Орман шаруашылығы заңдарындағы кереғарлық

Сонау өткен ғасырдың 70-80 жылдары Кеңес дәуірінде бір-біріне кереғар келетін заңдар болушы еді. Айталық, ауылдан келген азамат жұмысқа тұрайын десе, одан тіркелген мекенжайын сұрайтын, ал үй алайын десе, жұмыс істейтінін растайтын құжат сұрайтын-ды. Осылайша бір-біріне кереғар заңның салдарынан қазақ азаматтары жетім бұрышты жағалап, үй жалдап тұрса, қалталы Кавказ өңірінің тумалары басына қос-қостан үй сатып алып, оны жалдаудан қыруар пайда табатын. Солардың көпшілігі бертіндегі жекешелендіру науқаны кезінде әлгі үйлерін сатып, ақшаны қалтасына басып алып, елдеріне тайып тұрғаны бүгінгідей көз алдымызда. Қазіргі күні еліміздің ен байлығы саналатын орман шаруашылығына байланысты шыққан заңдар да осындай кереғарлық қамытынан босай алмай тұр. Оған мысалды көптеп кездестіруге болады. 

Осы жазда мен өзімнің туып-өскен жерім, Шығыс Қазақстан облысындағы Катонқарағай ауданына барып, демалып қайттым. Сонда ауылдастарым қазіргі көріп отырған қиыншылықтарын айтып, көз жастарын көл етті. Сөйтсек, орман шаруашылығына байланысты шыққан қазіргі заңға сәйкес, ауыл іргесіне тиіп тұрған орманға жай демалу үшін барғаныңның өзі заңбұзушылық болып саналады екен. Ал егер сен ағаш дайындаушы болсаң, сенің әрбір қадамыңа Қылмыстық Кодекс пен Әкімшілік баптың жазасы алдын ала дайын тұратын болып шықты. Осыларды жыр қылып айтқан ауылдағы құрдасым Ербол: «Бүгіндері аудан мен ауылда орман ағаштарынан орманшылардың саны көп. Олар қит етсе, алдыңа заңды тосып, айыппұл салуға ұмтылады. Мойныңа кінәңді қиып салып бере алмаса да, ағашты билетсіз жықтың деген желеуді алға тартады. Мұнымен келіспей, іс сотқа дейін барса, сот сені емес, әлгі орманшының сөзін растап шығады, өйткені, заңгердің пайымдауынша, олар мемлекет қазынасын қорғап-сақтаушылар да, сен заңбұзушысың. Осыдан кейін заңға қалай сенім арта аласың?» — деп кейістік білдірді.

Аталған мәселеге қатысты сарапшылардың өздері: «Қазіргі қолданыстағы нормалар мен ережелер коррупция өркендетуге әдейі ойлап шығарылғандай әсер етеді. Себебі заңның кейбір шектеулері мен тыйымдары деңгейі жөнінен миға қонбайтындай шектен асып кетеді», — деп мойындап отыр. Атын атамауды өтінген тағы бір орманшы досым: «Заңда 500 метрлік суды қорғау аумағы белгіленген. Былай қарасаң, ғылыми тұрғыдан негізді сияқты көрінері анық. Бірақ біздің Алтай өңірінде аттап қадам басқан сайын тұма иә бұлаққа немесе шағын өзенге тап боласың. Сондықтан мұндай аймақта жүргізген кез келген шаруашылық іс-әрекет Орман заңына сәйкес, тыйым салуға жатады. Соның салдарынан ауыл тұрғындары отын дайындап, малдарын баға алмайды, фермаларын ұстауға, марал бағуға мүмкіндігі жоқ. Әлгі орман кесуге рұқсат етілген алаңқай мен марал сатылары облыстың бірқатар аудандарындағы ластанған өзендермен салыстыруға келмейді. Шынын айтсақ, заң нормалары аймақтың ерекшелігін ескерместен енгізілген. Заңда бұдан басқа да кемшіліктер толып жатыр. Солардың бірі — жер қыртысын минералдауға қойылған талап. Ағаш кесу ережесінде минералдау екі өзен аралығындағы жерді есептегенде 15 пайыздан аспауы керек деп жазылған. Ал келесі орманды қалпына келтіру ережесі атты құжатта ол 33 пайыздан кем болмауы қажет деп көрсетілген.

Орманды пайдаланушы қандай қадам жасаса да, заңды белінен басқандығы не орындамағаны үшін жазаға ілігеді. Осы тұрғыдан алсақ, аталған заң коррупцияның жылыжайы десе болғандай», — дейді. Осы салаға қатысты қ ұ р ы л ғ а н Республикалық комитетке орман шаруашылығы мен жануарлар әлеміне жыл сайын ормандық қорды бекіту құқығы берілген. Орман құрылысы материалдарында рұқсат етілген ағаш кесу көлемі мен түрі алдағы 10 жылға жазылып, әр жылға жоспарланған, құжатты жергілікті жерде өзгертуге болмайды. Сөйте тұра комитеттің әр жыл сайын соған өзінен рұқсат алуға міндеттеуі түсініксіз. Территориялық орман шаруашылығы мен жануарлар әлемі инспекциясы (комитеттің облыстық филиалы) орман шаруашылығымен келісілген тапсырысты өз білгенінше қайта жазып, онысымен хабардар етпейтін кездері жиі орын алады.

Осылайша, кәсіпкерлерді қор бойынша «келісуге» Астанаға баруға мәжбүрлейді. Ведомство осынау ашық коррупциялық сызбаның алдын баяғыда-ақ алуы керек еді, өкінішке орай, оған баруға асығар емес. Тағы бір ереже бойынша ағаш кесетін орынды (делянды) екі жылға бірден бөлу керек, екінші құжат бойынша — оған тапсырыс түскенше, ағаш кесетін жерді белгілеуге болмайды. Егер орманшы 2016 жылы ондай орынды бөлуді 2018 жылға жасаса, территориялық инспекция оны ағаш кесу орнын бөлу ережесі мен орман алаңы таксациясын бұзғаны үшін жазаға тартады. Олай істемесе, басты пайдаланудағы орманды кесуге орын бөлгендігі үшін жазалайды. Өзен тасыған кезде су жырып, тамырымен қопарылған ағаштар жағаға шығып қалады. Бұрындары тұрғындар оларды еш кедергісіз алып, отын ретінде пайдаланатын. Қазір ондай ағаштар қаптап жатса да, біріне қол тигізуге рұқсат етілмейді. Оны орманшылардың белгі салып, рұқсат етуінен кейін ғана алуға болады. Ал әлгіндей су ағызып әкелген салындыларды алуың үшін, орман шаруашылығына бір жыл бұрын өтініш беруге тиіссің. Ол үшін ауданға барып, бірнеше құзырлы органдардың есігін ашып, табалдырық тоздыруың керек. Ол салынды келер жылы қай жерден, қашан ағып келетінін тұрғындар бал ашып біле ме?

Жоғарыда отырғандардың мұны нендей талапқа жатқызатындықтарын біле алмай дал болдық. Қураған ағаштарға қатысты қойылған талаптарда да осындай келеңсіздіктер жетіп артылады. Мысалы, орман билетінде «ағаш дайындаушы қиылған қалдықтарды біркелкі етіп, жан-жаққа шашып тастауы керек» деп жазылған. Егер ағаш дайындаушы делянда бірнеше қураған ағашты қалдырса, теринспекция оған орынды тазаламадың деп айыппұл салады. Ал сол деляннан екі-үш қадам жерде ондай қураған ағаштар толып тұрса да, ол есепке алынбайды. Ал БҰҰ кеңесі бойынша, орманда біраз қураған ағашты қалдыру керек, өйткені олар құстар мен жәндіктер үшін азық-түлік базасы болып табылады. Соған қарамастан, егер инспектор деляннан жалғыз тал қу ағашты тапса, барлығын жазалайды, оның ішінде орманды пайдаланушы да, орман шаруашылығының директоры да, орманшы да, бәрі кетеді. Осыдан келіп қарапайым адамда: «Ешкімге түсініксіз мұндай талаптардың кімге қажеті бар? Әлде бұл орманшы мен кәсіпкердің жүйкесін жұқарту үшін шығарылған ба?» — деген заңды сұрақ туындары кәміл. Сіздер қалай ойлайсыздар, оқырман қауым?

Ермек САХАРИЕВ