Баспасөз баяны неге орысша сөйлейді?

Жалған айтқаным емес, Қарағанды облысын қазақша сөйлетемін деп, 26 жыл бойы баспасөз саласында мемлекеттік тіл мәселесі жайында қалам тартып келемін. Сең қозғалған. Оң өзгерістер жоқ емес. Бұл жолғы олқылық халықта емес, баспасөз қызметінде, қалам ұстап жүрген баспасөз хатшыларында. Бір ғажабы, баспасөз хатшылары бір парақ беттік баспасөз баянын мемлекеттік тілде жазғысы келмейді немесе жаза алмайды.

Өзім қызмет ететін облыстық «Орталық Қазақстан» газетіне күні бүгінге дейін кейбір мекемелер баспасөз баянын орыс тілінде жібереді. 85 жылдық тарихы бар газет қазақ тілінде шығатынын жергілікті оқырманның бәрі жақсы біледі. Баспасөз хабарламасы қазақ тілінде жазылса, онда не жазылғанын оқып, түсініп көр. Амалсыздан орыс тілінде жазылған ақпаратқа жүгінесің. Бұл жайтты облыстағы, қаладағы газет-журнал, телеарналар да бастан кешіп отыр. Шыдамның да шегі бар. Мемлекеттік тілге деген немқұрайлылық БАҚ-та қызмет ететін қазақ журналистерінің намысына тиді.

Көмірлі қаламыздағы Жайық Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасында «Баспасөз қызметі және мемлекеттік тіл» тақырыбында қазақ журналистерінің басқосуы болып, осы мәселені ортаға салды. Маңызды шараны қарағандылық қазақтілді журналистер, «Қазақстан — 2050» жалпыұлттық қозғалысының Қарағанды облыстық азаматтық кеңесі, Жайық Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы ұйымдастырды. Дөңгелек үстелде облыс әкімдігінен бастап, бірқатар мекеме, ұйымдардың баспасөз хатшылары баспасөз баянын мемлекеттік тілде дайындамайтыны, журналистерге қазақ тілінде сұхбат бере алмайтын мемлекеттік қызметкерлер мәселесі арқау болды. Туған тілге жанашыр журналистер ащы шындықты ашық айтты. Енді солардың сөзіне кезек берелік.

Сағат Батырханова, облыстағы белді «Қазақстан-Қарағанды » телеарнасындағы Қазақ редакциясының редакторы:

— Қарағанды қаласының әкімі Н. Әубәкіров қазақша білмейді. Қала әкімінің идеология жөніндегі орынбасары И. Любарская қазақша білмейді. Айналып келгенде, қазақ журналистері зардап шегеді. 1990 жылдары Президенттен бастап, әкімге, кез келген сала басшыларына халықты толғандырған қажетті сұрағымызды қоятынбыз, қолмақол жауап беретін. Қазір арнамыздағы журналистерге «әкімдерге неге тиісті сұрақты қоймадыңдар?» десек, «әр мекеменің баспасөз хатшылары бар, олар оққағары сияқты, өз басшыларының маңайына жолатпайды» дейді.

Ләззат Қожахметова, республикалық «Айқын» газетінің Қарағанды облысындағы меншікті тілшісі, ҚарМУ-дің журналистика факультетінің аға ұстазы:

39547fa70ac8f99431b0776366e3e3cf_XL— Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібековке облыс әкімдігінен бастап, мемлекеттік мекемелер баспасөз баяндарын таратпайтынын құлаққағыс еттім. Одан кейін ішкі саясат баспасөз қызметкерлерін жинап, бір жиналыс өткізеді деп ойлағанмын. Алайда ешқандай нәтиже көріп отырғанымыз жоқ. Бұл жағдай «Facebook»-те көтеріліп, үлкен даулы мәселе қозғалды. Бірақ әлі сол күйінде қалып келеді. Аймақ басшысы неге әлеуметтік желілерде аккаунттарын ашпайды? Неге әлеуметтік желіде журналистердің, көпшіліктің сұрақтарына жауап бермейді? Осыдан барып, облыс әкімі тек орыстілді журналистерді қолдайды, қазақтілді ақпарат құралдарына көңіл бөлмейді деген ой туындайды. Мемлекеттік тілде ақпарат берілмеген соң, қазақтілді журналистер баяу қозғалады, осал деген әңгімелер өрбиді. Мен өзіме ақпарат қазақ тілінде келмесе, оны аударып бермеймін. Мекемелер басылымға ақпараттарын беруге мүдделі болса, қазақша берсін. Енді, ішкі саясат баспасөз хатшыларын жинап, осы мәселелерді талқыласа деген ұсынысым бар.

Гүлім Оразбаева, Қарағанды облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы:

—Қазақ журналистерінің өздері баспасөз хатшыларымен қоян-қолтық араласып кетпейді. Мен де орыс тілінде баспасөз баянын дайындайтындардың бірімін. Басында баспасөз хабарламаларын қазақша дайындап жүрдім. Кейін, қазақ журналистерінен хабар болмаған соң, орыс тілінде жазатын болдым. Ал қандай мекемеде болсын, қазақша сөйлейтін спикер болмайды дегенге өз басым сенбеймін. Әрбір мекемеде қазақша білетін мамандар болады. Мүмкін, мемлекеттік тілді жақсы білмеуі мүмкін. Дегенмен, баспасөз хатшылары спикерге көмектесіп, қазақша сөйлету керек. Қазақтілді журналистер қазақ тілінде ақпаратты нақтылауда белсенділік танытпайды. Аслан Иса, «Бірінші Қарағанды» телеарнасы директорының орынбасары: — Облыс әкімдігінің қазақ тіліне немқұрайды қарауы — атқарушы биліктің қазақ тіліне деген немқұрайдылығы. Қазақ тіліне деген талап жоқ, тәртіп жоқ. Соның нәтижесі осындай даулы мәселеге әкеліп отыр. Облыс әкімінің жанында БАҚ-тың жұмысын үйлестіру кеңесі де жұмыс істеу керек. Ол кеңес қайда қарап отыр? Ешкімнің тіліне, діліне қарсы шығып отырған жоқпыз. Көтерілген мәселелерді, журналистердің назын жоғарыдағы азаматтар ескереді деп ойлаймын. Облыс, қала әкімдігінен барлық қазақтілді журналистер осыны талап етеміз!

Нұрлан Әбжанов, «Қазақстан — 2050» жалпыұлттық қозғалысы, Қарағанды облыстық азаматтық кеңесінің үйлестірушісі:

— Қазіргі таңда қазақ тілінде ақпарат алу — орыстілді аймақтардағы ең күйіп тұрған мәселенің бірі. Қарағандыда баспасөз баяндарының мемлекеттік тілде журналистерге берілмеуі ішкі саясаттың және облыс әкімдігіндегі баспасөз ісін реттеп отыратын мамандардың жауапсыздығынан туындап отыр. Егер сол мамандар барлық мекеменің баспасөз хатшыларын қадағалап отырса, бұл іс осынша ушығып кетпес еді. Бұған дейін де әуелі қазақ тілінде, одан кейін орыс тілінде баспасөз хабарламалары дайындалып келген. Егер сол дәстүр жалғасатын болса, ешқандай қиындық жоқ. Жалпы, баспасөз парағы бір-ақ тілде, яғни қазақ тілінде ғана дайындалып, өзге тілдерге аударылу қажет.

Дулат Аманжол, Қарағанды облыстық баспасөз қызметінің маманы:

— Әлеуметтік желіде қазақ тілінде ақпарат тарату жайында мәселелер қозғалған. Оған журналистер де өз пікірлерін білдірді. Елімізде, аймағымызда болып жатқан жаңалықтарды, ақпарат құралдарында көтерілген, әлеуметтік желілерде де қызу талқыланып жатқан мәселелерді де облыс әкіміне жеткізіп отырамыз. Ал баспасөз парағын мемлекеттік тілде маусым айынан бастап таратып, кеткен кемшіліктерімізді түзетеміз деп айта аламын. Бүгінгі талқыланған мәселе бойынша хаттама алынады. Біз облыстық баспасөз қызметі және басқа да баспасөз хатшыларына баспасөз баяндарын қазақша дайындауға, тиісті мамандарға қазақша сұхбат беруді міндеттеуге бүгіннен бастап кірісеміз. Егер журналистерден қашып, сұхбат беруден бас тартқан мемлекеттік қызметкерлер болса, облыс әкімдігінің сайты жанынан ашылған блогқа шағым түсіруге болады.

Баспасөз парақтарын үнемі орыс тілінде жіберетін органдар: Қарағанды облыстық әкімдігі, облыстық сот, қалалық мәслихат, ішкі саясат басқармасы, «Нұр Отан» партиясы ҚОФ, Мемлекеттік кіріс департаменті, «Қарағанды Су» ЖШС, «Қарағанды Жарық» ЖШС, «Қарағанды Жылу Энергия Орталығы» ЖШС, «Қазақмыс» корпорациясы, «Арселор Миттал Теміртау» АҚ, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы, облыстық Іскер әйелдер қауымдастығы және тағы басқалары. Көпшілігінің сайттарында қазақтілді ақпарат жоқ.

Басқосуда мынадай ұсыныс айтылды: біріншіден, салалық журналистиканы дамыту бойынша, (құқық қорғау, жаңа технология, экономика) басқарма, мекемелер қазақ тілінде семинар-тренингтер ұйымдастырса. Екіншіден, бүгінгі таңдағы елімізде болып жатқан оқиғаларға орай, Қарағандыда қазақтілді журналистердің форумы өткізілсе. Міне, осы ұсыныс қолдау тапса игі еді!

Өз басым Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің және халықаралық «Қазақстан ZAMAN» газетінің Қарағанды облысындағы меншікті тілшісі қызметі барысында қазақ тілін насихаттау мақсатында көптеген мемлекеттік мекемелерді араладық. Сонда барлық органдар «Біз мемлекеттік тілде жұмыс істейміз» деп құрақ ұшып, жасаған жұмыстарын көрсетуге тырысады. Мемлекеттік тілде жұмыс істеп жатқандардың нәтижесі қайда? Жиырма бес жыл болды, қазақ тілінің мәселесі әлі сүйретіліп келеді. Баспасөз хатшылары көбінесе қазақ тіліне шорқақ. Ақпаратты мемлекеттік тілде дұрыстап бере алмайды. Меніңше, әрбір басшы баспасөз хатшысын дұрыс таңдау қажет. Хатшы таңдамақ түгілі, кейбір басшының өзі мемлекеттік тілді біле бермейді. Ағымдағы жылы мемлекеттік тілді толық меңгермеген 3000 шенеунік бюджет қаржысына қайта оқытылмақ. Алайда билік басындағылардың қазақ тілін меңгеруі жылдан-жылға еш нәтиже бермей отыр. Бұл үкімет қаржысын желге шашқанмен бірдей.

Кезінде облыс әкімі болған Әбілғазы Құсайынов «Облыс әкімдігіне қазақша аударатын ілеспе құрылғылар орнатамыз. Сол кезде жиналыстарды мемлекеттік тілде өткіземіз» деп, БАҚ өкілдеріне жауап берген болатын. Сол сөз айтылған жерінде қалды. Қазақ журналистері басшылардың мемлекеттік тілді білмеуі — мемлекеттік тілге ғана емес, ұлтқа жасап отырған қиянат. Олар тілді білмегендіктен, ұлттың ұстанымын, дәстүрін, болмысын, қазаққа не қажет екенін түсінбейтінін ашына айтты.

Осындай мекеме басшыларының салғырттығынан болуы керек, сол күнгі дөңгелек үстелге арнайы шақырған баспасөз хатшыларының көбі қатыспады. Дөңгелек үстелде құйма құлақ болса, біраз мәселе айтылды. Қазақ журналистерінің жанайқайы құлаққа жетіп, бұл жазғанымыздан бір нәтиже шығады деген сенімдеміз. 

Жұлдыз ТОЙБЕК