АҚТӨБЕДЕ БАТЫРЛАР БАҒЫ МЕН БАБЫН СЫНАДЫ

Ақтөбе қаласындағы «Жекпе-жек» күрес сарайында «Batyrs’ Battle» спорттық сайысы өтті. Қазақстандық спортшылар одағы ұйымдастырған шара «Сәтті Жұлдыз» АҚ және «Sportqory» қаржылық қолдауымен жүзеге асты.

«Batyrs’ Battle», яғни «Батырлар шайқасы» — Гиннестің рекордтар кітабына енген күштік спорт бойынша әлемнің төрт дүркін чемпионы Сергей Цырюлниковтың жобасы.

Күштілер сайысы биіктікке қап көтеру, бөрене көтеру, тас көтеру, металдан жасалған шыбық майыстыру, белдесу секілді турлардан тұрды.

 

 

Алып күштің иесі атану үшін 8 атлет бақ сынасты. Әлемдік хал-ахуалға байланысты шараға тек қатысушылардың өздері ғана келді. Спорттық шараны тамашалауға арнайы барған Ақтөбе қаласы әкімі Асхат Шахаров спортшыларға сәттілік тіледі.

«Batyrs’ Battle» жеңімпаз белдігін гір көтеру спортынан әлем чемпионатының жүлдегері, масрестлинг бойынша Азия чемпионатының қола жүлдегері Сергей Гончаров иеленді. Сайыстың өзге қатысушыларына медаль мен алғыс хаттар таратылды. Дмитрий Емельянов екінші, Төлеген Әлжанов үшінші орынды иеленді.

Жарыстың финалы 16 тамыз күні Нұр-Сұлтан қаласында өтпек. Оған 4 қаладан баратын 32 батыр қатысады. Ақтөбе облысының намысын Сергей Гончаров пен Дмитрий Емельянов қорғамақ.

Батырлар сайысын тамашалауға арнайы келген олимпиада чемпионы Илья Ильин мұндай сайыстарды жиі ұйымдастырып тұру қажеттігін айтты.