АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНДА ЗАҢСЫЗ АЙНАЛЫМНАН 100-ДЕН АСТАМ ҚАРУ ТӘРКІЛЕНДІ

Ел аумағында азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондары айналымына тиісінше бақылауды қамтамасыз ету мәселесі өте өзекті. Ақтбе облыстық ПД Әкімшілік полиция басқармасы азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарының айналымын бақылауды қатаңдату, сондай-ақ иелерінің оның сақталуын қамтамасыз етуге қатысты бірқатар шаралар өткізіп келеді.

Жыл басынан бергі 7 ай ішінде заңсыз айналымнан 107 бірлік қару алынды (оның ішінде ойық – 3, тегіс ұңғылы – 93, газ травматикалық – 6, газды – 4, пневматикалық – 1). Сонымен қатар азаматтық және қызметтік қару айналымы ережелерін бұзғаны үшін 786 азамат, оның ішінде қаруды заңсыз сақтағаны үшін 86, қаруды сақтау және алып жүру ережелерін бұзғаны үшін 439 және қаруды тіркеу ережелерін бұзғаны үшін 261 азамат жауапкершілікке тартылды.

 

 

Рұқсат беру жүйесінің қолданылу аясына жататын субъектілерді бақылаудың тиімді әдістерінің бірі — тексерулер жүргізу. Осындай тексеру барысында 27 субъектіде ұйым қызметкерлерінің қызметтік қаруды сақтау және есепке алу қағидаларын бұзғаны анықталды, соның нәтижесінде осы ұйымдар ҚР ӘҚБтК-нің 484, 486-баптары бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды және заңдылықты бұзушылықтарды жою туралы актілер жасалды.

Бұған қоса ҚР ІІМ бұйрығымен бекітілген Азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарының, азаматтық пиротехникалық заттар мен олар қолданылып жасалған бұйымдардың айналымы саласында мемлекеттік қызметтер көрсету қағидаларына сәйкес жыл басынан бергі жеті айда облыс ПД мен оның аумақтық бөлімшелерінің қызметтік және азаматтық қару айналымы саласында заңды және жеке тұлғаларға 2863 рұқсат беру құжаттары берілді.