АҚТӨБЕДЕ БЕЙНЕКАМЕРАЛАР АРҚЫЛЫ 112 ҚЫЛМЫС АШЫЛДЫ

Ақтөбе облысы ПД Жедел басқару орталығының бейнебақылау камераларының арқасында жыл басынан бері 112 қылмыс ізін суытпай ашылды. Бұл туралы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Цифрлық технологиялардың көмегімен тәртіп сақшылары жол қозғалысы ережелерін бұзушыларды да анықтайды. Бейнебақылау камералары Ақтөбе қаласының адам көп жүретін аумақтарында ғана емес, шағын аудандардың аулаларында да орнатылған. Сандық технологиялар қылмыстың ашылуын айтарлықтай арттырады. Операторлардың міндеті – полиция патруліне уақытылы хабардар ету.

Қала бойынша барлығы 208 бейнебақылау камерасы іске қосылған. Олардың арқасында жол ережелерін бұзушыларды ғана емес, сонымен қатар автомобильдегі жалған нөмірді де байқауға болады.

Сонымен қатар, жыл басынан бері түрлі бейнебақылау камераларының көмегімен 13709-дан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.

— Мысалы, ағымдағы жылдың 23 шілдесі күні кешке полиция қызметкерлері бейнебақылау камераларының көмегімен белгісіз ер адамның зорлық-зомбылық көрсетіп, электрондық темекіні ашық түрде ұрлап кеткенін анықтады. Санаулы минуттарда оқиға орнына патрульдік полиция тобы жіберіліп, қаскүнем ұсталды. Полицияның жедел-қызметтік қызметі облыс аумағындағы көшелерде және басқа да қоғамдық орындарда қылмыс жасауға қарсы іс-қимыл жасауға белсенді ықпал етеді, — дейді ПД өкілдері.