нұрлан Алдамжаровтың, «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры Алтай Елжасовтың атынан арнайы себеттер үлестірілді.
Сондай-ақ Қазыбек Қошқарбайұлы еңбегімен еленген мекеме мамандарының кеудесіне «Су шаруашылығының ардагері», «Су шаруашылығының үздігі» төсбелгісін тақты. Одан бөлек тағы ондаған қызметкерге Мағзұм Маратұлының, Нұрлан Жанұзақұлының, Алтай Аралбайұлының Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарын табыс етті. Енді бір топ филиал маманы Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының «II дәрежелі Еңбек даңқы», «III дәрежелі Еңбек даңқы» төлбелгісімен және Құрмет грамотасымен, «Қазақстан су шаруашылығы» РМК қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының Құрмет грамотасымен марапатталды.
Жиын барысында сөз алған ардагерлер мереке қарсаңында ұмыт қалдырмай ескеріп, арнайы шақырып, құрмет көрсеткен басшылыққа риясыз алғыстарын жеткізді. Сондай-ақ ардагерлер өз ойларын, ұтымды ұсыныстарымен бөлісті. Мәселен ардагерлер мекеменің бір бөлмесінен тарихты, өткенді кейінгі ұрпақ біліп жүруі үшін сушыларға арналған музей ашуды ұсынды. Өз кезегінде Қазыбек Қошқарбайұлы ұтымды ұсыныс бойынша нақты жұмыстар жүргізіліп, көп ұзамай музей ашылатынын жеткізді.
Жасұлан СЕЙІЛХАН,
Жамбыл облысы