ЕСІК ПЕН ТӨР

Киiз үйдiң есiгi әдетте шығысқа қаратылады. Бұл — күннiң сәулесi үйге бiрiншi түссiн дегендi бiлдiредi. Есiкке қарама-қарсы бетте — төр. Төрдегi адам есiкке қарап отырады. Егер ол малдас құрып отырса, оның әкесi жоқ деп есептеңiз.
Төрде отырып, билiк айтқандар мемлекет билiгiне дейiн көтерiлген. Мұны Орхон-Енисей жазбасындағы «төр» сөзiнiң мемлекет мағынасында қолданылғанынан байқауға болады. Қазақта: «Едiл үйдiң — есiгi, Жайық үйдiң — жапсары, Түркiстан — ұлы төрiмiз» деген сөз бар. Бұдан не ұғамыз? Бұдан халқымыздың қасиеттi жерiн киелi киiз үйiндей қастерлейтiнiн ұғамыз.
Шыңғыс дәуiрiндегi Ақ орда, Көк орда, Алтын орда дегендердiң өзi — кеңейтiлген киiз үйдiң көшiрмесi iспеттi. Ал бүгiнгi Астанадағы Ақорда осы түсiнiктiң заңды жалғасы, халықтық мәдениеттiң бүгiнгi күнге ауысуы.
Сосын төрге қыз бала отырған. Өйткенi, қыз — қонақ. Бабалардан қалған бiр сөз — «Қыз бала — төр иесi, ұл бала — үй иесi».
Керегең кең болсын, екi босағаң тең болсын!
Босаға — екеу. Оң жақ босаға және сол жақ босаға. Сол жақ босағаға кебеже, саба, мес, күбi т.б. қойылады. Сол жақ босағаға келген дүниенi ғалымдар «құт» категориясымен белгiлейдi.
Өйткенi жоғарыдағы аталған ыдыстарға айран, iркiт, қымыз, шұбат т.б. құйылады. Демек сол жақ босаға — әйелдiң символы. Дәл осындай түсiнiк әлемнiң бiрқатар елдерiнде де бар.
Ал қазақ шұңғыл ыдысты да әйелдiң символы ретiнде бағалайды. «Аяғын көрiп, асын iш, анасын көрiп, қызын ал» деген мақалдағы «аяқ» осындай мағынасы үшiн де мақалға енген.
Сол босағадан кiрген дүние сыртқа шықпайды, қапқа түседi. Қазақ мұны «қапқа түскен — қатындыкi» деп бiр-ақ қайырады.
Ал оң босаға — еркектiң символы.
Оң жаққа ер-тұрман, ат әбзелдерi, бүркiт т.б. қойылады. Қатты жауын-шашында малдың жас төлiн де оң босағаға кiргiзетiн болған. Оң жақ — аралық меже. Босаға аттап келген келiндi оң жақта қарсы алады.
Аяғына «биязы болсын» деп ақсарбастың терiсiн төсейдi. Босағаны пәк болып аттаған бойжеткен аралық межеден өтiп, жанұялық өмiрiн бастайды. Үйленген соң, төсек-орнымен сол жаққа өтедi.
Қайтыс болған адамды да қазақ ақ киiзге жатқызып, оң жақтан шығарады. Демек оң жақ бiр әлеуметтiк сатыдан екiншi әлеуметтiк сатыға немесе бiр әлеммен екiншi әлемге өткiзетiн көпiр iспеттес.
Олай болса, «Керегең кең болсын, екi босағаң тең болсын!» деген тiлектiң кейiнгi жолдарында әке-шешең аман болсын деген астар жатыр..………