АҚТӨБЕДЕ 90-НАН АСТАМ МҰҒАЛІМ КӘСІПКЕРЛІК НЕГІЗДЕРІН ОҚЫТУ КУРСТАРЫНАН ӨТЕДІ

Ақтөбеде жалпы білім беру мектептері мұғалімдерінің біліктілігін арттыру бойынша «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» пәні бойынша оқу курсы басталды. Оқу курсынан өткен мұғалімдер облыстағы 74 мектепте осы пәннен дәріс оқитын болады.

— Тренинг үш кезең бойынша өтеді — 7-23 шілде, 11-27 тамыз және 27 қазан-12 қараша аралығында. Әр кезеңде 20-38 мұғалім оқиды. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының жоғары білікті және тәжірибелі бизнес-тренерлері онлайн режимінде сабақ өткізеді. Екі аптаға созылатын курсты аяқтағаннан кейін тыңдаушыларға сертификаттар беріледі. Мұғалімдер 10-11 сынып оқушыларына арналған «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» пәні бойынша оқу бағдарламасында қарастырылған материалдарды практикада қолдануға үйренеді. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жобалық тобының қызметкерлері осы жылдың соңына дейін мұғалімдерге ақпараттық-әдістемелік қолдау көрсетеді, — деді Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасының адам капиталын дамыту бөлімінің сарапшысы Азамат Бурумбаев.

«Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» пәні бойынша педагогикалық кадрларды қайта даярлауға арналған білім беру бағдарламасы республикадағы жалпы білім беретін мектептердің 1500 мұғаліміне арналған. Курс ұзақтығы — 108 академиялық сағат.

2018 жылы бұл пән пилоттық режимде республиканың 17 мектебінде оқытылған болатын. Сол жылы «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» пәні элективті пән ретінде Ақтөбе қаласындағы №20 мектеп-гимназияда енгізілді.

Азамат Бурумбаевтың айтуынша, 2019 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Ақтөбе облысында 150-ге жуық мектеп, 204 мұғалім және 8,5 мыңнан астам оқушылар осы оқумен қамтылған.

 

М.ТАБЫН,

Ақтөбе облысы.